Сақталушы едi cыбаға...

Салт-дәстүрге берiк ұлтымыздың көптеген жөн-жоралғыларынан бiр-бiрiне деген мейiрiм-шапағатты, қазақы ортадағы әлеуметтiк қарым-қатынасты көптеп табуға болады. Солардың бiрi – сыйлы қонаққа сыбаға сақтау. Жалпы, сыбаға ұғымы мұнымен де шектелмейдi. Кәделi қонаққа тартылған сый табақтан немесе ақсақалдан қайтқан табақтан жастарға «сыбаға» қалдырылатын дәстүр бар. Көп ретте үлкендер сый табақтан жастарға ет асатады. Бұл жiгiт үшiн мәртебе. Сондай-ақ, сыйлы қонақтардан қайтқан табақты келiндер сәлем жасап барып алады. Табақта келiндердiң сыбағасы қалады.
Қыстай мал қамымен құм қойнауында жүрген ата-бабаларымыз жаз жайлауға шығысымен алыс-жақын құда-жекжатын, ағайын-туыстарын шақырысып, мәре-сәре болып жатады. Мiне, сондайда құрметтi қонақтың алдына қыстай сары майдай сақтаған сыбағасын тартады. Сары май демекшi, кәделi сыйдың iшiнде осы тамақ та кездеседi. Оны бүйенге, қарынға салып сақтайды. Иә, сыбаға жөнiнде таратып айтар әңгiме көп. «Сақталушы едi сыбаға, сапарға кеткен ұлдарға» деген ән жолдарында да үлкен тәрбиелiк тағлым бар.
Соңғы жылдары ұлттық құндылықтарымыздың қатарынан жиi көрiне бермейтiн осы үрдiстердi жаңғырту мақсатында облыстық әдеп-ғұрып және салт-дәстүр орталығы Бәйдiбек аудандық мәдениет және тiлдердi дамыту бөлiмiмен бiрлесiп, Ақбастау елдi мекенiндегi мәдениет үйiнде «Сыбаға» атты этнофестиваль өткiздi. Оған Ақбастау, Көктерек, Боралдай ауылдарының қариялары мен өнерпаздары қатысты. Әдеп-ғұрып және салт-дәстүр орталығының директоры Жәнiбек Тағаев сыбаға сақтау салтының ұрпақ тәрбиесi мен қоғамдағы мәнi туралы тоқталып, фестивальдi ашып бердi. Мұнан соң үлкен экранда ұлттық салт-дәстүрiмiзге байланысты қысқаметражды фильм көрсетiлдi.
Сахналық көрiнiстерге ауыл ақсақалдары мен ақ жаулықты әжелер, аналар тартылыпты. Әрине, олардан актерлiк шеберлiк талап ету артық. Ең бастысы, ұмытыла бастаған ұлағаттарымызды қаз-қалпында қайта жаңғырту бүгiнгi ұрпақ үшiн сабақ болары анық. Мiне, әуелi бата жасалып, қарияның алдына бас әкелiндi. Қарап отырсақ, қойдың үйiтiлген басын қасқалаудың да өзiндiк мәнi бар екен. Бiр құлағын үй иесiнiң баласына ұстататын дәстүр бар. Бұл – осы үй қоралы қойлы болсын деген ырымнан туындапты. Мұнан соң қойдың құйқасын, көзiн, маңдайын, тiлiн рет-ретiмен таратып шықты.
Ата-бабаларымыз табақ тартуға да ерекше көңiл бөлген. Қонақтардың жолына қарап кәделi мүшелердi қазанға салған. Табақтың өзi бас, сый, орта, аяқ, күйеу, келiн, қыздар, құдағилар деп сегiз түрге бөлiнедi. Мәселен, бас табаққа бас, жамбас, омыртқа, қазы-қарта, жал-жая сияқты мүшелер салынады. Сый табақ құдаларға немесе туыстық қатынастарға қарай тартылады. Күйеу табаққа төс тартылатынын бәрiмiз бiлемiз. Ал, келiн табаққа ұлтабар мен жүрек салынады. Iрi малдың жүрегiне түрлi дәмдеуiштер салып «үлпершек» деген дәм әзiрленедi. Мұны төркiндеп келген қызға «алыста жүрсең де жүрегiмiздесiң» деген ұғыммен жасайды. Үлпершек кейде жастардың нәзiк сезiмiн бiлдiру үшiн де жасалатын көрiнедi. Бүгiнде қолданыстан шығып қалған «төңкерме» деген тамақ та дастарқанның сәнi болар едi. Келiншектер осы тағамның қалай жасалатынын да көрсеттi.
«Сыбаға сақтау» салты жастардың есiнде болғаны жақсы. Бүгiнгiдей тоңазытқыш, мұздатқыш жоқ замандарда халқымыз еттi ұнның ортасына салып сақтаған. Мұндай жерде сақталған ет бұзылмаған әрi ерекше дәмдi болған. Бұл тәсiл әлi де қолданыста. «Тоңазытқышта сақталған еттiң дәмi болмайды» дейтiн әжелерiмiз сүр еттi сақтаудың ежелгi түрлерiн әлi де қолданып келедi.
Мал өнiмдерi iшiнде сыбаға ретiнде қазы-қарта, жал-жаядан бөлек құрт, iрiмшiк, жент, сүмесүт, қарынға салынған май, тағы басқалары сақталады. Боралдай ауылының тұрғындары жоғарыда аты аталған тағамдарды дайындау жолдарын көрсеттi. Сондай-ақ, дәндi дақылдардан да түрлi сыбаға дайындалады. Жиналғандар алдында дақылдардан жасалатын сыбағаны қалай сақтау керектiгi де көрсетiлдi.
Бәйдiбек аудандық мәдениет және тiлдердi дамыту бөлiмiнiң меңгерушiсi Ерғали Есмұрзаевтың «Сыбаға» этнофестивалiне жергiлiктi тұрғындарды жұмылдыруда жан-жақты еңбектенгенi көрiнiп тұр. Г.Шорабекова, Л.Таева, Ө.Мерей, П.Боранбек, Е.Қамбарұлы сынды күмiс көмей әншiлер ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтiң «Шаянға барсаң әншiмiн деме» деген сөзiн еске түсiрдi. «Жас күйшiлер» оркестрi мен «Алғабас» триосы фестиваль қонақтарына қуанышты көңiл-күй сыйлады.
Iс-шара алдында әдеп-ғұрып және салт-дәстүр орталығының директоры Жәнiбек Абданбекұлы этнографиялық-танымдық фестивальдiң өтуiне үлес қосқан аудандық мәдениет және тiлдердi дамыту бөлiмiнiң меңгерушiсi Ерғали Есмұрзаев пен сала қызметкерлерiне алғысын жеткiздi. Сондай-ақ, бiр топ қатысушыларды Алғыс хаттармен марапаттады.
Уақыт неткен ұшқыр! Әне-мiне дегенше наурыз айы да аяқталып келедi. Ағайынның аңсап көрiсер шағында ортаға қойылар, сәлем-сауқат ретiнде берiп жiберер сыбаға көп болғай! Қазақтың сайын даласын Қыдыр баба аралап, әр шаңыраққа құт-береке, бақ-дәулет қонсын деген тiлекпен тарқасты ақжарылқап ағайын.
Сабырбек ОЛЖАБАЙ.