Алгоритм таппаған ақиқат

Заманның жаңарғаны жақсы. Бірақ заман жаңарған сайын адам да жаңара ма? Ақпараттың көптігі ақылдың тереңдігін білдіре ме? Жасанды интеллект жауап бергенімен, сол жауаптың жөнін кім табады? Шымкентте өткен республикалық олимпиада осы сауалдарға ой жүгіртіп, технология мен адамдықтың арасындағы байланысты қайта қарауға мүмкіндік берді.

2026 жылғы 21 – 22 қазанда Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде «Қоғамды ізгілендірудегі Абай ілімі және жасанды интеллект» атты республикалық олимпиада өтті. Алты командадан 38 студент қатысқан білім бәсекесі ұлттық мұра мен заманауи технологияны бір арнаға тоғыстырды.

Олимпиада өтетін ортаға келгенде, мұндай сайыстың жөні бөлек екенін аңғарасың. Мұнда білімнің ғана емес, ұлттық танымның да бәсі бар. Өйткені Абай Құнанбайұлын білу – оның сөзін жатқа айту емес, айтқанын өмірмен байланыстыра білу. Сәйкесінше, жасанды интеллектіні меңгеру – оның мүмкіндігін пайдаланумен шектелмей, сол мүмкіндіктің жауапкершілігін сезіну.

Сайыстың алғашқы кезеңдері қатысушылардың Қазақстан тарихы, ұлттық құндылықтар, мәдени мұра және азаматтық жауапкершілік бағытындағы білімін саралады.  «Ұлттық ойындар – ұлттық рух» кезеңі жарысқа ерекше мазмұн қосты. Асық ату, тоғызқұмалақ, ләңгі тебу мен арқан тарту – сырттай қарағанда қарапайым ойындар. Бірақ әрқайсысының астарында бір тәрбие жатыр.Тоғызқұмалақ асықпай ойлануға үйретеді. Асық ату дәлдікті талап етеді. Арқан тарту күштің жалғыз өзіне сеніп болмайтынын көрсетеді. Бір адамның қарымы жетпеген жерде көптің ынтымағы керек. Ұлттық ойындардың ұрпақтан ұрпаққа жетуінің сыры да осында: олар уақыт өткізудің амалы ғана емес, мінез қалыптастырудың жолы.

Хакім Абайдың 45 қара сөзінің мазмұнын талдау қатысушыларды ойдың тереңіне жетеледі. Ақынның адам болмысы, білім, еңбек, мінез бен ар туралы тұжырымдары бүгінгі күннің мәселелерімен сабақтасты. Әсіресе он бесінші қара сөздегі есті адам мен есер адам туралы ойдың қазіргі ақпарат дәуірінде мәні зор. Бүгін ақпаратты табу қиын емес. Қиыны оның ішінен ақиқатты табу. Жауапты жасанды интеллекттен сұрауға болады. Бірақ оның дұрыстығын тексеру, салдарын бағалау, оны игілікке жұмсау адамның өзіне байланысты. Технология адамның мүмкіндігін арттырғанымен, оның орнына ар-ұят пен жауапкершілік иесі бола алмайды.

Осы тұста қазақтың бас ақынының  «толық адам» туралы іліміне қайта ораласың. Ақыл керек. Қайрат керек. Жүрек керек. Үшеуінің бірі кем болса, адам да кемеліне жете алмайды. Білім жүрексіз болса – суық, қайрат ақылсыз болса – қатерлі, ал, ниет әрекетсіз қалса – құр сөз. Демек, цифрлық дәуірде де адамның шынайы өлшемі оның қанша білетінінде ғана емес, білгенін қалай жұмсайтынында.

Олимпиада қорытындысында «Ойөріс» командасы бірінші орын иеленді. «Жасын» командасы екінші, «Ізгі ой» командасы үшінші орынға тұрақтады. «Тұмар», «Алтын жебе» және «Алаш ізбасарлары» командалары түрлі номинациялармен марапатталды. Жеңімпаз «Ойөріс» командасының мүшесі, Филология факультетінің төртінші курс студенті Қарақат Берік жарыстың өзіне берген әсерін бөлісті. « Сайыста  «Абай және толық адам », «Жасанда интеллект және болашақ» кезеңдерінен жоғары ұпай жинадық. Ұстаздарымыз бен достарымыздың қолдауы жігер берді. Бұл олимпиада Абай Құннбайұлының он бесінші қара сөзіндегі есті адам мен есер адам туралы ойларды тереңірек түсінуге, бірлік пен ынтымақтың қадірін ұғынуға көмектесті» , – дейді ол.

Филология факультетінің студенттік деканы Жаннұр Садықтың айтуынша, студенттер олимпиадаға үш апта бойы дайындалған. Олар тоғызқұмалақ ойынын пысықтап, Абай Құнанбайұлының қара сөздері мен кітаптарын өзара алмастырып, бір-біріне қолдау көрсеткен. Жарыстың сыртында осындай еңбек жатыр. Жеңіс бір күнде келеді, ал сол жеңіске жеткізетін ынтымақ пен дайындық біртіндеп қалыптасады. Филология факультетінің студенттік деканының айтуынша, олар факультет деканы Масалиева Жанар Амалбайқызына және олимпиада барысында басынан аяғына дейін қолдау көрсетіп, жігерлендірген Сапарбаева Қарлығаш Жылқыбайқызына шынайы ризашылықтарын білдіреді. Шара көрермендерді де ортақ іске тартты. Олар электронды асық атудан жарысып, ағартушының өлеңдерін оқып, ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты сұрақтарға жауап берді. Белсенді қатысушыларға кітаптар сыйға тартылды. Студенттер «Желсіз түнде жарық ай», «Көзімнің қарасы» әндерін орындап, әдебиет пен өнердің байланысын көрсетті. Олимпиаданы академик Оразалы Сәбден, проректор Баршагүл Исабек және факультет декандары тамашалады. Электронды асық пен Абайдың қара сөзі бір алаңда тоғысты. Бірі – бүгінгі технологияның мүмкіндігі, екіншісі – ғасырлардан жеткен рухани мұра. Екеуінің қатар тұруы заман мен дәстүрдің бір-біріне қарсы емес екенін аңғартады. Дәстүрді сақтай отырып жаңаруға болады. Технологияны игере отырып, ұлттық болмысты жоғалтпауға болады. 
Бұл олимпиаданың мәні жүлделі орындарды анықтаумен шектелмейді. Оның басты нәтижесі – жастарды білімнің мағынасы, технологияның жауапкершілігі және адамдық қасиеттің құны туралы ойландыруында.

Сайыстан түйген ой қарапайым болғанымен, салмағы жеңіл емес: білімді болу – міндет, білгеніңді жақсылыққа жұмсау – жауапкершілік. Жасанды интеллект ақпаратты көбейтер, мүмкіндікті кеңейтер. Бірақ адамды адам ететін қасиеттерді әркім өз бойында тәрбиелеуі керек. Заман озады. Технология өзгереді. Бірақ адамдықтың бағасы өзгермеуге тиіс. Абай мұрасының бүгінгі ұрпаққа аманаты да – осы.

Мәдина Қанатқызы

 

Пікір қалдырыңыз