«Үлкендердің берген батасы мен тілегі қабыл болды»

Дәулет Тұрсынұлы,
«Оңтүстік Қазақстан».

Жеңіс күні жақындаған сайын Мырзахмет ата Жылысбаев майданда өткен күндеріне көбірек үңіледі. Соғыс туралы сөз айтыла қалса, еріксіз даусы дірілдеп, жанары жасаурайды.
19 жасында майданға аттанған сол кездегі бозбала жауынгерлік жорықтарын былай деп еске алады:
– Мен 1926 жылы қазіргі Сызған ауылында (бұрынғы Молотов колхозы) дүниеге келдім. Балалық шағым қиыншылық пен жоқшылықта өтті. Әкем өмірден ерте кетіп, анам мені жалғыз өзі тәрбиелеп өсірді. Сол қиын кезеңдерде әкемнің туысқаны, жаны жайсаң азамат Тұрсын Төрехановтың шарапатын көп көрдім. Ауылдағы мектептің 7-сыныбын аяқтағаннан кейін кеңшардың жұмысына араластым. Күндіз ағаш соқаны өгізге жегіп, егін ектік. Ал, түнде кеңшардың әріп танымайтын ересек адамдарына әліпби үйреттім. Кейін егіске қарауыл, бригадирге табельщик болдым. Арнайы мектеп болмағандықтан, киіз үйде, қыр басында, қыста өз үйлерінде бала оқытып, мұғалім болдым. Сөйтіп жүргенде «жау Кеңес Одағына тұтқиылдан соғыс бастады» деген суыт хабар келіп, ауылдағы жас жігіттердің алғашқы легі соғысқа алына бастады. 1944 жылдың қараша айында әскерге шақырылып, өзіммен қатар жігіттермен бірге Чкалов қаласының маңында әскери даярлықтан өттім. Тәжірибелі жауынгерлердің соғыстағы әдіс-тәсілдерін меңгеріп, екі айдан кейін, яғни 1945 жылдың қаңтар айында майданға кірдім. 92-мотоатқыштар полкында, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, генерал-полковник Павел Иванович Батовтың дивизиясы құрамында Беларусь және Украина жерлерін неміс басқыншыларынан азат еттік. Майдан даласына бекініп алған фашистік топтың көзін жою оңайға түспеді. Қыстың қаһарлы суығында жүздеген шақырым жер жаяу жүрдік. Бүгінде сол күндерді есіме алсам, кейде тіпті қалай тірі қалғанмын деп таңғаламын, – дейді ол. 
Мырзахмет ата соғыстан кейін тағы бірнеше жыл әскери борышын өтеп, елге кеш оралады. 1950 жылы елге оралысымен бірден еңбекке араласып кетеді. 
– Майданнан келісімен Созақ ауылындағы бұрынғы Ленин атындағы орта мектепке мұғалім болып орналастым. Осы мамандығым бойынша 40 жылға жуық уақыт еңбек еттім. Отанды қорғап, оған адал еңбек ету адамды құрмет пен даңққа бөлейді. Біз зұлмат соғыстың отын өшіріп, балаларымызға бейбіт өмір сыйлағанымыз үшін өзімізді бақытты сезінеміз. Жауынгерлердің ерлігімен орнаған тыныштық заманның бағасын кейінгі ұрпақ жете түсінсе, – дейді қарт майдангер. 
Мырзахмет атамыз майданнан келген соң көп ұзамай қазіргі Құмкент ауылында тұратын Мария Сәденовамен танысып, шаңырақ көтереді. 70 жылға жуық тату-тәтті өмір сүріп, 13 ұл-қыз тәрбиелеп өсірген Мырзахмет ата мен Мария әжеміз бүгінде сол ұл-қыздарынан 45 немере, 19 шөбере сүйіп отыр. 
– Жаратқан иеміздің сыйы ғой, бұл, – дейді қария. – Көмек сұрағанның бәріне көмек қолымды создым. Сондайда үлкендер «Өмір жасың ұзақ болсын! Ұрпағың көп болсын!» деуші еді. Сол үлкендердің берген батасы мен алғысы Алланың құлағына шалынған шығар, Құдайға шүкір, ғасыр жасап, балаларымның қуанышына бөленіп отырмыз, – дейді ардагер. 
Бұл күнде мәуелі бәйтерекке айналған Мырзахмет қарияның қарашаңырағы шаттыққа кенеліп отыр. Балаларынан өрбіген шөберелері алдына отырып алып, «ата, мынаны қашан алдыңыз?» деп әрбір орден-медальдарының сырын білуге таласады. 
– Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай жан-жақтан құттықтаулар келіп жатыр. Президентімізге, облыс, аудан басшыларына дән ризамын. Біздің ерлігіміз бен еңбегімізді елеп, қолдау танытып, құрмет көрсетіп жатқандары үшін алғысым шексіз. Енді соғыс болмасын! Ұрпақтарымыз аман болсын! – дейді қария. 
Беларусь және Украина жерлерін азат етуде батылдық пен ерлік көрсеткені үшін екінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Германияны жеңгені үшін», «Жуковтың 100 жылдығы», «Украинаның азат болғанына – 60 жыл», «Ұлы Жеңістің – 30, 50, 60, 70 жылдығы» мерекелік медальдарымен марапатталған майдангердің ерлігі – елге мұра, ұрпаққа үлгі. «Бұл – орден-медальдар менің зұлмат жылдардағы ерлігімнің дәлелі» дейді қарт жауынгер. 
Бүгінде жүзге келсе де қаққан қазықтай тіп-тік отыратын еңсесі биік майдангер Алла қаласа таяу күндері Ұлы Жеңістің 80 жылдығын қарсы алғалы отыр. Өмірлік жары Мария әже екеуінің ендігі тілегі  – ел тыныштығы мен ұрпақтарының амандығы.       
Пікір қалдырыңыз