Өңір тұқымбақтарында көшет қоры жеткілікті
Мемлекет басшысы республика көлемінде 2 млрд. түп ағаш көшеттерін отырғызу міндетін қойған болатын. Осыған байланысты Түркістан облысының орман қоры аумағында 2021-2027 жылдары 110 мың гектар жерге 170 млн. түп көшет егу жөніндегі арнайы кешенді жоспар бекітілді. Жоспарға сәйкес, 2021-2025 жылдары 96 мың гектар жерге 146 млн. түп көшет егілді. Нәтижесінде белгіленген жоспар 116 пайызға артығымен орындалды. Ал, 2026-2027 жылдары қалған 14 мың гектар жерге 24 млн. түп көшет егу жұмыстары жүргізіледі. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен жиында баяндалды.
Облыс әкімі жауапты тұлғаларға көгалдандыру жұмыстарын одан әрі күшейтуді, көшеттерді күтіп-баптау жұмыстарын жүйелі ұйымдастыруды тапсырды.
– Елді мекендерді көгалдандыру жұмыстарын күшейту қажет. Отырғызылатын көшеттердің сапасына баса назар аударыңыздар. Ағаш көшеттерін күтіп-баптау жұмыстарын жандандырып, олардың уақтылы егілуін, суарылуын және қоршау жұмыстарының жүргізілуін қатаң бақылауға алыңыздар. Сырттан көшет алып келмей, өз-өзімізді көшетпен, көпжылдық гүлмен 100 пайыз қамтуға мүмкіндігіміз бар. Осы мүмкіндікті тиімді пайдалануымыз қажет. Осыған байланысты кешенді жоспар әзірлеуді тапсырамын. Сонымен қатар дендрологиялық жоспарды толық әрі сапалы аяқтауды қамтамасыз етіңіздер, – деді Нұралхан Оралбайұлы.
Жиында облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ғалымжан Төлепов елді мекендерді көгалдандыру бағытындағы жұмыстардың барысы туралы баяндады. Оның мәлімдеуінше, биыл наурыз айында 13 600 гектар аумақта жер жырту жұмыстары жүргізілді. Өңірдегі аудан, қалаларды көшеттермен қамтамасыз ету мақсатында алдағы күз айларында 509 700 түп, 2027 жылдың көктем айларында 530 600 түп көшет босату жоспарланған. Сонымен қатар биыл көктемде 4 318 келі тұқым себілді. Күзде тағы 6 498 келі тұқым себу жоспарланып отыр.
Президент тапсырмасына сәйкес, республика бойынша бес жыл ішінде елді мекендерге 15 миллион түптен астам ағаш отырғызу міндеттелген. Жоспар аясында Түркістан облысының елді мекендерін көгалдандыру үшін 1,1 млн. түп көшет егу көзделген. Осы мақсатта өткен жылы облыс аумағында 1 065 139 түп әртүрлі ағаш көшеттері отырғызылды. Ал, биыл
1 млн. түп көшет отырғызу жоспарланып отыр. Оның ішінде көктемгі маусымда 332 500 түп көшет егілді.
Сонымен қатар 2025-2026 жылдары отырғызылған ағаш көшеттерінің жағдайын бақылау мақсатында жұмыс тобы құрылып, көшеттерді қоршау, суару және жерсіну көрсеткішін қадағалау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде егілген ағаш көшеттерінің жерсіну көрсеткіші 64 пайызды құрады.
Өңір басшысының тапсырмасына сәйкес, 13 аудан мен қалада жер телімдері бөлініп, тұқымбақтар ашылды. Алайда, Бәйдібек және Төлеби аудандарында тұқымбақтар құрылғанымен, белгіленген талаптарға сәйкес тиісті жұмыстар толық жүргізілмеген.
Аудан және қала әкімдіктерінің мәліметіне сәйкес, көктемгі маусымда жалпы аумағы 47,82 гектар жерге 467 365 түп көшет егілді. Бұл көшеттер 2027 жылдың күзгі және 2028 жылдың көктемгі маусымдарына отырғызуға дайын болады. Бұл бағыттағы жұмыстар күзгі кезеңде де жалғасып, қосымша тұқымбақтарға тұқым себу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, дендрологиялық жоспарды іске асыру, қалалардың жасыл қорын түгендеу және цифрландыру жұмыстарын аяқтау тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысының Геоақпараттық порталына 503 306 түп ағаштың паспорты енгізілді.
Айта кетейік, қазіргі таңда басқармаға қарасты коммуналдық мемлекеттік мекемелерде жалпы аумағы 250 гектарды құрайтын 14 тұрақты тұқымбақ жұмыс істейді. Тұқымбақтарда 21 түрлі ағаш-бұталардың 12,3 млн. түп көшет өсірілуде.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.