Спорт – мінезді қалыптастыратын мектеп
Қозғалыс бар жерде сергектік, спорт бар жерде тәртіп пен жігер бар. Бүгінгі мектептің маңызды міндеттерінің бірі – дені сау, жауапкершілігі жоғары, төзімді әрі мақсатшыл ұрпақ тәрбиелеу. Осы тұрғыдан алғанда, дене шынықтыру сабағының тәрбиелік мәні айрықша.
Спортпен айналысқан оқушы ең алдымен тәртіпке үйренеді. Жаттығуды дұрыс орындау, қауіпсіздік ережесін сақтау, мұғалімнің талабына құлақ асу сияқты қарапайым әрекеттер күнделікті өмірге қажетті дағдыларды қалыптастырады. Ал, жарыс кезінде жеңіске ұмтылумен қатар, жеңілісті қабылдап, қайта талпыну баланың ерік-жігерін шыңдайды.
Командалық ойындардың тәрбиелік мүмкіндігі де мол. Футбол, волейбол, баскетбол секілді спорт түрлері оқушыларды ортақ мақсатқа жұмылуға, бір-біріне қолдау көрсетуге, серіктесін құрметтеуге және нәтижеге жауапкершілікпен қарауға баулиды. Мектептегі спорттық жарыстар, эстафеталар мен үйірмелер де оқушының бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді. Ал, асық ату, тоғызқұмалақ, қазақ күресі сияқты ұлттық спорт түрлері арқылы дене дайындығын жетілдірумен қатар, ұлттық құндылықтарға деген құрметті де қалыптастыруға болады.
Қазіргі цифрлық заманда оқушылардың қозғалыс белсенділігінің маңызы ерекше. Сондықтан дене шынықтыру мұғалімі әр баланың қабілеті мен қызығушылығын ескеріп, сабақты тартымды әрі мазмұнды ұйымдастыруға ұмтылады.
Спорт – тек денені шынықтыратын жаттығу емес, мінезді қалыптастыратын өмір мектебі. Ол баланы табандылыққа, тәртіпке, жауапкершілікке, бірлікке және өз күшіне сенуге үйретеді. Ал, дені сау ұрпақ – ел болашағы. Сондықтан мектептегі әрбір спорттық сабақ пен жарыс баланың денсаулығын нығайтумен қатар, оның тұлғалық дамуына да ықпал ететін маңызды қадам.
Д.САХОВ,
«Дінмұхамед Қонаев атындағы №9 ІТ мектеп-лицей» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі.
Жетісай ауданы.