Абай мұрасы ұлықталды

Бауыржан ЕРМАН, «Оңтүстік Қазақстан».

Түркістан қаласында  қазақтың ұлы ақыны, ойшыл әрі ағартушы Абай Құнанбайұлының туған күніне орай оның ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Іс-шараға облыс әкімі Нұралхан Көшеров, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, мәдениет және өнер қайраткерлері, жастар мен қала тұрғындары қатысты.

Іс-шараны ашқан өңір басшысы жиынға қатысушыларды Абай күнімен құттықтап, ұлы ақынның қазақ халқының рухани өміріндегі айрықша орнына тоқталды.

– Бүгін Түркістан төрінде рухани мәні бар жиында жолығып тұрмыз. 2020 жылдан бастап Абай Құнанбайұлының туған күніне орай 10 тамыз – «Абай күні» ретінде атап өтіледі. Өткен жылы ақынның 180 жылдық мерейтойы ел көлемінде жоғары деңгейде аталып өтті. Биыл да бұл үрдіс жалғасын тауып, Абай шығармашылығын насихаттау бағытындағы шаралар ел аумағында кеңінен ұйымдастырылуда. Абай күні – данышпан ақынның есімін ұлықтайтын ғана емес, халқымыздың рухани жаңғыруын, ұлттық болмысы мен білім-парасатын айшықтайтын мереке. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Абай мұрасын ұлықтау – ұлтты ұйыстыратын, жас ұрпақтың санасын тәрбиелейтін маңызды құндылық екенін әрдайым айтып келеді. Сондықтан Абайды тану – өзімізді тану, Абайды оқу – елдің ертеңіне қызмет ету. Ұлы Абай «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең – істің бәрі бос» деп елді бірлікке шақырған. Бұл біздің басты ұстанымымыз болуға тиіс. «Абай күні» құтты болсын! Абай аманатына адал болып, елге адал қызмет ете берейік! – деді Нұралхан Оралбайұлы.

Іс-шара барысында Түркістан қалалық балалар мен жасөспірімдер орталығының оқушылары өнер көрсетіп, Абайдың өлеңдерінен әдеби композиция ұсынды. Сондай-ақ, Абайдың «Көзімнің қарасы» әні орындалды.

Бұдан бөлек, «Абай әлемі: ойдан – өнегеге» атты тақырыптық кітап және сурет көрмелері ұйымдастырылды. Көрмеде ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған әдебиеттер мен көркем туындылар көпшілік назарына ұсынылды.

Ұрпақтар сабақтастығын нығайту мақсатында облыс әкімі Нұралхан Көшеров пен зиялы қауым өкілдері жастарға және қала тұрғындарына Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының көп томдығын тарту етті.

Айта кетейік, қазіргі таңда Түркістан облысында 1 ауылдық округ, 4 елді мекен, 110 көше, 15 мектеп Абай есімімен аталады. Ұлы ақынның құрметіне 9 ескерткіш, 11 бюст орнатылған. Бұл бағыттағы жұмыстар жоспарға сәйкес жалғасын табатын болады.
Пікір қалдырыңыз