Сыры терең Сүткент
Аман Жайымбетов,
«Оңтүстік Қазақстан».
Шардара ауданына қарасты Сүткент ауылын көнекөз қариялар тарихы тереңнен сыр шертетін, небір зобалаңды бастан кешкен көне кенттердің бірі ретінде жиі сөз етеді. Тарихи деректерге қарағанда көне қаланың іргесі орта ғасырларда қаланған екен. Ұлы Жібек жолы бойындағы оғыз тайпасының үлкен сауда орталығы, тіпті, шапқыншылық салдарынан екі рет күйреген көрінеді. Кім келіп, кім кетпеген көне кент Кеңестер Одағы тұсында да өзінің мықтылығын көрсете білген. Мал шаруашылығымен айналысқан кеңшар екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қан майданға қанар-қанар құрт, саба-саба сарымай, жәшік-жәшік ірімшік жөнелткен. Осынау еңбектің ескерілгені болар, алақандай ауылдан төрт бірдей азамат – Қаныбек Жанболатов, Құдайберген Күнтаев, Самат Көшенов, Шерімбет Жұмабеков Социалистік Еңбек Ері атанса, мал шаруашылығында қажырлы еңбек еткен Батырбек Пернебеков, аға шопан Садырбай Сейітжановтар Ленин орденімен, сауда саласындағы үлгілі қызметі үшін Шарипа Тұрғанбаева «Еңбек Қылыл Ту» орденімен марапатталған.
Міне, осы халқы еңбекқор Сүткенттің жаңа келбеті де жыл өткен сайын заман талабына сай жаңарып келеді. Әсіресе, ауыл тізгігін Қайрат Кенбай қолға алған жылдары көптеген игі істер қолға алынды. Көшелер жарықтандырылып, көгалдандыру жұмыстары қарқын алды. Ауылдағы Мәдениет үйінің айналасы абаттандырылып, емхана пайдалануға берілді. Демеушілер есебінен спорт кешені салынып, бүгінде мұнда түрлі үйірмелер жұмыс істейді.
Таяуда жолымыз түсіп, аталған ауылға барғанымызда ел игілігі үшін қолға алынған жұмыстар өз жалғасын тауып жатқанына куә болдық. «Ауыл тұрғындарының ауызбіршілігі жаман емес, – деп бастады сөзін ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шалабай Үсіпбаев. – Екі жыл бұрын Сүткенттің 80 жылдығын аудан көлемінде атап өттік. Қазақта «Той сылтауымен тон бітеді» деген сөз бар. Осы мерейтой аясында біршама жұмыстар қолға алынып, оңтайлы шешілді. Ол кезде ауыл әкімі Қайрат Кенбай еді. Түркияда білім алған жас маман бар тәжірибесін туған жерін түлетуге арнап, аянбай еңбек етті. Қандай мәселені қолға алса да алдымен ауыл ақсақалдарын жинап ақылдасып алады. Әкесі Рахымжан ағамыз да 1981-1987 жылдары осы кеңшардың директоры болғандықтан, ауылды бес саусағындай жақсы біледі. Ол кісінің де ауылды көркейту жолындағы еңбегі ерен. Сонымен бірге, Сүткенттен шыққан басқа түлектер де ауыл дегенде аянып қалған емес».
Ауылдық ардагерлер кеңесі төрағасының айтуынша, оның алдындағы жас та жігерлі әкім Олжас Айдосов та аянбай еңбек еткен екен. Бүгінде басшылық тізгін ауылдың тағы бір түлегі, мемлекеттік қызметте әбден ысылған тәжірибелі маман Мырзағали Қарымсақовтың қолында. Шардара аудандық аумақтық сайлау комиссиясының 2026 жылғы 20 сәуірдегі №66 шешімімен Сүткент ауылдық округінің әкімі болып сайланған оны да стратегиялық маңызы зор жұмыстар күтіп тұр. Бір кездері оғыз тайпасының сауда орталығы ретінде даңқы шыққан көне қала кейіннен кеңестер дәуірінде елтірісімен, ет-сүтімен әйгілі болды. Тәуелсіздік алған жылдары мал, егін шаруашылығын қатар алып жүріп, тағы да толағай табыстарға кенелді.
Ауыл шаруашылығын одан әрі өркендетіп, ет, сүт өнімдерін тереңірек өңдеу үшін сауда-логистика саласын жолға қойған жөн. Ол үшін көршілес жатқан Сарыағаш ауданымен байланысты күшейту керек. Ауыл тұрғындарының айтуынша, Сырдарияның таяздау тұсынан көпір салынса, екі аралықтағы екі жарым сағаттық жолды жүз шақырымға дейін қысқартуға болады.
«Сүткент–Бозтоғай ауылдарын байланыстыратын төте жол салуды біз біраз жылдан бері айтып келеміз. Мұны зерттеп көрген мамандар да оның тиімділігін жоққа шығара алмайды. Айталық, Шардараның Сүткентімен Сарыағаштың Бозтоғайын байланыстыратын көпір салынса, оның жолындағы Қожатоғай, Әлімтау ауылдарының да бойына қан жүгіріп, екі тарапқа да қатынау оңай болатын еді. Мұндай стратегиялық маңызы зор жобалардың сызбасын бұрынғы әкім Қайрат Рахымжанұлының өзі сызып, құжаттарын реттеп жүрген болатын. Бірақ, басқа жұмысқа ауысуына байланысты әкім лауазымына қайта сайланудан бас тартты. Жаңадан сайланған әкім де көпті көрген, тәжірибесі мол маман ғой, осы жобалардың жүзеге асуына атсалысатын шығар деген сенім бар» дейді Шалабай Үсіпбаев.
