Ұстаздың абыройы – ұрпақ абыройы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы халыққа арнаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті мәселелері» атты Жолдауында мұғалімдердің шамадан тыс жүктемесі, цифрлық есептіліктің көбеюі және мектептерде ұстаздарға қысым көрсету мәселесін тағы көтерді. ҚР Президенті еліміздің білім беру саласындағы реформалар педагогтердің жұмысын жеңілдетуге бағытталуы керектігін айтып, мұғалімдердің абырой-беделін қорғаудың маңызын атап өтті.

Мен мұны педагог ғалым ретінде қолдаймын. Расында да оқу-ағарту саласындағы реформаларға қатысты түйткілдер қоғамда әлі көп талқыланып жүр. Жалпы, әр өзгеріс мұғалімнің жұмысын жеңілдетуге, оның қызметіндегі артық жүктемені азайтуға бағытталуы керек еді. Іс жүзінде бұл міндет толық орындалмай жатыр. Бұрын қағазбастылық көп болатын. Мемлекет басшысы енді оның орнын түрлі платформаларға, цифрлық жүйелерге енгізілуге тиіс есептер басып отырғанынғанын батыл мәлімдеді. Ал, ұстаздың негізгі миссиясы – балаға сапалы білім беру, яғни сауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу.

Дұрыс айтылған сөз. Бұл уәжді барша педагогтар қуана қуаттайды. Демек, Президенттің айтуынша, «Бұл міндеттерді орындауға кедергі келтіретін басы артық жұмысты доғару керек. Біз мұғалімдердің абырой-беделін қорғауымыз қажет. Соңғы уақытта мектептерде оқушылар ұстаздарына дөрекі сөйлеп, тіпті, күш қолданатын жағдайлар да аз емес. Мұндай кезде көбінесе мектеп әкімшілігі де мұғалімге қысым көрсетіп жатады. Бұл – дұрыс емес. Әр мәселе мұқият әрі жан-жақты қаралуға тиіс. Кез келген жағдайға отбасы да, оқушы да, ұстаз да, мектеп те – бәрі де бірдей жауапкершілікпен қарауы керек. Оқу-ағарту министрлігі бұл жұмысты жіті назарда ұстауы қажет». Сонда ғана мұғалімдердің абырой-беделі артып, ата-ананың да, оқушының да жауапкершілігі артып, мектепке құрметпен қарайтын болады.

 

Саттар ҚУАШБАЙ,

ҚР Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, экономика ғылымдарының докторы, профессор.

«Болашақ» үздіксіз білім беру орталығының директоры, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері.

Пікір қалдырыңыз