Ұлы Отан соғысы жылдарындағы әдебиет тек ерлік шежіресі ғана емес...

Пернебай САПАР,
«Оңтүстік Қазақстан».

Біздің бала күнімізде ауылда бес-алты майдангер болды. Әшейінде елене бермейтін сол қариялар мереке күндері қолдан-қолға тимеуші еді. Апайларымыз кездесуге шақырып, тәтті-пәттімен шәй беріп отырып әңгіме айтқызатын. Сағи Жиенбаевтың «Майданнан келген ағайлар» деген өлеңінде айтылғандай:
«Ентелей түсіп жан-жақтан,
Көзімізді алмай, қиылып,
Соғыстан келген солдаттың
Аузына қарап үңіліп» біз отырамыз. Бірақ, қанша үңілсек те солардың аузынан «бардым да қираттым», «Бір пәшест «ойбай, Гитлер, құтқар» деп кері қашты», «Бір немісті тұмсығынан періп қап, шалқасынан түсірдім» деген лепірме сөз шықпайтын. «Күзде военкоматтан алып кетті. Түген деген қалада екі ай болдық. Сосын ұрысқа кірдік. Сендерге Құдай ол күнді көрсетпесін, шырақтарыммен» әңгімесі бітетін. Бүгінгінің балалары бір жылдық әскерден «алтынға малынып» қайтады ғой. Тіпті кейбірі әскерден келген құрметіне той жасатып, атшаптырым залда ерсілі-қарсылы «шагайттап» жүреді. Ал, қан қасаптан аман қайтқан майдангерлеріміз «пойыздан түскен соң, ауылға қарай өгіз арба шығып қалды», «Үкітасқа дейін жаяу келдім. Сол жерде Пәленшекең кездесіп қап, атына мінгестіріп алып келді» деп отыратын. Сол там-тұм әңгімесімен-ақ олар көз алдымызда соғыс пен жеңіс патшасы Арес пен Никаға айналып кететін. Кездесудің аяғы оқушылардың дайындаған өлең, тақпағымен аяқталушы еді.
Иә, қариялардың там-тұмдап айтқан әңгімелеріне құмарымыз қанбайтыны рас-ты. Бірақ, ол кездегі әдебиеттерде соғыс тақырыбындағы өлеңдер көптеп кездесетін. Ұстаздарымыз әр жылы Ұлы Жеңіс қарсаңында сол өлеңдерді жаттатып, «Жамбыл Жабаевтың «Ленинградтық өренім» деген өлеңі «жауынгерлерге қайрат беріп, жігерлендіріп, жауды талқандап, қоршауды бұзып шығуға көмектесті» деп оқытатын. Сондай кезде Жамбыл атамызды ерекше жақсы көріп:
«Қазақстан жерінен,
Тұтанғандай ел кегі,
Жолды кернеп қол кетті
Сендерге дем бергелі» деген шумақтарын аса ынтызарлықпен оқып, құдды бір арасында өзіміз кетіп бара жатқандай сезінетінбіз. Әрине, біздің арамызда да иісалмастар болды. Өлең жаттамақ түгілі әдебиеттің бетін ашпағандар, тіпті кітап көрсе арқасы құрысып қалатындар да бар еді. Бірақ, солардың өзі Әбу Сәрсенбаевтың:
«Сен құрметте оны!
Түсіндің, бе, қарағым?
Ол ақшаға сатқан жоқ,
Тізеден кесіп аяғын» деген өлеңінен хабардар болатын. Солардың өзі ауылдағы санаулы ғана ақсақ шалдардың аяқтары қайда қалғанын біліп жүретін, әрі құрметтейтін.  Комсомол әпшелеріміз Сырбай Мәуленовтің «Соғыстан қайтқан солдаттарын» оқығанда, 
«Жаутаңдап қарап дала тұр,
Көз жасын сүртіп жаңа бір.
Хабарсыз ұлын сұрауға,
Жолыңды тосып ана жүр» деген шумағына үлкендер көздерін сулап отыратын.  Шешелерімізден жасырып, Қасым Аманжоловтың «Дариға, сол қызын» жаттап: 
«Жеңдік қой жауды, арман не, құрбым!
Күркіреп күндей өтті ғой соғыс.
Келемін қайтып, өлеңімді айтып…
Қайда екен, қайда, дариға, сол қыз!» деп қиялға беріліп жүруші еді. Дәл осы өлеңді тығылып оқитын жөндері де жоқ, дегенмен, сол кездегі тәрбие солай болғаны рас. Кейбір апаларымыз естіп қалса «кімің келе жатыр?» деп тергеуге алудан тайынбайтын-ды. Бәкір Тәжібаевтың сөзіне жазылған, Роза Рымбаеваның орындауындағы «Әлия» әнін оқушылардың үлкені де, кішісі де жатқа білетін, хормен шырқалатын еді.
Жуырда әлдебір жиында бес-алты ағайынның басы қосылып қалды. Теледидарда Таңат Мамырханның орындауындағы Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Қайран жеңгем» әні орындалып жатты. Таңаттың даусы зілдей ерекше ғой, күңіреніп айтқанда үні сүйегіңді сырқыратып жібереді. Мұңлы әуенге елтіп, тынышталып қалған екенбіз, бір інішек «сонда ана әйелдің күйеуі милицияда істеген ғой, ия? Аяғыңа киіп ап, саптама етік деп тұр ғой» дегені. Онысымен тоқтамай, «Жеңгесіне ғашық біреу жазған ғой мына өлеңді» деп масқара қылды. 
