«Жаңа оқу жылына дайындық жан-жақты жүргізілуде»

Қазір облысымыздың барлық қала, аудандары Түркістанға қарап бой түзейді. Оның себебі де бар. Түркістан облыс орталығына айналғалы бері  саясат, экономика, руханият жағынан ғана емес, білім мен ғылым жағынан да қарыштап өсіп келеді. Соңғы айтылған екі сала құстың қос  қанатындай қатар қозғалысқа түскенде өмірлік қажеттіліктің барлығы орын-орнына келеді. Ал, білім негізі мектепте қаланады. Ендеше, жаңа оқу жылына дайындық қай деңгейде? Осы және басқа да сауалдарға жауап алу үшін облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан ОРЫНОВҚА арнайы жолыққан едік.

– Ғалымжан Қалдыкөзұлы, сынаптай сырғып жатқан уақыт, әне-міне дегенше жаңа оқу жылының басталуына да жарты-ақ айдай уақыт қалыпты. Биылғы жаңа оқу жылы қандай ерекшеліктерімен басталады? Білім ордаларының оқушылар қабылдауға дайындығы қай дәрежеде? Әуелгі әңгімені осыдан бастасақ. 

– Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей тапсырмасына сәйкес, өңірдегі барлық білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына толық дайын болуын жіті назарда ұстадық. Бұл – ерекше бақылауда тұрған маңызды міндет. Сондықтан әрбір мектептегі жөндеу жұмыстарының сапасы, олардың уақтылы аяқталуы және білім алушылар үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру қатаң қадағалауымызда болды.

Мектеп – тек білім беретін орын ғана емес, баланың қауіпсіздігі мен жан-жақты дамуына жағдай жасайтын орта. Сондықтан ғимараттардың сапалы жөнделуімен қатар, оқу кабинеттерінің толық жабдықталуы, санитарлық талаптардың сақталуы, аумақтарды абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары да талапқа сай орындалды. Жаңа оқу жылының алғашқы күнінен бастап әрбір оқушы ешқандай кедергісіз, жайлы әрі қауіпсіз жағдайда білім алуы қажет деп санаймыз. Осы мақсаттағы жұмыстар аудан, қалалардың барлығында тұрақты бақылауда болды.

– Сонда өңірімізде қанша мектеп жөндеуден өтті?

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауында республика көлемінде 1300 мектепті жаңғыртудан (реновациядан) өткізу жөнінде берген тапсырмасына сәйкес, облысымыздағы орта білім беретін ұйымдардың ішінде күрделі жөндеуді және жаңартуды қажет ететін 115 мектептің тізімі бекітілген болатын. Негізгі мақсат – баланың қауіпсіздігіне, сапалы білім алуына және педагогтің тиімді жұмыс істеуіне жағдай жасайтын толыққанды білім беру ортасын қалыптастыру.

Реновация – мектеп ғимаратын физикалық, функционалдық және қауіпсіздік тұрғысынан толық жаңарту. Яғни шатырды, қасбетті, жылу, электр, су және кәріз жүйелерін жөндеумен қатар, оқу кабинеттерін, асхананы, медициналық кабинетті, спорт залдарын, санитариялық тораптарды, бейнебақылау мен дабыл жүйелерін, инклюзивті ортаны және мектеп аумағын жаңғырту көзделеді.

Облысымызда орта білім беру ұйымдарының желісі республика бойынша ең ірі жүйелердің бірі болып табылады. Облыста 1106 орта білім беру ұйымы бар. Оның ішінде 940 мемлекеттік және 166 жекеменшік мектеп тіркелген. Мектептерді жаңғырту жобасына облыстың 115 мектебі  енгізілген. Яғни 2025 жылы 41 мектепті, 2026 жылы 38 мектепті, 2027 жылы 36 мектепті реновациядан өткізу көзделген. 2025 жылы бұдан тыс аудан және қалалардағы 125 мектеп ғимаратының  ағымдағы жөндеу жұмыстарына қаржы қарастырылды. Былтыр  60 мектептің ағымдағы жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Биылғы жылға өтпелі   65 мектеп  ағымдағы жөндеуден толық өтті.  Бірінші қыркүйек күні облысымыздың барлық оқушылары білім ұяларына алаңдамай баруына болады.

