Бізге ескерткіштердің өздері ескерту жасап келеді

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
«Оңтүстік Қазақстан».

«Алпамыс батыр» атты эпостық жырда «Әзіреті Қаратау, Әулиенің кені еді» деген жолдар бар. Расында, кешегі жаугершілік жылдары батырларымыз басқыншыларға қарсы аттанғанда соңында қалған ата-анасы  әулиелер мен әруақтарға сыйынғанын басқа да эпостық жырлардан жақсы білеміз. Сондай әулиелердің бірі – Баба Түкті Шашты Әзіз.  Сахараға сонау 767 жылы Арабиядан келген ол қазақ халқын ислам дініне тек сөздің құдіретімен, яғни уағыз айтумен ғана тартқаны туралы дерек молынан табылады. Ол Түркістан мен Сырдария жерінде тұрып, сан қырлы өнерімен де халықты баурап алады. Енді «Алпамыс батыр» жырына келсек, Баба Түкті Шашты Әзіз баба жатқан жерге алғашқы кесенені Байбөрі мен Аналық салады. Ол тарихта ХVІІІ ғасырда тұрғызылғаны айтылады. Кесене ХХІ ғасырдың өзінде екі рет жаңартылды. 

Бірінде  оны белгілі кәсіпкер Серікжан Сейітжанов жаңғыртты. Бірақ, бұл сәтсіздеу шықты. Кесененің бұрынғы нұсқасы сақталғанымен, төбесінен су өтіп кетіп, ауыл ақсақалдары алаңдай бастаған соң жас кәсіпкер Нұрсадық Ергешбек Өзбекстаннан, Тәжікстаннан ұсталар мен зергерлер алдырып, қайта жаңартты. Бұл архитектуралық жағынан алдыңғыларына қарағанда көркем де сәулетті болып шықты. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының «Жалпыұлттық киелі орындар санатының 100 нысаны» тізіміне және Түркістан облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері тізіміне енген бұл кесене басына зиярат жасаушылар саны соңғы жылдары еселеп артқан.
Алайда, соңғы жылдары кесенеге келер қауіп сейілмей тұр. Созақ ауданындағы Құмкент ауылына барған сайын жергілікті тұрғындар «ГПК Казфосфат» ЖШС-ға қарасты Көксу және Киктас кен орындарының Қаратауды қақырата жарған дүмпулері салдарынан кесененің қабырғалары қақырап, жапсырылған плиталары түсіп қалып жатқанын айтып, талай рет шағымданды. Құмкенттіктер  киелі жердегі кесенені қалайда  сақтап қалсақ дейді. Бұл жөнінде олардың қақпаған есіктері де қалмаған. Өйткені, жер асты думпулері салдарынан Құмкент ауылындағы біраз үйлердің қабырғалары жарылып, терезелері сынған. Ауыл тұрғындары сондай-ақ әулие кесенесінің түбінен шығып жатқан Жылыбұлақтың суының да дәмі бұзылғанын алға тартады. Ал, қайсыбір жергілікті тұрғындар денсаулықтарындағы кінәратты іргедегі дүмпулерден көреді. Соңғы жылдары ауылда мал шығыны да көбейген. Бұл аздай, ауыл тұрғындарының бау-бақшалары өнім беруді тоқтата бастапты. Мұның барлығы да жарылыстардан соңғы шаң-тозаңның маңайды басып қалуынан деседі тұрғындар. Кен үшін тау тасын бұрғылап,  тау жынысы арасына жарылғыш зат қойып атқылағанда он шақырым қашықтықта отырған құмкенттіктер мен қызылкөлдіктер бір селк ете қалады. 
Екі елді мекеннің тұрғындары шағымдарын көтеріп, біраз мекеменің есігін қаққан.  Осы жерде тұрғындардың сөзі өтпейтінінің де белгілі себеп-салдары бар. Олай дейтініміз, кеншілер Жамбыл облысына қарайды. Олар Сарысу ауданының орталығы Жаңатас қаласының маңайында жұмыс істеп жатыр. Олар дүмпулерінің залалы көршілерге тиіп жатқанымен санасқылары келмейтіндей. «ГПК Казфосфат» ЖШС бас директоры С.Тұрсынбеков жергілікті тұрғындардың жанайқайын жеткізген Созақ аудандық «Ел мүддесі» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Б.Айдарбековке жазған жауабында  «Көксу кен орны Баба Түкті Шашты Әзіз  әулие кесенесінен 4,2 шақырым, Үшбас өзеніне 3 шақырым және Құмкент ауылынан 10,1 шақырым  қашықтықта орналасқан. Алдағы уақытта  Көксу және  Киктас кен орындарының тау-кен жұмыстарының бағыттары Баба Түкті Шашты Әзіз  кесенесіне, Құмкент ауылына, Үшбас өзеніне және Бабата ауылына қарай жоспарланбайтынын хабарлаймыз» деп қысқа қайырыпты.  Жарайды, жоспарланбай-ақ қойсын, алайда, дүмпулердің зардабы әлі талай қиындықтарға әкелері айтпаса да түсінікті емес пе?!
ХІХ ғасырда іргетасы қаланған Шахи Ахмет Ишан мешіті – Орталық Азиядағы теңдесі жоқ ғажайып ғимараттардың бірі. Бұл ғимарат Кеңес өкіметі кезінде ауылдық клуб міндетін атқарды. Оның бұрынғы  қалпын қайта қалпына келтіру керек-ақ. Сонымен бірге Қарабура әулие іргесіндегі Қазаншы әулие кесенесі бүгінде мүжіліп, жұрнағы да қалмай барады. Бүгінде Қазаншы әулие деп дәріптеп жүргеніміз Қ.А.Ясауи кесенесіндегі Тайқазанды құйған тәбіріздік шебер Әбділ Әзиз деседі.  Сонымен қатар, Әже ата, Құлақ ата кесенелері де кезінде сонадайдан сорайып көрініп тұрушы еді. Бүгінде олардың  қарайған  орны ғана бар. Сонымен қатар, көне Созақ қаласының орны Өркешік те бүгінде қараусыз жатыр.  Ежелгі қала жұрты да ерекше жанашырлықты қажет етеді. 
Құмкент (Қойкент), Шолаққорған, Көкбұлақ, Балатұрған, Бабата қалаларының орнын  қайта қалпына келтіру  жұмыстары кезек күттірмес міндеттердің бірі деп ойлаймыз. Осылар қалпына келген жағдайда болашақ ұрпақ үшін тарихтың көптеген беттері сыр шертіп тұрар  еді. Сонымен бірге Бетбақдала шөліндегі Таңбалы шұбар, Арпаөзен, Қойбағар  бойындағы петро-глифтер   қамқор қолдың   демеушілігін күтіп  жатыр.
Қасиетті Қаратау  қойнауында бұлардан басқа да тарихи, мәдени ескерткіштер жеткілікті. Барлығының түсін түстеп, аттарын атап шығуға мақала көлемі көтермейді. Алайда, Баба Түкті Шашты Әзіз кесенесі сияқты дүмпулер зардабын тартып жатқан Ақбикеш, Қазаншы ата, Әже ата, Құлақ ата  тәрізді сан ғасырлар бойы  жел мүжіген, бүгінде жұрнағы ғана қалған кесенелер толып жатыр. Оларды сақтап қалу керек. 
Баба Түкті Шашты Әзіз кесенесін қолы ұзын адамдар қайта салуға ниеттеніп жатқаны туралы хабар бізге де келіп жетті. Бастамашылардың бұл ниеттеріне сәттілік тілейік. Алайда, жұртшылыққа танымал болып қалған ғимарат келбетін өзгерте беру тарихқа да, сәулет өнеріне де қиянат екенін ұмытпауымыз керек.
Түптеп келгенде, Ақбикеш мұнарасының бір қабырғасы мүжіліп түсуі бізге тарихи және табиғи ескерткіштерді  көздің қарашығындай сақтауды қатаң ескертіп тұр. Бұл ескертудің салмағы батпандай ауыр екенін ұмытпайық.
Иә, бізге еңселі ескерткіштің өзі ескерту жасап тұрғандай... 
Пікір қалдырыңыз