Ақ теңiз бен Алтай таулары арасындағы халықтың басы қосылған күн

  Киелi Түркiстан төрiнде «Түркiстан – Түркi әлемiнiң мәдени астанасы» жобасының ашылу салтанаты мен Түркi әлемiнiң әз-Наурыз мерекесiне арналған «Наурызнама» iс-шарасы өттi. Төрткүл дүниенiң әр қиырын жайлап, шет қонған түркiтiлдес халықтар өкiлдерiнiң басы Түркiстан төрiнде тоқайласты. Дүбiрлi думанға жиырма үш мемлекеттен ат арытып келген үш жүзге тарта қонақ, яғни 25 ұлттың өкiлi, жалпы саны 10 мыңға жуық адам қатысты. Сондай-ақ, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейiнов, ҚР Мәдениет және спорт министрi Арыстанбек Мұхамедиұлы, әр елдiң жоғары лауазымды ресми өкiлдерi де осы күнi Түркiстан төрiнен табылды. Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Жансейiт Түймебаев iс-шараға жиналған көпшiлiктi Түркiстанның Түркi әлемiнiң мәдени астанасы атануымен құттықтап, үлкен жауапкершiлiк жүктегелi отырған осынау абыройлы мiндеттi ынтымақпен бiрлесе атқаруға шақырды.

 

Меймандар алдымен Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен оның айналасына жерленген қазақ хандары, абыз-әулиелері, билері мен батырларына арналған пантеонға зиярат жасады. Түркістан тарихи музейін аралап, сан ғасырлардың куәгері – көне жәдігерлермен танысты.

Осынау тарихи шара аясында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ҚР Президенті Н.Назарбаевтың арнайы құттықтауын оқып берді.

Құттықтау хатта:«Баршаңызды түркі халықтарының қасиетті қара шаңырағы саналатын Түркістан қаласының түркі әлемінің 2017 жылғы мәдени астанасы болып жариялануымен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл тарихи шешім – түркітілдес мемлекеттердің, ТҮРКСОЙ ұйымының елімізге деген құрметі мен Қазақстанның халықаралық аренадағы зор абырой-беделінің тағы бір жарқын көрінісі.

Түркістан орта ғасырлардан бастап түркі тілдес халықтардың маңызды рухани орталығы болып келеді. Ұлан-ғайыр Еуразия өңірінің мұсылмандары Қожа Ахмет Яссауи кесенесін Орталық Азия мен Қазақстандағы ең қастерлі орын ретінде кие тұтып, тәу етуді дәстүрге айналдырғанына тарих куә.

Үш ғасырдай Қазақ хандығының астанасы болып, халқымыздың көптеген игі жақсылары жерленген бұл қала әрдайым киелі мекен болып қала бермек.

Осы айтулы оқиғаны мазмұнды етіп өткізу мақ­са­тымен Түркістанда жыл бойы халықаралық конферен­циялар мен жиындар, фестивальдар мен көрмелер ұйымдастырылатын болады. Бұл шаралар түркі халықтарының достығы мен бірлігін одан әрі нығайтып, тарихымызды қастерлеуге, тәуелсіз еліміздің рухани тұрғыдан кемелденіп, қаланың туристік орталық ретінде таныла түсуіне игі ықпал ететіні сөзсіз.

Бүгінде барша түркі халықтары ежелгі ер түріктің рухын жаңғыртып, қайта асқақтату мақсатында ортақ мәдениеті мен салт-дәстүрлерін сақтап, дамытып, оларды келер ұрпаққа жеткізу ісіне барынша белсене атсалысулары қажет.

Баршаңызды бабалар рухы қолдасын! Жылдың мазмұнды да тағылымды өтуіне тілектеспін», делінген.

Бұдан кейін сенатор Қуаныш Айтаханов Сенат төрағасы Қасымжомарт Тоқаевтың жылы лебізін жеткізді.

ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов құттықтау сөз сөйлеп, шетелдік және қазақстандық 15 үздік журналиске ұйымның «Баспасөз сыйлығын» табыс етті.

