Мектептің жаны – мұғалім
Бүгінде мемлекет тарапынан білім беру саласына көп көңіл бөлініп, мамандардың қажырлы еңбек етуіне барлық жағдай жасалған. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев саланы дамытуға қатысты бастамаларын жүзеге асыру үшін педагогтер алдына нақты міндеттер қойды. Биылғы қабылданған жаңа Конституцияда да және жаңадан сайланған бір палаталы Құрылтайда да педагогтерге үлкен міндеттер жүктелді. Біз оны әрбір жұмыс күнінде зердемізге тоқып, бала болашағының жарқын болуы үшін еңбектеніп келеміз.
Отызыншы жылдары құрылған «Қызыл Ту» колхозы бүгінде Елшібек батыр атындағы ауыл деп аталады. Ерекше айта кетерлігі, сол кезде колхоз құрумен қатар, мектеп ашу ісі де қатар қолға алынды. Сарманқожа деген кісі алғашында балаларға арабша дәріс беріп, сауаттандырған екен. Оның немересі, былтыр жүз жылдығы облыс көлемінде аталып өтілген жазушы Әдіһам Шілтерханов та осы мектептен сауат ашты. Содан бері де қаншама су ақты, қаншама уақыт өтті, заман өзгерді. Заман ағымына ілескен білім ұясы жаңғырып, жаңарды. Әуелгіде жүзге жуық шаңыраққа бастауыш мектеп салынса, 2022 жылдан «Төрткүлтөбе» деп аталатын ұжым орта дәрежелі санатқа көшті. Ғимарат жетпісінші жылдардағы Төрткүл өңірін суландыру мақсатында құрылған кеңшардың дала қосына орналасты. Кейін ғимаратқа бөлмелер қосылып, ыңғайластырылғанмен, тозығы жетті. Биылғы жаңа оқу жылының басында 200 орынды жаңа мектеп ғимараты пайдалануға беріліп, қуанышқа кенелдік. Білім ұясындағы 11 сыныпта 175 оқушыға 22 ұстаз дәріс береді. Бюджеттен қаржы бөлдіріп, жаңа мектеп салып бергені үшін Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаевқа, мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков және облыстық мәслихат депутаты Ғани Райымбековке алғыс айтамыз. Шәкірттердің сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. Мектепте пән кабинеттерімен қатар, зертханалар, еңбек және шығармашылық бағыттағы сыныптар, тігін шеберханасы, спорт залы бар.
Өз міндеттеріне үлкен жауапкершілікпен қараған ұстаздар бүгінде еңбектерінің жемісін көруде. Әр жылғы мектеп түлектерінің ҰБТ тапсыру және ЖОО грантпен оқуға түсу динамикасы бойынша 2022 жылдан бері ұжымымыз ауданда бірінші орынды бермей келеді. Тек өткен оқу жылының өзінде бұл 50 пайызды құрағанын (ауданда 24 пайыз) айтуымыз керек. Ұстаздар мен шәкірттер білім сапасын көтеру мақсатында аудандық, облыстық педагогикалық оқуларға, олимпиадаларға, байқауларға жиі қатысып, жүлделі орындардан көрінуде. Өткен оқу жылында барлық аймақтық жарыстарда ұстаздарымыз бақ сынап, біліктілігін көрсетті. Облыстық байқауда Арсен Аманбай (ұстазы – К.Мейірбекова), Данагүл Орынбай (ұстазы – З.Әбибулла) және Сая Аманбай (З.Әбибулла) математика пәнінен, Асхат Мәліков
(С.Атабаева) биология, Айша Төлешова, (Г.Раманқұлова) сыни ойлау және философия олимпиадасында жоғары көрсеткішке қол жеткізді.Аружан Нұрлыбай (М.Күжім) «Ясауитану-2026» байқауында облыста топ жарса, биылғы сәуір айында өткен республикалық сында 2-орын алып, мәртебемізді асқақтатты. Қазіргі міндет – жасанды интеллектіні дамыту және қолданысқа енгізу. Бұл бойынша 22 ұстаз білімін жетілдіру курстарында оқыды.
Биыл 5 қазанда ұстаздар күні аталып өтеді. Бала болашағы жолында аянбай тер төгіп жүрген әріптестерімді кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын! Еңбектеріңіздің жемісін көріп, ұлағатты деген аттан айнымай, табысқа жете беріңіздер!
Рахматулла СМАН,
«Төрткүлтөбе» жалпы білім беретін мектебінің директоры.
Ордабасы ауданы.