Сайпулла МОЛЛАҚАҒАНАТҰЛЫ: «Мақсатымыз – Ясауи мұрасын әлемдік деңгейде насихаттау»

Жақында Түркістан қаласында «Қожа Ахмет Ясауи мұрасы және заманауи зерттеулер» атты тақырыпта «Дөңгелек үстел» мәжілісі өтті. Іс-шараны ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы жанындағы Ясауитану ғылыми орталығы ұйымдастырды.
«Дөңгелек үстел» мәжілісіне Ислам тарихы, өнері және мәдениетін зерттеу орталығы (IRCICA) бас директорының кеңесшісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әшірбек Муминов, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультеті, «Жазба жәдігер және рухани мұра» ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері Өмір Тұяқбаев, Қ. А. Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті, Ясауитану ғылыми зерттеу институтының директоры Бауыржан Сайфунов, Қ. А. Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті теология факультетінің PhD докторы Мұхит Төлегенов және тарих, филология, философия, шығыстану, дінтану және мәдениеттану салаларының ғалымдары, музей мамандары мен ғылыми-зерттеу институттарының қызметкерлері қатысты. Жиынды «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы РМҚК директорының міндетін уақытша атқарушы Нұрлан Дүкенбаев жүргізіп отырды.
Басқосу барысында Қожа Ахмет Ясауи мұрасының маңызы, оның ислам философиясындағы орны, шығармаларына қатысты заманауи зерттеулер мен әдіснамалық тәсілдер талқыланды. Сонымен қатар, Ясауи мұрасының бүгінгі рухани-әлеуметтік мәселелерге әсері мен ұлттық құндылықтарды сақтаудағы рөлі жайлы пікірлер айтылды.
Халықаралық деңгейде өткен жиында қатысушылар Ясауи мұрасының жаһандық маңызын атап өтті. Ғалымдар бұл құндылықтарды әлемдік ғылыми айналымға енгізу, цифрландыру және салаға жас зерттеушілерді тарту қажеттілігіне тоқталды. Орайы келгенде жаңадан құрылып жатқан Ясауитану ғылыми орталығының басшысы Сайпулла Моллақанағатұлымен сұхбаттасқан едік.
– Сайпулла Моллақанағатұлы, әңгімемізді жаңа орталықтың құрылуынан бастасақ...
– Бұл орталық ел Президенті Қ.К.Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының базасында құрылды. Негізгі мақсатымыз – Қожа Ахмет Ясауидің бай мұрасын жан-жақты зерттеу, оның философиялық, тарихи, мәдени және әдеби қырларын зерделеп, заманауи ғылыммен сабақтастыру. Сонымен қатар, Ясауи мұрасын әлемдік ғылыми айналымға енгізу.
Бүгінде орталық құрамында басшысы, ғылыми хатшы, 2 аға ғылыми қызметкер, 7 ғылыми қызметкер, 2 кіші ғылыми қызметкер, 2 лаборант-зерттеуші, кітапханашы, бағдарламашы, аудармашы және архивист жұмыс істейді. Барлығы 19 қызметкеріміз бар. Олардың арасында профессор Мұқтар Қожа, ясауитанушы ғалым, профессор Зікірия Жандарбек, тарихшы ғалым, доцент Гаухар Пірімқұлова, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Әлия Белдібекова, Иран тарихын зерттеуші Ұлықбек Жүнісбаев және Динара Сазанова секілді беделді ғалымдар бар.
Бұйыртса, алдағы уақытта олардың қатары 3 ғылыми қызметкер, 3 жетекші ғылыми қызметкер, 1 аға ғылыми қызметкермен толығып, Ясауидің бай мұрасының философиялық, мәдени және әдеби қырларын толық ашуға мүмкіндік туады деп сенемін.
– Бүгінгі басқосудың мән-маңызына тоқтала кетсеңіз?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ислам дінінің Ұлы дала төрінде таралып, тамыр жаюына орасан зор үлес қосқан, түркі әлеміндегі сопылық ілімнің негізін қалаған Қожа Ахмет Ясауи мұраларын терең зерделеп, дәріптеуге де айрықша назар аударған жөн. Бұл мәселе бойынша ең әуелі өз еліміздің және шетелдің ғалымдарын шақырып, арнайы симпозиум өткізу қажет» деген болатын. Аталмыш «Дөңгелек үстел» мәжілісі халықаралық деңгейде өткізілетін симпозиум қарсаңындағы Ясауитану ғылыми орталығының алғашқы іс-шарасы ретінде ұйымдастырылды. Басқосуда ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен 2025 жылдың 15-16 мамыр күндері өтетін халықаралық симпозиумның ғылыми мазмұнын жоғары деңгейде қамтамасыз ету жұмыстары талқыланып, тақырыптық бағыттары алдын ала жүйеленді. Ясауи мұрасын ғылыми тұрғыдан зерделеу ісін жандандыру жұмысымен қатар жаңадан ашылған Ясауитану ғылыми орталығының қызметі таныстырылып, болашақтағы ғылыми-зерттеу бағыты айқындалды.
– Ғылыми орталық қандай бағыттарда жұмыс істейді?
– Біз зерттеу жұмыстарын мынадай бағыттарда жүргізетін боламыз.
1. Ғылыми зерттеулерді жүйелеу – Ясауи мұрасына қатысты түпнұсқа деректерді жинақтау, жүйелеу және оларды ғылыми айналымға енгізу.
