Берлинді қоршауға алуға қатысқан

Әтіргүл ТӘШІМ,
«Оңтүстік Қазақстан».

Облыстағы бүгінде көзі тірі сегіз соғыс ардагерінің бірі, Кентау қаласында тұратын Бадан Төребаев ата 1926 жылы 13 қарашада дүниеге келген. Ол 1944 жылы 15 қазанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Сауран ауданы, Майдантал ауылынан әскерге шақырылады. Ол осылайша 18-ге енді толғанында 4 ай дайындықтан өтіп, Одердегі ұрысқа кіреді, сосын Потсдамды азат етуге қатысады. Жорық жолы Беларусь майданында басталған жауынгер Берлинді қоршау операциясының да бел ортасында болған. Қазақ сарбазының сол соғыстағы батырлығы мен көрсеткен ерлігі ескеріліп, жауынгерлік наградаға ұсынылған.

«Соғысқа баратын адамда патриоттық жігер болуы керек. Қорықпадық демейміз, жауды тізе бүктіруді ғана ойладық. Біздің бойымызда отаншылдық сезім күшті болды. Ұрыс даласында жауды жеңуге бар күшімізді салдық. Қасық қанымыз қалғанша Отанды қорғаймыз деген антымызға адал болдық» дейді Бадан ақсақал.
Бадан Төребаев 1945 жылдың 19 қаңтарынан 9 сәуіріне дейін 277-атқыштар полкінің құрамында болған. Содан мамыр айына дейін Берлинді қоршау операциясына қатысып, ерлікпен шайқасты. Осылайша жорық жолы Берлинге дейін жалғасқан жауынгер жанқиярлық ерлігі үшін І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, 2 рет «Ерлігі үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған. 
Соғысқа 1945 жылы кіргендердің елге бірден қайтпағаны белгілі. Рейхстагқа Жеңіс туы тігілгенмен, Бадан ата да елге бірден қайта қоймады. Норвегия шекарасында болып, елге 1950 жылы бір-ақ оралады. 1951 жылы Кентаудағы «Мырғалымсай» кенішіне жұмысқа орналасады. 1954-1972 жылдары  комбинаттың тұрғын үй-коммуналдық қызметінде ағаш ұстасы, ал, 1972 жылы  кенішке қарасты транспорттық бригадада жұмыс істеді. 1982 жылы зейнеткерлікке шықты. Ұзақ жылғы еңбегі еленген ақсақал «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. 
Бадан ақсақал зейнеткерлікке шыққан соң «елге  ораламын, ауылда тұрамын» деп, туған жері Майданталға қоныс аударады. Майдантал – Қаратаудың етегіндегі табиғаты тамылжыған, ауасы таза бір керемет мекен. Кіндік қаны тамған жерде қария «мен зейнеткермін, ардагермін» деп кеуде қағып, ешкімді де мазалаған емес. Ауылға барып үй тұрғызып, төрт түлікті көбейтіп, шаруасын дөңгелетіп, ел тыныштығын тілеп, көп қатарлы өмір сүрді,  2 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірді. Олардан 16 немере, 42 шөбере, 3 шөпшек сүйген саялы бәйтеректей отағасы болды. Ұл-қыздарын адал болуға, кісінің ала жібін аттамай, маңдай термен таза еңбектенуге, «дүниеге кірпіш болып қаланып», өз орындарын табуға тәрбиеледі.  
 Ардагер ақсақал бүгінде үлкен ұлының қолында тұрады. 
– Енеміз дүниеден өткен соң  атамызды қолымызға алдық. Атаны бүкіл қала, ауыл-аймақ жақсы біледі, құрметтейді. Қалалық әкімдіктің әлеуметтік сала қызметкерлері, қоғамдық даму басқармасы қызметкерлері, Amanat  партиясының өкілдері  ай сайын, әр мереке сайын атамыздың хал-жағдайын біліп, көңілін аулап отырса,  қалалық емхана дәрігерлері жиі-жиі хабарласып денсаулығын бақылап отыр. Құдай қаласа, келер жылы жүзге аяқ басатын атамыз әлі де ширақ, шүкір, денсаулығы жақсы. Біз атамызды мақтан етеміз, – дейді батырдың келіні Айжан Төребаева.
...Кентау қалалық ардагерлер ұйымының мәліметінше, бүгінде қалада жалпы  10300 зейнеткер бар екен. Қалалық ардагерлер ұйымының 5449 мүшесінің 396-сы тыл ардагерлері. Олардың ең жасының өзі 87-де. Екінші дүниежүзілік соғысы ардагерлері жесірлерінің саны – 16. Осылардың арасында сұрапыл соғысты көзбен көрген жалғыз куәгер – ғасырмен  құрдас  Бадан Төребаев қана. Кентаулықтар батыр ата Бадан ақсақалды Алла қаласа Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған парадқа қатысады деп күтуде. 

Пікір қалдырыңыз