Инвестициялық ахуал жақсарып келеді
Мақтаарал ауданында инвестициялық ахуалды жақсарту және жаңа өндіріс орындарын құру бағытындағы жұмыстар жалғасын табуда. Ауданда жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар экономиканың дамуына серпін беріп, халықты тұрақты жұмыспен қамтуға оң ықпал етуде.
2026–2028 жылдары Мақтаарал ауданында жалпы құны 110,5 млрд. теңгені құрайтын 19 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Осы жобалардың нәтижесінде 1207 жаңа жұмыс орны ашылады. Жобалардың бір бөлігі жергілікті кәсіпкерлер тарапынан жүзеге асырылса, қалған бөлігі шетелдік инвесторлардың қатысуымен іске асуда.
Жергілікті кәсіпкерлер жалпы құны 3,9 млрд. теңгені құрайтын 4 жобаны жүзеге асырып, 236 адамды тұрақты жұмыспен қамтымақ. Олардың қатарында «Мырза» ЖШС-нің 350 млн. теңгелік ет өнімдерін терең өңдеу цехы бар. Қазіргі таңда жартылай дайын өнімдер бөлімі жұмыс істеп тұр, ал, осы жылдың төртінші тоқсанында ет өңдеу бағыты толық іске қосылады. Сонымен қатар, «Халық» ЖШС-і жалпы құны 2,0 млрд. теңгені құрайтын тігін цехын салуда. Кәсіпорынға қажетті құрал-жабдықтар толық жеткізіліп, монтаждау жұмыстары аяқталған. Қазіргі таңда мамандарды даярлау және тапсырыстар қабылдау жұмыстары жүргізілуде.
«Хамро Ата» ЖШС 1,5 млрд. теңге көлемінде инвестиция құйып, мақта майын өндіретін зауыт салуда. Қазіргі таңда құрал-жабдықтарды орнату толық аяқталған, құрылыс жұмыстарының 80 пайызы орындалған. Кәсіпорынды осы жылдың үшінші тоқсанында іске қосу жоспарланған. Ал, «Тамила» шаруа қожалығы 500 млн. теңге инвестиция есебінен мал бордақылау кешенін салуда. Жоба аясында жыл соңына дейін 2000 ірі қараға арналған кешен пайдалануға беріледі. Келесі жылы оның қуаты 5000 ірі қараға дейін ұлғайтылады.
Мақтаарал ауданында 2014 жылы құрылған 24 гектарлық индустриалды аймақ бүгінде толық игерілуге жақын. Қазіргі таңда онда небәрі 1 гектар бос жер қалған, қалған аумақ кәсіпкерлерге бөлінген. Биыл индустриалды аймақта жалпы құны 3,5 млрд. теңгені құрайтын 6 жоба жүзеге асырылып, 91 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады.
Ауданның арнайы экономикалық аймағында да бүгінде жалпы құны 104,2 млрд. теңгені құрайтын 5 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобалар толық іске қосылған кезде 845 адам тұрақты және маусымдық жұмыспен қамтылады.
Айта кетейік, Мақтаарал ауданында жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар өңірдің өндірістік әлеуетін арттырумен қатар, жаңа жұмыс орындарын ашуға, кәсіпкерлікті дамытуға және аудан экономикасының тұрақты өсімін қамтамасыз етуге бағытталған.
Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі.