Құрылысшыларға құрмет көрсетілді
Түркістан қаласындағы «Конгресс-холл» көпсалалы кешенінде Құрылысшы күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Салтанатты жиынды облыс әкімі Нұралхан Көшеров ашып, құрылысшыларды кәсіби мерекелерімен құттықтады.
– Өңіріміздің өркендеуі, сәулеті мен келбеті – құрылыс саласының қарқынды дамуымен тығыз байланысты. Бүгінде облысымызда бой көтеріп жатқан әрбір әлеуметтік нысан, тұрғын үй, өндірістік және инфрақұрылымдық жоба – Сіздердің кәсіби шеберліктеріңіз бен тынымсыз еңбектеріңіздің нәтижесі. Биыл Түркістан қаласында Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті өтті. Жиында Мемлекет басшысы «Алқалы жиынды Түркістанда өткізудің мақсаты – атажұртта бауырлас елдердің көшбасшыларымен жүздесу, қайта түлеген Түркістанды төрткүл дүниеге таныту» екендігін ерекше атап өткен болатын. Түркістанды түрлендіріп, әлемге танытуда құрылысшылардың сіңірген еңбегі әрқашан ерекшеленетіні белгілі. Қаланың символдарының біріне айналып үлгерген «Тайқазан» мен «Киіз үй» кешені соның айқын дәлелі. Қай саланы алсаң да, мемлекетті құрылыссыз дамыту мүмкін емес. Сіздердің маңдай терлеріңіздің арқасында өңіріміз көркейіп, елді мекендеріміз жаңарып, тұрғындардың әл-ауқаты жақсарып келеді. Бұл – сіздердің адал еңбектеріңіздің жемісі, – деді Нұралхан Оралбайұлы.
Іс-шарада облыс әкімі құрылыс саласының дамуына елеулі үлес қосып, кәсіби шеберлігімен танылған бірқатар сала мамандарын марапаттады. Сонымен қатар облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов те құрылыс саласында еңбегімен дараланған бірқатар мамандарға марапаттар табыстады.
Құрылыс саласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, мол тәжірибесімен кейінгі буынға жол көрсетіп жүрген ардагерлерге де ерекше құрмет көрсетілді. Сала сабақтастығын дәріптейтін тағлымды рәсім барысында құрылыс саласының ардагерлері жас құрылысшыларға «Құрылыс кодексін» табыстады.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.