Мерекелік думанды Оңтүстік өңірінен 1500-ге жуық өнерпаз бен түркі тілдес мемлекеттерден келген өнер ұжымдары қыздырды. Бес жүзге жуық биші «Күн мен Түннің теңелуі», «Табиғаттың оянуы» атты театрландырылған сазды-хорео­гра­фиялық қойылымын көрсетті. «Наурыз-думан» театр­ландырылған сазды-хореографиялық қойылы­мында ұлттық киімдегі жеті жаршы жігіт «Наурыз келді!» деп сүйінші сұрағанда шашу шашылып, үлкен шаңырақ пен алты бірдей киіз үйдің дүр етіп бой түзеп, көтерілуі де өзіндік тамашасымен есте қалды. Бұдан соң «Оңтүстік-цирктің» ат жалында ойнайтын өнерпаздары Ұлы Даланың нағыз жігіттері қандай болатынын көрсетті.

Салтанатты жиында түркітіл­дес мемлекеттердің әлем халқын бірлікке, достық­қа, бейбітшілікке шақырған Үндеуі қабылданды.

 

Этноауылдағы наурыз-думан

Бұдан соң Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы аталып өтті. Наурыз-думанға орай Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңында этноауыл құрылып, ұлттық нақышта безендірілген он екі қанатты 33 киіз үй тігілді. Онда жайылған дастарқандар халқымыздың кең пейілі мен дарқан көңілін танытып, ұлттық тағамдарымыз – қазы-қарта, жал-жая, қымыз, шұбат, наурыз көже, құрт, қауынқұрт, ірімшік, сірне, қаймақ, балқаймақ, бауырсақ, ши бауырсақ, жент, майсөк секілді сан алуан жеңсік асқа қайысып тұрды. Осынау мерекеде 1 тоннадан астам палау басылып, 1500 литр наурыз көже таратылды.

Мерекеге жиналған көпшілік ежелгі қазақ ауылында халқымыздың салт-дәстүрін дәріптейтін түрлі шаралар мен ұлттық спорт ойындарынан өткен сайыстарды тамашалады. Мәртебелі меймандар әдеп-ғұрып және салт-дәстүр орталығының қызметкерлері ұйымдастырған тұсаукесер рәсіміне қатысты. Өңір басшысы Ж.Түймебаев пен ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының Бас хатшысы Д.Қасейінов, ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы түркістандық бүлдіршіннің тұсауын кесті.

 

Парасатты ойлар айтылған басқосу

Осы күні «Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жобасы аясында Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-де «Түркістан және Түркология» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция ұйымдастырылды. Түркологияның өзекті мәселелері ғылыми талқыға түскен алқалы жиынға алыс-жақын шетелдерден келген және қазақстандық 100-ден аса ғалым, қоғам және мемлекет қайраткері қатысты.

Отырысқа модераторлық еткен Жансейіт Түймебаев осынау ғылыми басқосу тілі, ділі, діні, тегі бір түркі халықтарының мәдени ықпал­дас­тығы мен өркениет бірлігін жаңғыртып, бү­гін­гі жағдайын баяндау арқылы терең тари­хы­нан сыр шертетініне сенім білдірді. – Киелі шаһар «Мәдени жыл» эстафетасын қабылдап, тарих тұғырында таңбаланар айтулы күннің куәгері болып отырмыз. Түркілік қайта өрлеу дәуірінің жемісін көрудеміз. Бұл кешегі түркілердің бірлігін аңсаған Түрік көсемі Ататүрік пен Алаштың арда ұлы Мұстафаның асқақ арманы еді. Біздің мығым бірлігіміз, тұтастығымыз – ортақ руханияттың алтын қайнары, сарқылмас ғылым бұлағы. Түркі әлемі бірлігінің бүгінгі шынайы жанашыры, «Түркі әлемінің ақсақалы» атанған Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен іске асқан түркі бірлігінің айшықты көріністерінің бірегейі бүгінгі шара деп білемін, – деді Жансейіт Түймебаев.

Алқалы жиын аясында облыс әкімі ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының басшысы Дүйсен Қасейі­нов­ке 70 жасқа толуына байланысты Елба­сы Н.Назарбаевтың Алғыс хаты мен арнайы бел­гі­сін табыстап, иығына шапан жапты. Түрк академиясының президенті Дархан Қыдырәлі Дүйсен Қасейіновті ғылыми орталықтың алтын медалімен марапаттады.