Алыстағы ауылға ат ізін салған соң ондағы ақсақалдарды да сөйлетіп, сыры терең Сүткенттің арғы-бергі тарихына толық қанығып қайтқанды жөн көрдік. «Қариясы бар елдің қазынасы бар» дегендей, мұнда екі дәуірдің көзін көрген, ғасырға жуық ғұмыр кешкен қазыналы қариялар жоқ емес. Бірі кем тоқсанға толып отырған Сапархан Тұрғанбаевты сөзге тартқанымызда өткен күндерін күні кешегідей көз алдына келтіріп, ықыласпен әңгімелеп берді.
«Бұл ауыл 1944 жылы Қызылқұм (қазіргі Отырар) ауданы «Көксу» мал шаруашылығының екі фермасын және Арыс ауданының «Байырқұм» қой шаруашылығының екі фермасын біріктіріп барып құрылды. Әкем Шоңай 1941 жылы соғысқа аттанды. Біз ол кезде Көксу ауылында тұратын едік. Араға екі жыл салып әкем соғыстан ауыр жарақатпен оралды. Мен ол кезде бар болғаны алты жасар баламын, сонда да күні кешегідей көз алдымда, әкемнің сол қолы қанталап ісіп кеткен. Әбу деген ағамыз бір аппақ сүйектен істік жасап, әкемнің қолындағы жараны шұқылап, қадалып қалған оқтың қалдықтарын біртіндеп түсірді. Анам Мейрамкүл әкемнің қою қан ағып жатқан қолына киізді күйдіріп басты. Бір қолын таңып, мойнына іліп алған әкем сонда да қарап жатпай, үй шаруасына қолғабыс етіп жүреді. Біздер таяқпен алма қағамыз, оны әкем бастаған үлкендер қанар қаптарға салып, өкіметке өткізеді. Сөйтіп жүргенде әкеме тағы да шақырту келді. Кеңшар директоры Берішев (есімі есінде қалмапты) әкемді сыңар қолмен соғысқа барып жарытпас деген болуы керек, қой бағуға кеңес берді. Оған қуана келіскен әкем бізді бір күнде қазіргі Қазақстан ауылының үшінші фермасы бар ғой, сол жерге көшіріп әкелді. Баламын ғой, арбада ұйықтап кетсем керек, бір кезде көзімді ашсам әкем айдалада ағаш үй тігіп жатыр. Сол адырдың еңістеу тұсынан құдық қаздық. Ақсақ-тоқсақ қойлар көшке ілесе алмай түстік жердегі Сырдарияның суына жете алмай қиналады екен. Құдық қазған жерді қазір «Шабырлы» деп атайды, алғашқы қыстауымыз сол жерде болды. Бір күні үйге үш аттылы келді. Олар қырдағы барлық малдың басын біріктіріп, жаңадан құрылған «Сүткент» кеңшарына көшіріп жүр екен. Содан көп ұзамай қолымыздағы бір отар малымызбен осында көшіп келдік» дейді Сапархан ата.
Ұзақ жыл мал шаруашылығымен айналысқан Шоңай ата 1978 жылы дүние салады. Ал, баласы Сапархан орта білім алып, кейіннен арнайы курсты бітіріп, кеңшардың тракторын жүргізеді.
Сапархан атаның тағы бір замандасы Қыздықой апаның да балалық шағы туралы айтатын қызығы аз емес.
«Жолдасым Жұпар Тілеуімбетов 1926 жылғы еді. 1957 жылы Мақтааралдан осында көшіп келдік. Құрылғанына он жылдан асқан «Сүткент» совхозы сол жылдары өкіметке елтірі, ет, сүт өткізумен даңқы асқақтап тұрды. Ауылдың іргесіндегі «Бестам» деген жерге қойларды айдап келеді. Біз оларды көгендеп, сауып аламыз. Әлі есімде, Бәку деген бригадиріміз болды. Сол кісі бәрімізді қадағалап, кім қанша сүт өткізгенін есептеп тұрады. Жақсы жұмыс істегендерді ынталандыру үшін түрлі марапаттарға ұсынатын» деп еске алады Қыздықой апа.
Осынау еңбектің нәтижесінде кеңшардың жоғары көрсеткіші кешегі күнге дейін дәуірлеп тұрды. 1945-1947 жылдары КСРО қорғаныс халық комиссариаты мен Сыртқы сауда комиссариатының ауыспалы Қызыл Туын екі рет жеңіп алған. Ауыспалы Қызыл Туды уыстан шығармай ұстаған Арыс ауданының «Овцевод» кеңшары мен Қызылқұм ауданына қараған «Сүткент» кеңшары еңбеккерлерінің жетістіктері жоғары бағаланып, аталған кеңшардың басшылары облыс бойынша берілген екі көлікті тақымға басады. Ол кезде көптеген кеңшар басшылары қызметтік көлік ретінде жылқыны пайдаланады екен. Алғашқылардың бірі ретінде темір тұлпарды тізгіндеген олар осылайша тарихта қалды.
Міне, осындай тарихы терең, абыройы ерен өлкеден елге белгілі азаматтар аз шықпағанын да айта кетейік. Есімі елге кеңінен таныс мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым Төлеген Тәжібаев бастаған, әріптесіміз, марқұм Ниятолла Сейданов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Төлеген Айбергенов атындағы және «Серпер» жастар сыйлықтарының лауреаты, ақын Әлібек Шегебай, руханият жанашыры, белгілі меценат Дайрабай Мамашұлы, ауыл шаруашылығы саласының үздік қызметкері Тұрғанбек Оспанов сынды тұлғаларды жерлестері мақтан тұтады.