Болашақ бүгінгі сыныпта қалыптасады

Білім — баланың бүгінгі мүмкіндігін ғана емес, ертеңгі өмір жолын  айқындайтын басты құндылық. Сондықтан әрбір оқу жылы мектеп үшін кезекті оқу кезеңі емес, жас ұрпақтың білімін тереңдетіп, қабілетін ашуға, азаматтық ұстанымын қалыптастыруға мүмкіндік беретін  маңызды кезең. Осы тұрғыдан алғанда, 2026-2027 оқу жылы біз үшін айрықша міндеттермен басталды. 
Бәріңізге белгілі, биыл 1 шілдеде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы күшіне енді. Бұл – еліміздің құқықтық дамуының жаңа кезеңі. Сонымен бірге адам капиталына, білімге, балаға және оның болашағына деген мемлекеттік көзқарастың жаңа деңгейін айқындайтын маңызды қадам. Сондықтан білім беру саласының басты міндеті тек білім берумен шектелмейді. Мектеп оқушыны заңды құрметтейтін, сыни ойлайтын, функционалдық сауатты, жауапты тұлға етіп қалыптастыруы қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Біздің басты күшіміз – адам және оның жасампаздық әлеуеті. Адамның қадір-қасиеті – ең жоғары құндылығы, заң мен тәртіп – ортақ тұғыры, білім, ғылым, инновация және адам капиталы мемлекеттің стратегиялық таңдауы» деп атап өтті.
Осы ұстанымға сай әр баланың туған жеріне, отбасының әлеуметтік жағдайына, денсаулығына немесе мектебінің орналасуына қарамастан сапалы білім алуына жағдай жасау – ортақ міндет. 
Бұл бағытта Төлеби ауданында нақты жұмыстар атқарылуда. Биыл 150 орынды «Ынтымақ» жалпы білім беретін мектебінің жаңа, заманауи ғимараты пайдалануға берілді. Сонымен қатар, Қазақстан халқына қоғамдық қорының «Ауыл мектебі: тең мүмкіндік» жобасы аясында  6 мектеп – «Сарқырама», «Жеңіс», «Т.Назарбеков», «Жыланбұзған», «М.Әуезов», «Жаңажол» мектептері заманауи жаңа модификациялық химия, биология, физика пән кабинеттерімен жабдықталды. Тірек мектеп №7 ІТ мектеп-лицейі аталған білім ордаларына әдістемелік қолдау көрсетуде.
Қазір ауданда білім бөліміне қарасты 69 білім беру мекемесі бар. Оның 66-сы мемлекеттік, 3-еуі жекеменшік. Бұл мекемелерде  1-11-сыныпта 27 810 оқушы, мектепалды даярлықта 1 702 оқушы білім алады. Биыл «OQU» Ұлттық білім беру платформасы арқылы eGov порталымен 1-сыныпқа 3 032 оқушы қабылданды.
Білім саласында да оң өзгерістер бар. Өткен 2025-2026 оқу жылындағы білім сапасының көрсеткіші 61%-ды құрап, бұрнағы оқу жылымен салыстырғанда 1,8%-ға өсті. Дегенмен, білім сапасы тек пайызбен өлшенбейді. Ең маңыздысы – оқушының алған білімін өмірде қолдана алуы, оны нақты дағдыға айналдыруы.
Мектеп бітірушілерінің нәтижесі де осы бағыттағы жұмыстың маңызды көрсеткіші. Өткен оқу жылында мектепті аяқтаған 1 425 оқушы  ҰБТ тапсырып, орта балл 66,8-ді құрады. ҰБТ-ға оқушылардың 86,8 пайызы қатысты. Оның ішінде 624 оқушы мемлекеттік білім грантын иеленсе, 104 «Алтын белгі» иегері жоғары оқу орындарына түсті. 