Жалпы, облыстың білім беру ұйымдарын 2026-2027 оқу жылына дайындау жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуде. Мектептерді реновациялау, күрделі және ағымдағы жөндеу, инженерлік инфрақұрылымды жаңарту, білім беру ұйымдарын пәндік кабинеттермен жабдықтау толық аяқталады.

Биыл 6 мектеп жаңадан пайдалануға беріледі, 18 мектеп күрделі жөндеуден өтті.

– Үш ай каникулдың зымырап өте шыққаны сияқты қоңыр күздің де көзді ашып-жұмғанша қоштасары анық. Алда қыраулы қыс. Сындарлы сәтке дайындық жұмыстарына тоқталсаңыз.

– 2026 жылы облыстың білім беру ұйымдарында қауіпсіз әрі тиімді жылу жүйесін қалыптастыру мақсатында 110 білім нысанын табиғи газға ауыстыру жоспарланды. Олардың ішінде 82 мектеп, 26 балабақша және 2 мектептен тыс мекеме бар.

Бүгінде 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары одан әрі жалғасуда. Қазір облыстағы 1 310 білім беру нысанының 721-інде жылу жүйелерін сығымдау, қысымдау және шаю жұмыстары аяқталды. Қалған нысандарда тиісті жұмыстар бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуде. Бүгінге дейін 18 мың тоннаға жуық көмір жеткізілді. Көмірді жеткізу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Себебі, жаз мезгіліндегі ауа температурасының жоғары болуына байланысты көмірді ұзақ уақыт сақтау қауіпті. Өйткені, аса ыстық күндері көмір өзінен-өзі тұтанып,  өрт қауіпсіздігі тәуекелдері туындауы мүмкін. Осыған байланысты көмір қорын жинақтау белгіленген кестеге және қауіпсіздік талаптарына сәйкес ұйымдастырылуда.

Сондай-ақ, қажетті сұйық отын да жеткілікті. Көпшілік аудандарда жеткізуші мердігерлер анықталып, отынды кезең-кезеңімен тасымалдау жұмыстары жүргізілуде. Кейбір аудандарда мемлекеттік сатып алу ресімдері жалғасуда.

Барлық білім беру нысандарын жылыту маусымына толық дайындау және қажетті отын қорын белгіленген мерзімде жеткізу мәселесі тұрақты бақылауға алынған.

– Мектеп табалдырығын жаңа аттайтын балалар үшін бұл күннің қуанышы бөлек. Биыл бірінші сыныпқа қабылдауда  қандай өзгерістер бар?

– Иә, 2026-2027 оқу жылында балаларды 1-сыныпқа қабылдау бойынша мемлекет тарапынан  көрсетілетін қызметтің тәртібіне өзгерістер енгізілуде. ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен  Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мемлекеттік қызмет көрсету жөніндегі пилоттық жобаны іске қосу және іске асыру туралы бірлескен бұйрығына сәйкес, Түркістан облысы бойынша 1-сыныпқа құжат қабылдау 2026 жылғы 29 маусым мен 31 тамыз аралығында жүргізіледі.

Қабылдау процесі «OQU» ұлттық білім беру платформасы арқылы іске асырылады. Аталған платформа «Электрондық үкімет» (egov.kz) веб-порталымен интеграцияланған. Осыған сәйкес, ата-аналар немесе заңды өкілдер баласын 1-сыныпқа қабылдау туралы өтінімді «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы жолдайды. Жолданған өтінім автоматты түрде «OQU» ұлттық білім беру платформасына түсіп, білім беру ұйымдары тарапынан қаралып, қабылдау рәсімі жүзеге асырылады.

Сонымен қатар, егер бала мектеп-алды даярлық сыныбын сол білім беру ұйымында аяқтап, оқуын осы мектепте жалғастыратын болса, ата-анасының немесе заңды өкілінің өтініші негізінде 1-сыныпқа қабылдау автоматты түрде жүзеге асырылады.

