Су ресурстары тиімді пайдаланылуда
Облыста су ресурстарын тиімді пайдалану және суармалы егіншіліктің тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Су тапшылығының алдын алу, трансшекаралық өзендерге тәуелділікті ескере отырып, су ресурстарын ұтымды пайдалану және су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу – өңірдегі негізгі басымдықтардың бірі.
Облыстағы суармалы жер көлемі 575 мың гектарды құрайды. Бұл республикадағы жалпы суармалы жер көлемінің шамамен төрттен бір бөлігіне тең.
Өңірдегі су ресурстарының шамамен 63 пайызы трансшекаралық өзендер арқылы келеді. Осы су көздері есебінен 314,2 мың гектар суармалы алқап ағын сумен қамтамасыз етіледі. Биылғы вегетациялық кезеңге облыс үшін 2,6 млрд. текше метр ағын су лимиті бекітілген. Бүгінде оның 2,5 млрд. текше метрі пайдаланылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, облыста су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Заманауи технологияларды қолдану су ресурстарын тиімді пайдаланумен қатар, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруға да мүмкіндік береді. Мәселен, өткен жылы облыста 114 мың гектар жерге су үнемдеу технологиялары енгізіліп, 195 млн. текше метр ағын су үнемделді. Биыл бұл көрсеткіш 164 мың гектарға жетті. Осылайша, су үнемдеу технологияларымен қамтылған егістік алқаптар көлемі облыстағы суармалы жердің шамамен 30 пайызын құрайды. Нәтижесінде жыл сайын шамамен 280 млн. текше метр су үнемдеуге мүмкіндік туып отыр.
Сонымен қатар, өңірде су инфрақұрылымын жаңғырту және су ресурстарын басқару тиімділігін жақсарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, суды есепке алу жүйелерін цифрландыру, каналдардағы тіршілік көзін ысырап етпеу, автоматтандырылған гидробекеттер орнату жоспарланып отыр. Сондай-ақ, мемлекеттер арасында жедел ақпарат алмасу тетігін жетілдіру жұмыстары жүргізілуде.
Жалпы, атқарылып жатқан шаралар облыстың су қауіпсіздігін нығайтуға, ауыл шаруашылығының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге және қолда бар су ресурстарын тиімді пайдалануға бағытталған.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.