Еңбегі жанды деген осы!
Жуырда Келес ауданында ұстаз еңбегін ұлықтаған тағлымды іс-шара өтті. Аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев білім саласында 35 жылға жуық еңбек етіп, саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ардагер ұстаз Гүлмира Базарқұловаға «Қазақ-станның еңбек сіңірген ұстазы» медалін салтанатты түрде табыстады.
Гүлмира Аманжолқызы – бастауыш білім беру саласында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған білікті педагог. Ол №33 «Жуантөбе» жалпы білім беретін мектебінде 28 жылдан бері еңбек етіп келеді. Ұстаздық жолын 1997 жылы бастаған Гүлмира Аманжолқызы білімі мен тәжірибесін үнемі жетілдіріп, директордың орынбасары және мектеп директоры қызметтерін абыроймен атқарды.
Оның еңбегі аудандық, облыстық және республикалық деңгейде бірнеше мәрте аталып өтілді. Ол 2015 жылы «Облыстың үздік мұғалімі» атанса, 2021 жылы «Қазақстанның жыл мұғалімі» республикалық байқауының жеңімпазы болып табылды. Шәкірттері де түрлі олимпиадалар мен ғылыми жобаларда жүлделі орындардан көрініп келеді.
Гүлмира Базарқұлова сондай-ақ, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хатымен, «Ұлағатты ұстаз» және Ыбырай Алтынсарин төсбелгілерімен марапатталған. Аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев марапат иесін құттықтап, ұрпақ тәрбиесіне сіңірген еңбегі үшін алғысын білдірді.
– Ұстаз еңбегі – ұлт болашағына салынған ең үлкен инвестиция. Бұл марапат – сіздің көп жылғы еңбегіңізге, кәсіби шеберлігіңізге және ұстаздық жолдағы табандылығыңызға берілген лайықты баға, – деді аудан әкімі.
Расында да, «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» наградасы – ұстаздық жолды өмірлік мұрат еткен маман еңбегіне берілген жоғары баға десек, қателеспейміз.
Гүлдана АЙХОДЖАЕВА.
Келес ауданы.