Аталған пилоттық жобаның негізгі мақса-ты – білім беру ұйымдарына қабылдау процесін толық цифрландыру, мемлекеттік қызмет көрсетудің тиімділігін арттыру, ата-аналарға қолайлы әрі ашық қызмет көрсету ортасын қалыптастыру, сондай-ақ өтінімдерді қабылдау және қарау ресімдерінің ашықтығы мен жеделдігін қамтамасыз ету болып табылады.

– Сонда биыл облыс бойынша қанша бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды?

– 2026-2027 оқу жылында 50 273 бүлдіршін 1-сыныпқа қабылданады деп күтілуде. Жоспар бойынша балалардың 78 пайызы (39 210) қазақ сыныбына, 10 пайызы (5000) орыс сыныбына, 12 пайызы (6063) өзбек, тәжік сыныптарына қабылданады.

– Біз оқулықтар сапасы туралы талай жылдардан бері айтып та, жазып та келеміз. Алдағы оқу жылында бұл бағытта қандай жаңалықтар бар?

– ҚР Оқу-ағарту министрлігі тарапынан 2026-2027 оқу жылында Қазақстан мектептеріне арналған бірқатар оқулықтар жаңартылды және қайта әзірленді. Сонымен қатар кейбір бұрынғы қолданыстағы оқулықтар қайта басылып, мазмұнына өзгерістер енгізілді. Мәселен, 4-сыныпқа арналған «Қазақ тілі», «Орыс тілі» (қазақ тілінде оқытатын мектептер үшін) және  математика (қазақ және орыс тілінде оқытатын мектептер үшін),  «Дүниетану», «Әдебиеттік оқу» оқулықтары жаңартылды. Сонымен қатар 7-10 сыныптарға арналған «Дүниежүзі тарихы», «Алгебра», «Қазақ тілі», «Химия», «Биология», «Физика», «География», «Құқық негіздері», «Шетел тілдері» (ағылшын, неміс, француз) оқулықтары жаңа үлгіде келеді. Бұларға қосымша, 4, 8 сыныптардың оқу әдебиеттері, 7 және 9 сыныптарға арналған «Дүниежүзі тарихы»,

9 және 10-сыныптарға арналған «Құқық негіздері» жаңартылған бағдарлама бойынша қайта басылып шықты. 2026-2027 оқу жылында облыс оқушылары оқулықтармен түгел қамтамасыз етіледі.

– Мазмұнды әңгімеңіз үшін көп-көп рахмет!

               

Сұхбаттасқан  Сабырбек ОЛЖАБАЙ,

«Оңтүстік Қазақстан».

1 пікір

  • Lucy Morgan
    Lucy Morgan

    God is Good! I promised God that I would share my testimony on this website. I had all the signs of STD Virus but I was not too sure as to which one. I did a lot of online research and scared myself straight for a whole week before going to see the nurse. She took one look at my genital part and first said that it could just be the anatomy of my body, then she said it looked like genital warts and that I May have herpes. I was devastated. She gave me some medicine for the herpes and some cream for the warts. I was also tested for every single STD including herpes. I went home and cried searching the web for all sorts of cures for herpes and awaiting my results. I saw a post whereby Dr. Kham cured Herpes and other diseases, I copied his contacts out and added him on WhatsApp. The next day my test result was ready and I confirmed Herpes positive. I told Dr. Kham about my health problems and he assured me of a cure. He prepared his herbal medicine and sent it to me. I took it for 14 days (2 weeks). Before the completion of the 14 days in which I completed the dose, The Blisters and Warts that were on my body were cleared. I went back for a check-up and I was told I'm free from the virus. Dr. Kham cures all types of diseases and viruses with the help of his herbal medicine. You can reach Dr. Kham via his email: dr.khamcaregiver@gmail.com or WhatsApp him on +2348159922297 and You can Also Visit his website; herbalistdrkhamcaregiver.simdif.com and his Facebook page; https://www.facebook.com/drkhamherbremedies

Пікір қалдырыңыз