Бекзат – қайсарлық пен жасампаздықтың символы

Бауыржан ЕРМАН,
«Оңтүстік Қазақстан».
Түркістандағы облыстық Оқушылар сарайында қазақ спортының тарихында есімі алтын әріптермен жазылған Бекзат Саттархановтың өміріне арналған «Жарқ етіп сөнген 20 жас» кітабының тұсаукесері өтті. Жиынға танымал спортшылар, зиялы қауым өкілдері мен журналистер, мектеп оқушылары қатысты.
Іс-шара аясында осы кітапты шығару жөнінде идея ұсынған Оқушылар сарайының директоры Индира Сарқытқызы сөз алып, жас ұрпақтың жігерін ояту үшін ерлікті баяндайтын кітаптар шығарып, мұндай кездесулерді көптеп ұйымдастыру қажет екендігін айтты. Ал, ер Бекзаттың анасы Сырлыгүл Шойбекова ұлының спортқа деген сүйіспеншілігі мен табандылығы туралы естеліктерімен бөлісті.
Кітап авторы Ержан Арғынбаев туындының жазылу тарихынан сыр шертіп, Бекзаттың жеңісті жолы, рухани болмысы мен армандары туралы баяндады. Оның айтуынша, бұл кітап – спортшының өмірбаяны ғана емес, жасампаздық пен қайсарлықтың символына айналған рухани еңбек. Кездесуге қатысушылар да Бекзаттың мұрасын сақтау мен дәріптеу жайлы ой-пікірлерін ортаға салып, көкейдегі сұрақтарына жауап алды.
Айта кетейік, жиырма жасында жасындай жарқ етіп, Олимп шыңын бағындырған Б.Саттарханов тірі болғанда биыл 45 жасқа толар еді. Оның есімі мен ерлігі ұрпақ жадынан өшпек емес.