«Музей түні» тарихи танымды қалыптастырады

Жуырда «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы» РМҚК-і дәстүрлі «Музей түні» акциясы аясында «Отырар: өткенге саяхат түні» деген атпен мәдени іс-шара өткізді.

Іс-шараның салтанатты ашылуына Отырар ауданы әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов, аудандық мәслихаттың төрағасы Уәлихан Ұзақов, аталмыш музейдің директоры Айбек Жандосов қатысып, тарихи құндылықтарды насихаттаудың маңыздылығын атап өтті.
Іс-шара барысында музей ардагерлері мен қызметкерлері мекеме басшылығы, «AMANAT» партиясы мен аудан әкімі тарапынан арнайы сыйлықтармен, Алғыс хаттармен марапатталды. Бұл – сала мамандарының мәдени мұраға қосқан үлесіне, олардың еңбегіне деген жоғары құрметтің белгісі еді.
Халықтың музейге қызығушылығын ояту, тарихи-мәдени мұраларды кеңінен насихаттау, сондай-ақ ұлттық рух пен патриоттық сана-сезімді нығайтуды мақсат еткен іс-шара барысында көрме, экскурсия мен танымдық викториналар ұйымдастырылды. Ол көне дәуірлер мен жәдігерлердің тарихи мәнін кеңінен ашуға, жас ұрпақты өз тарихын тануға ұмтылдырып, зияткерлік әлеуетін дамытуға ықпал етті. Сондай-ақ, бұл күні музейге келушілерге ұлттық болмыс пен тарихи мұра тақырыбындағы тәрбиелік мәні зор деректі фильмдер көрсетілді. Сонымен қатар алтыбақан, ләңгі, гір тасын көтеру, қолкүрес, ұршық иіру сынды дәстүрлі ойындар арқылы қазақ халқының мәдени құндылықтары насихатталды.
«Музей түні» – бұл бір күндік қана мәдени іс-шара емес, ол тарих пен бүгіннің, өткен мен келешектің арасын жалғайтын рухани алтын көпір қызметін атқарады. Мұндай бағдарламалар іс-шараға қатысушылардың ұлттық мұраға деген құрметін тереңдетіп, туған жерге деген сүйіспеншілігін оятады, тарихи танымын қалыптастырады. 

Нұрсәуле ӘЛЕЙДАРҚЫЗЫ,
«Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы» РМҚК-нің баспасөз хатшысы.
Пікір қалдырыңыз