Әрине, інішекті жазғыруға да, жазалауға да болар еді. Бірақ, мәселенің түбіріне үңілсек, кінәлі тіпті де ол емес, өзіміз екенбіз. Әсілінде кейінгі ұрпақ «әдебиеттің тәрбиесін» алмай өсті. Бұрындары соғыс тақырыбына арналған жырлар кез-келген сыныптың оқулығынан табылатын. Ондай жырларды Қарттар күні мен Жеңіс күні мерекесі қарсаңында ғана емес, кітабыңды парақтаған сайын көретінсің. Көрген сайын көз жүгіртіп шығасың. Көзің түскен соң, оқитының рас қой, әр оқығаның көңілге тоқылады екен. Қала берді, кітаптары кейіндеу қолымызға түскен, майданға қатысып, барлық зұлматты басынан кешірген Т.Жароков, Ж.Молдағалиев, Қ.Аманжолов, М.Әлімбаев, Ө.Қанахин,  Ж.Саин, Ж.Жұмаханов, Ғ.Орманов, Ә.Сәрсенбаев, Д.Әбілев, А.Жұмағалиев, Қ.Әбдіқадыров, Қ.Бекхожин, С.Омаров, С.Мәуленов, Х.Ерғалиев, С.Сейітов  секілді ақындардың өлеңдерінен оқ-дәрінің исі шығып тұратындай болатын. Қ.Қайсенов, Б.Момышұлы, Т.Ахтанов, Ә.Нұршайықовтардың шығармалары қолдан түскен емес. Біз соғыс жайлы өлеңдерді «ғашықтар» жазбағанын солай білдік-ау, шамасы. 
Ал, бүгінгінің баласы 80 жыл бұрынғы соғыстан бейхабар деуге болады. Ардагерлеріміз Қарттар күні мен Жеңіс күні мерекесі қарсаңында ғана есімізге түседі. Жыл сайын сый-сияпат тапсырылып, «өмір жолы мен ерлігі өскелең ұрпаққа үлгі болып табылатыны» жайлы ақпараттар жазылады. Майдангерлерімізге кейде «темір тұлпар» да мінгізіп жатамыз. Бірақ, сол көліктің тәрбиелік мәні баяғы апайларымыз берген шайдың ширегіне де келмей тұр. Жастар көлікті кімге, не үшін мінгізіп жатқанын білмейді, білуге ұмтылмайды да. Себебі бүгінгі жастардың майдан мен майдангер жайлы білетіні аз, тіпті жоқ деуге болады. Ал, аз ғана әдеби шығармалар оқырманға жетпейді. Көптеген жастарымыздың Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Әди Шәріпов, Баубек Бұлқышев секілді жазушылардың, публицистердің еңбегін оқымағанына сенім кәміл. Оған «Ұлы Отан соғысында Сталин жеңіліп, Гитлер жеңгенде жақсы болар еді. Қазір бәріміз  «Mercedes-Benz» мініп жүретін едік» деп жүрген сыңарезу пікірлерді қосыңыз. Ендеше, Мұқағалиды жеңгесіне «ғашық қылған» жастарға не өкпе бар?! Әсілінде, әдебиеті кенжелеп қалған қоғамда ұлтжандылық жайлы айтудың өзі де артық-ау.
Бүгінде облыс көлемінде Ахмеджан Анартаев, Бадан Төребаев, Анарбай Мырзахметов, Әкімбай Жұмабаев, Қалмен Мұратов, Мырзахмет Жылысбаев, Петр Кузьмич, Эрмахон Ишхонов – барлығы 8 ғана көзі тірі майдангер бар. Осылардың әрбірі – тірі тарих. Олардың әңгімесін тыңдаған жас өрен міндетті түрде көкейіне ой түйетіні анық.
Созақ ауданы, Сызған ауылында тұратын Мырзахмет Жылысбаев атамыз соғыс жылдарының оқиғасын там-тұмдап айтып берген-ді. Соғыстан кейін әскери қызметте қалуға көнбей, туған еліне оралғаны, бейбіт күнде де қол қусырып қарап отырмай, оқу-ағарту саласында ұзақ жылдар бойы тер төккені де ұрпаққа сабақ болатын тақырып. «Елге оралсам, менімен бірге майданға аттанған қатарластарымның біразы оралмаған екен. Көңілім жүдеп, қатты қиналдым» деп сексен жылдан кейін де қамығып отыр майдангер. Майдангермен өткізген жарты сағатымызда сағыну, торығу, ажалмен арпалыс, қайғылы қоштасу, шүкірлік, ауыр еңбек секілді өмірдің сан тарау тармағы сөз болды. Ғасырмен құрдас қария тұтас университеттің,  қала берді бүкіл өміріңе сабақ болар тәлім берді десек жарасар. Сөйткен ардагердің «Ұрпаққа аманат» деп аталатын жалғыз кітабының тиражы республиканы айтасыз, аудан тұрғындарына да жетпейді.
Әлбетте, соғыс – адамзат тарихындағы ең ауыр да қайғылы оқиғалардың бірі. Бұл тақырыптағы шығармалар батырлық пен ерлікті мадақтаумен қатар, оның ауыр зардаптарын бейнелеп, оқырманын тарихты білуге, Отанды сүю мен адамгершілікке баулып, соғыстың ауыртпалығын түсінуге жетелейді. Соғыс туралы әдебиет тек тарихи шежіре ғана емес, сонымен қатар адамзаттың бейбіт өмірге деген ұмтылысының көрінісі. Осы шығармаларды оқу арқылы біз өткеннен сабақ алып, болашаққа дұрыс бағыт таңдай аламыз. Сондықтан әдебиеттің өмірлік бағыт-бағдар беретінін, рухани дамуға, ұлттық құндылықтарды сіңіруге, адамгершілік қасиеттерді қалыптастыруға ықпал ететінін ұмытпағанымыз жөн. Рухани қазынамыздың құнын жоғалтпайық.
Пікір қалдырыңыз