Ол өлең жазған жоқ, өзін жазды

Биыл әдебиетіміздің көрнекті өкілі, қазақ өлеңіне өлшеусіз олжа салған көп қырлы талант иесі, қару мен қаламды қатар ұстай жүріп шыңдалған майдангер ақын Тоқаш Бердияровтың туғанына – 100 жыл. 

«Тоқаш – ақын, Тоқаш, тағы асқарда. Тоқаш жыры шашады нұр аспанға. Тоқаш деген – тасып жатқан дария, Әр тамшысы айналатын дастанға». Өзі туралы дәл осылай толғаған Тоқаң қазіргі Түркістан облысы, Келес ауданы, Қошқарата ауылдық округіне қарасты Ұшқын елдімекенінде дүниеге келген. Кішкентайынан тағдырдың тауқыметін көп көрген ол бес жасынан бастап Ташкенттегі жетім балалар үйінде тәрбиеленіп, туған ауылына оралғанда небәрі 13 жаста болған екен. Осы кезден-ақ еңбекке араласып, алдымен мақташылар бригадасының есеп жүргізушісі, Бесқұбыр ауылдық Кеңесінің хатшысы болып жұмыс істеген. Бірақ, ол қызметте көп отырмайды, Ұлы Отан соғысы басталып, 16 жасында өзі сұранып майданға аттанады. Алдымен атақты Сталинград майданында шайқасқа кіріп, содан Берлинге дейінгі сұрапыл соғыс жолынан өткен. Соғыс аяқталған соң жоғары басшылықтың шешімімен әскер қатарында қалдырылып, Балтық әскери-теңіз флотында сүңгуір қайықта қатардағы матрос болып борышын өтейді. Содан табаны күректей бес жылдан соң, яғни 1950 жылы ғана елге оралған. 
Бізде ақындар көп, өте көп. Ал, таланттар санаулы. Алайда, сол таланттардың бәрі бірдей өз мектебін қалыптастыра алмаған. Үнемі алдыңғы лектен көрініп, ұлттың көрген азабын қаймықпай жеткізу, халықтың сөзін сөйлеу, өз мектебін қалыптастыру тек таңдаулылардың ғана маңдайына бұйыратын бақ. Ақындық талантына қоса ізденімпаздығын, Құдай берген мінезін, тағысын тағыларды былай қойғанда, Тоқаш Бердияров қазақ өлеңінде өз мектебін қалыптастырған, соңына шәкірт ерткен ұстаздығымен де ерек тұлға. Ұлтына өзінің сөзін айта алған ақын. Өтежан Нұрғалиев жазып қалдырғандай, Төлеген, Мұқағали, Қадырдан бастап, қазақ поэзиясына керемет олжа салған лирик ақындардың бәрі Тоқаштың «шекпенінен шыққан» дарабоздар болатын. Мұны тамаша әдебиетші-ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Құлбек Ергөбек «Тоқашқа айналған Торқысбек» атты («Жалын» журналы, № 4, 2011 ж.) мақаласында: «М.Мақатаев, Т.Айбергенов, Ө.Нұрғалиев сынды тегеурінді таланттарымыз Тоқаш поэзиясынан көп үйренген. Ол тапқан өлең өрнегін іліп алып кетіп, дамытып, өз жолын тауып жатты олар. Ол тапқан образды шәкірттері дамыта жырлап, тамаша жемістер бергені мәлім» деп ағынан жарыла жазған.
Тоқаш Бердияров қазақ өлеңіне батыл эксперименттер жасауымен де ерекшеленеді. Бұл туралы белгілі сөз зергері Тәкен Әлімқұлов: «өлеңнің тосын түрлерін тұрақтатарлық ізденістер Абайдың бүгінгі ұрпақтарынан азды-көпті бой көрсетіп жүр... Сырбай Мәуленов, Мұқағали Мақатаев, Тоқаш Бердияровтың кейбір форма жаңалығы туған поэзиямыздың табиғатына жат емес» десе, әдебиет сыншысы Бегділда Алдамжаров: «Шын мәнінде, Тоқаш Есениннің өлеңдегі тәжірбибесін қазақ поэзиясына алғаш рет әкелген және де оны қазақы ойлам, түсінікке сай етіп жаңғыртып, қазақтың тұрмыс-тіршілігіне лайықтап қолданған шайыр. Ол нағыз реформатор суреткер» деп ағынан жарылады. Ал, ақын Өтежан Нұрғалиев: «Тоқаң... Тоқаш Бердияров – бәріміздің ұстазымыз. Лириканы сол ақын үйретті бізге. Оған дейінгі өлеңдеріміз ішіп алған адам сияқты арсы-гүрсі болып келетін. Ал, Тоқаңның мәнері ісмер етікшінің әдібіндей болатын...» дейді.
