Түлкібастық диқандардың қарқыны зор

Түлкібас ауданының жалпы жер көлемі 227,5 мың гектарды құрайды. Осының 64 900 гектары – айдалмалы егістік жер. Биыл аудан бойынша 14 280 гектарға күздік бидай, 1 400 гектарға жаздық бидай, 6 800 гектарға арпа, 10 900 гектарға мақсары, 1 500 гектарға көкөніс, 1 200 гектарға картоп және 28 500 гектарға жоңышқа егілді.

Қазіргі таңда ауданда арпа ору науқаны толық аяқталып, бидай орағы қарқынды жүруде. Бүгінде бидай алқаптарының шамамен 70 пайызы орылып, диқандар өнімді ысырапсыз жинап алуға күш салуда. Табиғи-климаттық ерекшеліктерге байланысты Түлкібас ауданында егін орағы облыстың оңтүстік аудандарына қарағанда біршама кеш басталғанымен, науқан жоспарға сәйкес жүргізілуде.

Жуырда аудан әкімі Асқар Естібаев Састөбе кентіне жұмыс сапарымен барып, егін орағының барысымен танысты. Ондағы «ОЕ» ЖШС-іне ат басын арнайы бұрды.

Қазіргі таңда шаруашылықтың 50 гектар бидай алқабында егін ору жұмыстары қызу жүргізілуде. Егін жинау науқанына үш заманауи комбайн жұмылдырылған. Шаруашылықтың техника паркі толықтай өз қаражаты есебінен жасақталған.

«ОЕ» ЖШС-інде бидай орағы 20 шілдеде басталған. Жұмыстар белгіленген кестеге сай атқарылып жатыр. Шаруашылық жыл сайын әр гектардан орта есеппен 15–16 центнер өнім алады. Жиналған астықтың негізгі бөлігі өңірдегі диірмендерге өткізілсе, бір бөлігі келесі жылғы егіс жұмыстарына тұқым ретінде сақталады.

Сапар барысында аудан әкімі шаруашылықтың жұмыс барысымен танысып, диқандардың еңбегіне оң баға берді. Сонымен қатар егін орағын сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтаудың маңыздылығына тоқталып, жауапты сала мамандары мен шаруашылық басшыларына науқанды табысты аяқтауды тапсырды.

 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Пікір қалдырыңыз