Істейтін адам болса, күтіп тұрған жұмыс жетеді
Мемлекет басшысының халықты жұмыспен қамту және жаңа жұмыс орындарын құру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру бағытында облыста біршама жүйелі жұмыстар қолға алынған. Өңірлік жұмыспен қамту картасының орындалуы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауында.
Бүгінгі жағдай бойынша өңірлік жұмыспен қамту картасының жылдық жоспары 87,2%-ға орындалды. Жоспарланған 74 516 жұмыс орнының бүгінде 65 009-ы құрылды.
Жұмыспен қамтудың негізгі бағыттарында да нақты нәтижелер бар.
Ұлттық жобалар аясында бір жылға жоспарланған 2 465 жұмыс орнының 2 072-сі құрылып, жоспар 84,1%-ға орындалды.
Бос жұмыс орындары бойынша белгіленген 40 595 орынның 30 770-і қамтылып, көрсеткіш 75,8%-ға жетті.
Мемлекет басшысының тапсырмаларының бірі – 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын құру бағыты бойынша да жылдық жоспар толық орындалды. Жоспарланған 11 476 жаңа жұмыс орнының барлығы құрылып, көрсеткіш 100 пайызды құрады.
Субсидияланатын жұмыс орындарын құруда да жоспар асыра орындалды. Бір жылда 18 530 жұмыс орны субсидиялану керек болса, 16 тамыздағы жағдай бойынша 19 964 жұмыс орны құрылып, жоспар 107,7%-ға орындалды.
Бұл көрсеткіштер өңірде халықты тұрақты жұмыспен қамтуға бағытталған шаралардың нақты нәтижесін көрсетеді. Әсіресе, жаңа жұмыс орындарын құру, жұмыссыз азаматтарды еңбекке тарту және еңбек нарығындағы сұранысқа сай мүмкіндіктерді кеңейтуге басымдық беріліп отыр.
Жұмыспен қамту көрсеткіштерін арттырумен қатар, жұмыс орындарының сапасына да мән берілуде. Негізгі мақсат – тұрғындарды уақытша еңбекке ғана тарту емес, тұрақты табыс әкелетін, әлеуметтік тұрғыдан орнықты жұмысқа орналастыру.
Осы бағытта өңірдегі инвестициялық жобаларды іске асыру, жаңа өндіріс орындарын ашу, кәсіпкерлікті дамыту және қолданыстағы кәсіпорындардың өндірістік қуатын арттыру арқылы жұмыс орындарын көбейтуге басымдық берілуде.
Бұл мәселенің барлығы облыс әкімінің жіті бақылауында екенін де айта кетейік. Жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдіктері алдында көрсеткіштерді уақтылы орындау ғана емес, құрылған жаңа жұмыс орындарының тұрақтылығы мен тиімділігін қамтамасыз ету міндеті тұр.
Жұмыспен қамту картасының барлық көрсеткіштерін толық орындау және тұрғындарға тұрақты жұмыс орындарын ұсыну бағытындағы жұмыстар одан әрі жалғасады.