Қазақстан таза энергия өндірісінде әлемде маңызды рөл атқарады

«Біздің еліміз әлемдегі ядролық отынның 40 пайызға жуығын қамтамасыз ету арқылы таза энергия өндірісінде маңызды рөл атқарады. Бұл туралы «Орталық Азия – Еуропа Одағы» саммитіне қатысқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті» деп хабарлайды Kazinform.
– Қазақстан декарбонизация бастамаларын белсенді жүзеге асырып келеді. Біздің еліміз әлемдегі ядролық отынның 40 пайызға жуығын қамтамасыз ету арқылы таза энергия өндірісінде маңызды рөл атқарады. Ұлттық стратегияға сай, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және көміртегі қалдықтарының көлемін азайту мақсатында атом электр стансаларын салуды жоспарлап отырмыз, – деді Президент.
Мемлекет басшысы былтыр Қазақстанда Климаттың өзгеруі және жасыл энергетика бойынша Жобалық кеңсе ашылғанын атап өтті.
– Бұл бастама су ресурстарын басқару, жаңартылатын энергия көздерін дамыту, климаттың өзгеруіне бейімделу және биоалуандылықты сақтау бағыттарында тиімді шешім іздеуге арналған. Аталған міндеттерді сәтті орындау үшін еуропалық серіктестерімізбен бірге тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуге ниеттіміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мен Еуропа Одағының келешектегі күн тәртібіне қатысты өз ойын ортаға салды.
Президент, ең алдымен, сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға баса мән берген жөн деп санайды. Оның айтуынша, Қазақстан ЕО нарығына жалпы құны 2 миллиард доллардан асатын 175 тауар түрінің экспортын ұлғайтуға дайын.
Қасым-Жомарт Тоқаев еуропалық компанияларды осындай жаңа жобаларды қаржыландыру үшін «Астана» халықаралық қаржы орталығының алаңын пайдалануға шақырды.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы энергетика саласын ынтымақтастықтың аса маңызды бағыты ретінде атады.
– Қазақстан – Еуропаға көмірсутегін жеткізетін сенімді серіктестердің бірі. Еуропа Одағы шетелден импорттайтын мұнайдың 13 пайызға жуығы біздің елімізге тиесілі. Оның басым бөлігі Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы тасымалданады. Еуропа Одағы аталған консорциумның тұрақты әрі ұзақ мерзімді жұмыс істеуіне қолдау білдіріп отыр. Біз мұны жоғары бағалаймыз. Дегенмен, шикізат тасымалдаудың балама жолдарын да дамытамыз. Қазақстан жаңартылатын қуат көздері мен экологиялық таза отын жобаларын жүзеге асыруға кірісті. Total, Eni, Svevind секілді бұрыннан келе жатқан серіктестерімізбен және басқа да еуропалық компаниялармен бірге жел, күн электр стансаларының қуатын арттырып, «жасыл» сутегі өндірісі жобасын қолға алдық. Бұдан бөлек, Қазақстан Өзбекстан және Әзербайжан елдерімен бірлесіп, «жасыл» энергияны Каспий теңізі арқылы Еуропа нарығына жеткізетін біртұтас электр желісін салу бойынша ірі жобаны бастады, – деді Президент.