Ауданымызда оқушылардың ғылым мен технологияға қызығушылығы да артып келеді. Жақында №10 жалпы білім беретін мектебінің «BARNI» командасы ALMATY TECH CUP XII халықаралық технофестивалінде «ROBOT PERFORMANCE AWARD WINNER» бағыты бойынша жеңімпаз атанып, Қытай Халық Республикасында өтетін халықаралық жарысқа жолдама алды. Бұл – аудан оқушыларының ғылыми-техникалық бағыттағы әлеуетінің жоғары екенін көрсететін жетістік. 
Ғылыми-зерттеу бағытында да оң динамика байқалады. Төлебилік оқушылар ғылыми жобалардың облыстық кезеңінде 28 жүлделі орын иеленіп, өткен жылмен салыстырғанда нәтижесін 2 жүлдеге жақсартты. Республикалық кезеңде 4 жүлделі орынға қол жеткізді. Пәндік олимпиадалардың облыстық кезеңінде 55 жүлделі орын, республикалық кезеңде 8 жүлделі орын иеленді. Ал, көркемсөз оқу байқауларында ауданның 4 оқушысы республикалық деңгейде жеңімпаз атанды. 
Бұл жетістіктердің артында оқушының ізденісімен қатар ұстаздың  да еңбегі бар екенін айта кетейік. Мемлекет басшысы айтқандай: «Барша жетістіктің бастауында ұстаз тұр. Ұлттың болашағы – ұстаздың қолында». Сондықтан ұстаз еңбегін бағалау да назардан тыс қалған емес. Ауданымызда 3 педагог «Еңбек ардагері» медалімен, 5 педагог «Ы. Алтынсарин» төсбелгісімен, 4 педагог «Білім беру ісінің үздігі» медалімен марапатталды. Бұл – мұғалім еңбегіне көрсетілген құрметтің айқын көрінісі. 
  Бүгінде ауданда 3 671 педагог еңбек етеді. 2026-2027 оқу жылында «кәсіби құзыретті педагог» қағидатын негізге алдық. Осы бағыттат пәндік білімдегі олқылықтарды анықтау, тәлімгерлікті күшейту және тәжірибелі ұстаздардың озық тәжірибесін тарату жұмыстары қолға алынды. Нәтижесі төмен педагогтермен жеке кәсіби даму жоспарын түзудің әдістемелік жобаларын іске асыруда жобалық жұмыстар басталды. Барлық білім беру ұйымдары білім сапасын арттырудың нақты жол картасын әзірледі. Оның орындалуы мектеп басшыларына міндеттелді. Сонымен қатар, педагогтердің пәндік және әдістемелік құзыретін жүйелі түрде арттыру жұмыстары жүргізілуде. Әсіресе, нәтижесі төмен пәндер бойынша тәлімгерлікті күшейтуге басымдық беріп отырмыз. 
Сонымен қатар, мектеп директорларының басқарушылық әлеуетін дамыту мақсатында «Көшбасшы мектеп директорларының тәжірибелік алаңы» жобасы іске асырылуда. Білім сапасын жақсарту бағытында «Сапа навигаторы: мектепішілік бақылау», «Білім сапасы: тәжірибе, серіктестік, нәтиже» жобалары қолға алынды. Сонымен қатар «Жасанды интеллект арқылы педагогтердің кәсіби дамуына әдістемелік қолдау көрсету моделі» жобасы жүзеге асырылуда.     
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздар күніне орай сөйлеген сөзінде: «Мұғалімнің мәртебесі қашанда бәрінен биік. Ұлы тұлғалардың өзі ұстазының алдында шәкірт болып қала береді» деген еді. Бұл сөз ұстазға деген құрметпен қатар, оның жауапкершілігінің де қаншалықты зор екенін  көрсетеді. Өйткені, ұстаздың алдынан өткен бүгінгі шәкірт – ертеңгі ел тізгінін ұстайтын азамат. Оның тұлға болып қалыптасуына мектептегі әр сабақ,  ұстазының өнегесі мен берген бағыты ықпал етеді. Сондықтан сапалы білім, тең мүмкіндік және кәсіби педагог – ел болашағын қалыптастыратын басты негіз.
           
 Шұға НҰРАБАЕВА,
Төлеби ауданы білім бөлімінің басшысы.
Пікір қалдырыңыз