Жүзім еккеннің жүзі жарық

Сабырбек Олжабай,
«Оңтүстік Қазақстан».

Төлеби ауданы, Тасарық ауылдық округіндегі «Арман» жүзім шаруашылығының агрономы Ерік Пернебаевпен (суретте) әңгімелесе қалсаңыз тап осылай дейді. Ол жүзім жайында толғағанда сағаттап сөйлейді, тіпті шабыттанып кетеді екен. Олай сөйлеуінің жөні де бар сияқты.

– Жүзімнің қасиеті туралы Құранда да айтылады. Шын мәнінде, жүзім жемісі адамның ас сіңіруін жақсартып, зат алмасу процесін тездетеді. Оның жылдық тіршілігі екі кезеңнен (тынығу мен вегетация) тұрады. Тынығу кезінде жапырақтары түсіп, қоректік заттар сабағына, тамырына жиналады. Жүзімді медицинада асқазан, ішек, бауыр ауруларын емдеуге, қан аздықта, ревматизмде, полиартрит сырқатында, қан қысымын төмендетуге пайдаланады. Жүзім иммунитетті күшейтеді, жүйкені тыныштандырады, терінің түлеуін жақсартады. Аллергия мен буындарда тұз жиналуының алдын алуда да жүзім өте шипалы. Оның құрамындағы табиғи фруктоза  ағзадағы  жұмсалатын қуаттың тезірек қайтадан қалпына келуін қамтамасыз етеді. Жүзім шырынындағы биофлавонойдтар С дәруменінің белсенділігін арттырады. Бұл жемісте,  сондай- ақ, жүрек соғысының реттелуін жақсартатын  калий мол. Ол бүйрек жұмысын да реттейді, – дейді Ерік жүзімдікке бастап келе жатып.
Еріктің әңгімесінен соң мөлдіреп көздің жауын алып тұрған жүзімді үзіп жегің келіп кетеді екен. Жүзім  қаз-қатар болып, сарбаздар сияқты сап түзеп тұр. Сабағынан үзіліп түсердей болып тұрған жеміс молшылықтан хабар беріп қана қоймай, өзі өсіп тұрған өлкеге сұлулық та сыйлайды. Ерік айтқандай, жүзім еккеннің жүзі жарық екеніне иланасыз.  Өйткені, олардың еккен жүзімінің шипасын талайлар көріп жүр. 
«Арман» жүзім шаруашылығы диқандары әу баста 9 гектар жерге жүзім еккен болатын. Алғашқы жылдары біраз қиындықтарды бастан өткізді. Оларға тиесілі жер тастақты екен. Ұжым болып жер өңдеумен, тастарды теріп алып сыртқа тасумен айналысты. Бұл  оңай тірлік болған жоқ. Таңертеңнен кешке дейін алқаптағы темір-терсекті, тасты, басқа да қоқыстарды тазалау үшін біраз тер төкті. Мұнан соң өздері алып келген жүзім сорттары жерсіне ме деген уайым да болды. Олар жүзімнің Ризамат, Кишмиш, Шашла, Нимранг деген сұрыптарын таңдаған еді. Көп кешікпей қадаған қаламшалары көктеп шықты. Жүзім жапырағын кең жайып, өнім бере бастады.
Бүгінде жүзімге тапсырыс көбейген. Ауыл тұрғындары жиын-тойға жәшіктеп алып кетеді. Жемістің пайдасын біліп алғандар дастарқан мәзірінен жүзімді үзбейтін болған. Түкпірдегі Тасарық ауылының өнімін көршілес Жамбыл, Қызылорда облыстарының кәсіпкерлері де біліп алған. Олар да алдын-ала тапсырыс беріп тұрады. Осылайша, сұраныс көбейген соң алқапқа тағы 9 гектар қосып, жүзімдікті 18 гектарға ұлғайтты. Қазір алқаптағы барлық жүзім жеміс салып тұр. Жан-жақтан келіп, сатып алып кетіп жатқандар қарасы да қыруар. 
– Жүзімге жау көп болады екен. Тау баурайында тұрамыз, бізде бұршақ аралас жаңбыр жиі жауады. Мұндайда 18 гектар алқапты түгел жауып тұратын шатыр қайдан болсын?! Дегенмен, біз мұның да есебін таптық. Сосын құс біткен де бізге қас. Оларды тақылдақпен үркітеміз. Әйтпесе, құстар торды тесіп, жүзімнің түгін қалдырмай жеп кетеді. Былайғы жұрт «жүзімді еккен соң, піс, аузыма түс деп жата беруге болады» деп ойлайды. Жоқ, ештеңе де оңайлықпен келмейді. Күзде өнім жиналып болған соң  жүзім бұтақтарын орап көмуіміз керек. Бұған кемінде 120-130 адам жұмылдырылады. Ал, қазір 30 адам жүзім теріп жүр. Олардың әрқайсысына күніне  терген өніміне қарай 7-8 мың теңге төлейміз. Шаруа қожалығының төрағасы Сабыржан Танабаев осы жұмыстардың басы-қасында жүреді, – дейді агроном Ерік Ташмаханұлы.
Бүгінде «Арман» жүзім шаруашылығы барлық агротехникалық шараларды қолдана отырып, жұмыс істеуде. Күтімі жақсы болса жүзім 50 жылға дейін өнім береді екен. Сондықтан, тасарықтық бағбандар өнімнің сапалы да мол болуы жолында тер төгуде. Ал, өнім сапасы мен молшылығы агрономға тікелей байланысты. Ендеше, мол табысқа  Еріктің ерен еңбегі сіңді деуге әбден болады.

Төлеби ауданы. 
Суретті түсірген Қайсар ШЕРІМ.
Пікір қалдырыңыз