Басқосуда ғылыми конференцияның құрметті қо­нақтары Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Түркияның Мәдениет және туризм министрінің орынбасары Мұстафа Рухи Өзбилгич, ТҮРКСОЙ-дың Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, қо­ғам және мемлекет қайраткері Мырзатай Жолдасбе­ков, ақын Мұхтар Шаханов сынды бірқатар азаматтар құттықтау сөз сөйледі. Назарбаев Университетінің профессоры (Винсон-Мадисон/АҚШ) Юлай Ша­милоғлы, Мар­мара университетінің профессоры Томар Женгиз бен Ресей Ғылым Академиясының профессоры Фирдаус Хисамитдинова баяндама жасады. Ғалымдар «Түркістанның түркі тарихы мен мәдениетінде алатын орны», «Қ.А.Ясауидің түркілік ислам идеологиясын қалыптастырудағы рөлі», «Тарихи жазба деректер мен көне жәдігерлерді зерттеудің маңыздылығы» мен «Б.Кенжебайұлы және түркітанудың өзекті мәселелері» бағыттары жайын талқылап, өзара пікір алмасты.

Ғылыми жиын қорытындысы бойынша сөз алған өңір басшысы бүгінде түркі халықтары тарихын интеграциялау мәселесі өте көкейкесті мәселе екенін айтты. Осы орайда, ол Түркі халықтарының достығы мен бауырластық байланыстарын нығайтып, түркі мәдениетін әлемге танытатын халықаралық деңгейдегі конференцияның маңызы орасан зор екенін жеткізді.

«Ақ Теңізден Алтай тауларына дейінгі халықтардың басын қосу дегеніңіз ғажап нәрсе! Түрлі елдердің құрамында өмір сүріп отырған кейбір түркі халықтары жұтылып кетуге таяу. Мәселен, бүгінде чуваш тілінде жазатын бірде-бір жазушы, ән шығаратын композитор қалмаған. Гагауз халқының саны түркістандықтардың санын­дай ғана. Бұл – үлкен трагедия. Біз Түркістан университетінен сол халықтарға арнап бөлімдер ашып, олардың жойылып кетпеуі үшін ағалық көмек көрсетуге тиіспіз. Түркияда қызмет істегенімде 15 қазақ ақын-жазушысының туындыларын түрік халықтарының тілдеріне аудартып, бастырдым. Сондықтан біз түркі халықтарының түрлі сөздіктерін құрап, бастыртып беруге тиіспіз. Әр халықтың тілі, діні, ділі сақталуы тиіс. Тілі жоғалса, сол халық та жоғалады» деді өз сөзінде Жансейіт Қансейітұлы.

Айта кету керек, «Түркістан және Түркология» халықара­лық конференциясында 8 мемлекет тарапынан ұсынылған 115 ғалымның баяндамасы жинақталып, қатысушыларға таратылды. Аталған ғылыми жобалар түркі жастарының білім ордасына айналған Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде білім алатын сту­дент­терге ұсынылмақ. Конференцияда айтылған пікірлер мен ұсыныстар ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының басты мақсатында көрсетілген Түркі дүниесі халықтарының ортақ өткені мен тарихының, тілі мен әдебиетінің, мәдениеті мен өнерінің зерттеулері болашақ ұрпаққа мұра болады деген сенім бар.

 

160-тан астам өнерпаз өнер көрсетті

Түркістандағы Есім хан алаңында қазақстандық өнер жұлдыздарымен қатар Болгария, Алтай Рес­публикасы, Мажарстан, Чуваш Республикасы, Грекия, Солтүстік Кипр, Румыния, Саха-Якутия Республикасы, Молдованың Гагауз елі, Косово мен Македония, Қалмақ Республикасы және Өзбекстаннан келген 160-тан астам өнерпаз өнер көрсетіп, әннен шашу шашты. Халықаралық деңгейде өткен шараны Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның әншілері «Наурыз» әнімен ашса, Қазақстан, Татарстан Республикаларының халық әртісі Нұржамал Үсенбаева «Қазақ вальсі» әнін орындап, ғажайып кештің жалғасын шетелдік өнер майталмандарына ұсынды.

Болгариядан келген «Турксадер Родоп Эсинти­лери» ансамблі «Тракия» биін билесе, алтайлық ағайындар ұлттық әндерінен попурри орындады. Мажарстандық өнер ұжымдары да өзіндік өрнегімен көрінуге тырысты. Ондағы «Forras» ансамблі венгр халық әнін айтып, чуваштық күміс көмей әнші Вера Шуркина өз тілінде ән шырқады. Жалпы, гала-концертте оннан астам шетелдік жұлдыз Түркістан төрінде жырдан шашу шашып, бір жасап қалды.

Үмітхан АЛТАЕВА.

Пікір қалдырыңыз