Ғасырды түйіндеген ғұмыр
Қылқаламды
қасиет тұтып, ұлттық өнердің тамырына рух дарытқан дара дарынның есімі қазақ
бейнелеу өнерінің тарихында айрықша орын алады. Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік
Қазақстан зерттеу университетінде ұлттық гобелен өнерінің негізін қалаушы,
кәсіби суретші Батырбек Туғанбайұлының туғанына 80 жыл толуына орай «Өнерге
адал ғұмыр» атты тағылымды кеш өтті.
Халықаралық
ғылыми-тәжірибелік конференция «Өтеп Батырбектің шығармашылық мұрасы: дәстүр
сабақтастығы және заманауи көркемдік ізденістер» тақырыбына арналды. Бұл
атаудың астарында үлкен мән бар. Өйткені шебердің шығармашылығы – өткеннің
өрнегін бүгінгі көркемдік тілмен сөйлетіп, ұлттық мұраны жаңашылдықпен
сабақтастырған өнер мектебі.
Рухани
басқосуға еліміздің белгілі өнер қайраткерлері, Қазақстан Суретшілер одағының
мүшелері, суретшінің көзін көрген шәкірттері, Ресей мен Өзбекстанның жетекші
жоғары оқу орындарының ғалымдары қатысты. Кештің қадірлі қонағы – суретшінің
өмірлік серігі, мол мұрасының шырақшысы Бибайша Өтепова.
Конференция
көрмемен ашылды. Көрермен назарына қылқалам шеберінің отыздан астам туындысы
ұсынылды. Әр гобеленге үңілген сайын жіп пен бояудың ар жағынан тұтас бір дәуірдің
тынысы сезілгендей. Көшпенділердің дүниетанымы, даланың дарқан мінезі, ұлттық
ою-өрнектің терең мағынасы – бәрі де көркемдік шешім арқылы жаңа сипатқа ие
болған. Бұл туындыларда ою жай әшекей емес, ұлттың өткені мен бүгінін жалғайтын
рухани белгі.
Салтанатты
жиында сөз алған университеттің Басқарма Төрағасы – ректор Мұхтар Төлеген өнер
иесінің шығармашылық мұрасын ұлықтаудың маңызына тоқталды. «Ұлттың рухани
болмысын ұлықтайтын – өнер. Ал өнерді өлмейтін ететін – тұлға. Батырбек
Туғанбайұлы – қазақ гобеленін қолөнерден кәсіби өнер деңгейіне көтеріп, мектеп
қалыптастырған суреткер. Оның мұрасын ұлықтау, жас ұрпақтың санасына сіңіру –
біздің қасиетті борышымыз», – деді ректор.
Кештің ең әсерлі сәттерінің бірі – Бибайша Өтеповаға көрсетілген құрмет болды. Ректор Мұхтар Төлеген суретшінің жарына университеттің ең жоғары марапаты – «Мұхтар Әуезов атындағы» төсбелгіні салтанатты түрде табыс етті. Бұл – бір адамның еңбегіне ғана емес, тұтас бір әулеттің ұлттық өнерге сіңірген қызметіне көрсетілген тағзым.
Конференцияның
ғылыми бөлімінде мазмұнды баяндамалар жасалып, суретшінің шығармашылық жолы мен
көркемдік ізденістері жан-жақты талданды. Зерттеушілер оның ұлттық гобеленді
дербес кәсіби өнер деңгейіне көтерудегі еңбегіне, шәкірт тәрбиелеп,
шығармашылық мектеп қалыптастыруына және дәстүрлі ою-өрнекті заманауи көркемдік
тәсілдермен ұштастыруына ерекше назар аударды.
Расында, нағыз
суреткердің өлшемі – жасаған туындысының санында емес, сол туындының халық
жадында қалдырған ізінде. Бірі кенепке бояу жақса, бірі тасқа таңба басады. Бұл
өнер иесі жіпке ұлттың жадын, өрнекке даланың мінезін сыйғыза білді. Оның
гобелендері – көзге көрінетін көркем дүние ғана емес, ұрпаққа жеткен рухани
аманат.
«Өнерге адал
ғұмыр» – өткенді еске алумен шектелетін шара емес. Бұл – ұлттық мұраның қадірін
қайта таразылап, өнер арқылы өз болмысымызды тануға шақыратын тағылым. Уақыт
талай есімді көмескі тартқызуы мүмкін. Бірақ халықтың рухынан нәр алған
туындының ғұмыры ұзақ. Өйткені өнердің тілі ескірмейді. Ұлт жадын өрнекке
айналдырған шебердің ізі жіптің арасында ғана емес, ұрпақтың жүрегінде
сақталады.
«Оңтүстік Қазақстан».