Байқауымша, соңғы кезде жастар арасында Тоқаш Бердияровтың өмірі мен шығармашылығына қызығушылар қатары көбейіп келеді. Өз басым оған таң қалмаймын. Өйткені, солай болуы керек еді, болып жатыр да. Тек Тоқаңды тереңірек танығысы келетіндерге берер кеңесім, ақынның өмірбаянының ізі басынан аяғына дейін өз өлеңдерінде сайрап тұр, сәл көңіл қойсаңыз болды, ақынның өзі сөйлейді: қызық та қиын тауқыметті тағдыры, көркем де келісті етіп жырлайтын туған жері – Оңтүстік өңірі, Құркелесі, Су Келесі, Сырдариясы, өскен, оқыған, бір құлап, бір тұрған, сөйтіп тәлім алған «ханалары»... бәрі-бәрі жырларында менмұндалап тұр. 
Кімнің аузынан шыққан сөз екені қазір есімде жоқ, «ақын өлеңі – өз мінезі» деп еді. Тоқаш өлеңдерін оқи жүріп соған көзім анық жетті. Тоқаш өлең жазбайды екен, өзін жазады екен. Оны әр парақтаған сайын басқа қырынан, өзге поэтикалық өлшемде танығандай боламын. Оның ең елеусіз деген шумақтарының өзінен елеулі өмір шындығына қанығамын. Осылайша оның ақындық қуатынан өз Тоқашымды тапқандай қуанатын болдым. Қарап отырсаңыз, Тоқаш өлеңдері кілең түзу, сымбатты теректердің қасындағы қисық ағаш секілді, тура өз мінезі сияқты. Кейде айналасына көңілі толмай, өзіне өзі сыймай, өз ақындық қуатына өзі төтеп бере алмай морт сынатын кездері де болып тұрмағанына кім кепіл?! Мұқағали айтпақшы, «өлең –  жайшылықта тумайды, өлең – қайшылықта тулайды». Бірақ, тағдыр тақсіретін көп көрген Тоқаш ақын Құдай жаратқан қалпынан бір өзгермеді. Сол үшін де оны айналасы қатты қадірледі, інілері «біздің көкеміз» деп жақсы көрді. Атақ та, мансап та, қызмет те көксемеді, қарапайым өмір сүрді. Сүйенішін тек өлеңнен іздеді. Алайда, ақын жүрегі әрдайым мазасыз болғанға ұқсайды. Үнемі бірдеңеге көңілі толмай, аласұрады да жүреді. Себебі, қоғам мазасыз-тұғын, қоғамның қам-қарекеті мазасыз еді. Шын мәнінде оны өлеңге әкелген де осы мазасыздық болатын.
Тоқаш Бердияровты поэзияда жүлде салған бүкіл қазақ ақындары «Көке» деп қадірледі. Ұстазымыз, өлеңдегі ұстынымыз деп ардақ тұтты. Соның ішінде Мұқаң – Мұқағали Мақатаев Тоқаңды ерекше құрметтеді. Ақыреттік досына айналды. Қос ақынның керемет достығы туралы жазылған естеліктер де, айтылған әңгімелер де көп. 
Биыл майдангер ақын Тоқаш Бердияровтың 100 жылдық мерейтойы. Түркістан немесе Шымкент қаласынан қазақтың әйгілі қос ақыны Тоқаш Бердияров пен Мұқағали Мақатаевқа  қатар жатқан көше атын беріп, көшенің бір оңтайлы түйіскен тұсынан екеуінің бірге тұрған ескерткіші бой көтерсе деген ұсыныс айтып келе жатқанымызға біраз болды. Сонда тау тұлғалардың қатар тұрған бейнелері мызғымас достықтың символындай болып жұртқа керемет өнеге болар еді. 
Мүмкін болып жатса, екеуінің тойын Шымкентте, қасиетті Түркістан жерінде бөле-жармай бірге өткізсек, қазаққа керек бірлік, қазаққа керек достық, кеңдік, құрмет деген осы емес пе?! Сондай-ақ, майдангер ақынның туғанына 100 жыл толуына орай биылғы жылды Тоқашқа арнаса да артықтық етпес еді. Бар ғұмырын ұлттың болашағына, өлеңнің өміршеңдігіне, бейбітшілікке арнаған саңлақ ұл, тұғырлы тұлғаға қандай құрмет көрсетсек те жарасады емес пе?! Әлбетте, халықтан әділетті, халықтан көреген ешкім жоқ. Сол халықтың Тоқаңа деген шексіз махаббаты мен ыстық ықыласы ұрпақтан ұрпаққа ауысып, арда азамат өшпес өсиет секілді мәңгі жасай беретініне сенгіміз келеді. 

Болат ШАРАХЫМБАЙ,
ақын, әдебиетші.

Пікір қалдырыңыз