2. Жас ғалымдарды тарту – ясауитануға қызығушылық танытқан зерттеушілерге қолдау көрсету, арнайы курстар мен семинарлар ұйымдастыру.
3. Тарихи және мәдени байланыстарды зерттеу – түркі және ислам әлеміндегі Ясауи дәстүрінің ықпалын терең талдау.
4.Халықаралық ынтымақтастықты нығайту – шетелдік ғалымдармен бірлескен зерттеулер жүргізу, Ясауи мұрасын әлемдік деңгейде насихаттау.
5.Цифрландыру және заманауи технологияларды қолдану – Ясауи мұрасын цифрлық форматқа көшіру, мәтіндерді сандық өңдеу және оларды заманауи ақпараттық технологиялар арқылы көпшілікке тарату.
– Сіздердің орталық Ясауи мұраларын зерттеумен айналыса ма, әлде насихаттаумен айналыса ма?
– Қожа Ахмет Ясауи мұрасы ең алдымен Түркістан тарихымен тікелей байланысты. Бұл қалада оның кесенесі орналасқандықтан, Сахарада Ясауи ілімі кең ауқымда таралған. Ясауия тариқаты Моңғолиядан бастап, Қытай қазақтары арасында болғанын зерттеулер көрсетті. Қытай қазақтары «Диуани хикмет» қолжазбасын сақтап, оны рухани өмірінде пайдаланған. Ұйғырлар арасында жария зікір мен хикмет айту дәстүрі үзілмеген. Сондай-ақ, дүңгендер мен салурлар да тариқат ықпалында болған. Үндістан, Пәкістан, Ауғанстан, Тәжікстан және Қырғызстанда Ясауия тариқатының іздері бар. Қателеспесем, 2001-2002-жылдары профессор Досай Кенжетайдың жетекшілігіндегі экспедиция Қырғызстанда Ясауия дәстүрін зерттеген болатын.
Өзбекстанда Самарқан, Бұхара, Ташкент қалаларында тариқатқа қатысты қасиетті орындар мен 300-ден астам «Диуани хикмет» қолжазбасы сақталған. Түркіменстан «Диуани хикметті» алғаш басып шығарған елдердің бірі. Иран түркімендері де тариқат дәстүрін жалғастырып келеді. Әзербайжан мен Түркияда Ясауия ілімі кеңінен зерттеліп, мұрағаттарда сақталған. Түркияда Ясауи атымен байланысты жер-су атаулары бар.
Ясауия ілімінің ықпалы Еуропа, Балқан, Украина, Қырым татарлары мен башқұрттар арасында да кездеседі. Араб елдері мен Африкада да Ясауия тариқатының ықпалы болғаны анық, бұл бағыттағы зерттеулер жалғасуда. Ясауи мұрасы түркі-ислам мәдениетінің ажырамас бөлігі ретінде өз мазмұнын сақтап келе жатқан концептуалды ілім. Бұл жөнінде зерттеулер жалғаса беретін болады. Ясауи ілімінің практикалық мәніне де ерекше ден қойып, туристердің бабаның ілімімен рухани қауышуына мүмкіндік жасайтын жаңа жобаны қолға алмақпыз. Міне, сондықтан да орталық қызметкерлері зерттеулермен қатар Ясауи мұрасын насихаттауға да көбірек көңіл бөлетін болады деп айта аламыз. Ясауи ілімін насихаттап оны ұлттық идеологияның деңгейіне көтеру – бізге парыз.
– Орталық алдағы уақытта қандай маңызды жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр?
– Бірінші кезекте, ғылыми жинақтар мен монографиялар шығарып, Ясауи мұрасына арналған кешенді зерттеулерді баспаға дайындауды іске асырмақпыз. Екіншіден, халықаралық және республикалық деңгейдегі ғылыми конференциялар мен форумдар өткізіп, Ясауи мұрасын кеңінен талқылайтын алаңдар ұйымдастыруды жоспарлаудамыз. Солардың бірі ретінде ағымдағы жылдың 15-16 мамыр күндері өтетін халықаралық симпозиум аясында «Замандар мен мәдениеттер диалогындағы Ясауи мұрасы: гуманистік бағдарлар мен заманауи сын-қатерлер» атты тақырыпта ғылыми ақпарат алмасу іс-шарасын ұйымдастырып, Ясауи ілімін зерттеген, дамуына үлес қосқан, қолжазбаларды ғылымға енгізген әлемдік және отандық ғалымдардың басын қоспақпыз. Үшіншіден, Ясауи мұрасын орта және жоғары білім беру бағдарламаларына енгізуге арналған оқу құралдарын әзірлейміз. Төртіншіден, рухани жаңғыру бағдарламасы аясында сондай-ақ, қазақ халқының тарихи және мәдени санасын нығайту мақсатында ғылыми-танымдық жобаларды жүзеге асыратын болады.
– Ясауитану ілімін дамытуда қоғамның, жастардың рөлі қандай деп ойлайсыз?
– Қожа Ахмет Ясауи мұрасы – түркі әлемі үшін баға жетпес рухани байлық. Оны терең зерттеу арқылы ұлттық болмысымызды нығайтып, мәдени және ғылыми әлеуетімізді арттырамыз. Біздің орталық жастарға үлкен мүмкіндіктер ұсынады. Ғылыми зерттеулермен айналысқысы келетін жастарды әрдайым қолдауға дайынбыз.
– Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңыз үшін көп-көп рахмет! Алдағы жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз!
Сұхбаттасқан Әтіргүл ТӘШІМ,
«Оңтүстік Қазақстан».