«Жұмыс жүйелі атқарылуда»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Билік құрылымдары негізінен цифрлық тәсілдерді қолдана отырып, инфрақұрылым жобаларының ашықтығын қамтамасыз етуге міндетті» дей келіп, барлық елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жөнінде тапсырмалар берген болатын. Қазығұрт ауданында аталған тапсырмалардың орындалуы қай деңгейде? Біз аудан әкімінің орынбасары Нұрсұлтан МЕДЕУОВТЕН осы және басқа да сауалдарымызға жауап беруін өтінген едік. 

– Нұрсұлтан Данабайұлы, су мәселесін дұрыс шешу – әлеуметтік тұрақтылықты сақтап, экономиканы дамытудың кепілі. Олай болса, аудандағы осы салада атқарылып жатқан жұмыстарға тоқтала кетсеңіз.
– Қазір Қазығұрт ауданы тұрғындарының саны 117 мың  адамға жетті. Бүгінде ауданда таза ауыз суға деген зәрулік оң шешіліп келеді. Айталық,  13 ауылдық округтегі 61 елді мекеннің барлығы 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамтылған. Яғни 59 елді мекен орталықтандырылған ауыз су құбырларынан, ал, Қарабау және Өгем елді мекендері бұлақ көзінен су ішеді. Осы  61 елді мекеннің 55-іне ауыз су тәулік бойы, ал, 6 ауылға уақытпен беріледі. Қазір  облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы 3 елді мекенде, яғни Өндіріс, Қақпақ, Тұрбат ауылдарында жер асты су қорын анықтау жұмыстарын жүргізуде. Ауыз судың көлемі мен пайдалануға жарамдылығы туралы қорытынды берілгеннен кейін  ұңғыманы одан әрі қазу  жұмыстары жалғасады. 
Ал, Қазығұрт, Рабат елді мекендерінде ауыз су құбырларын жаңғырту құрылысына демеушілер есебінен ЖСҚ әзірленуде. Яғни құрылысты жүргізудің болжамды құны Қазығұрт ауылында – 1,2 млрд. теңге, Рабатта 856 млн. теңге болады деп күтілуде. Сараптама қорытындысы алынғаннан кейін қаржыландыру үшін облыстық салалық басқармаға ұсыныс беріледі. Бүгінде «Көктерек–Қосшы» бұлағынан Қаржан  елді мекеніне ауыз су құбыры тартылуда.  
Биыл облыстық бюджет есебінен бір нысанға 100 млн. теңге бөлінді. Атап айтқанда, Алтынтөбе ауылдық округіндегі «Көктерек–Қосшы» бұлағынан  су құбырын тартуға 1,3 млрд. теңге жұмсалады. Құрылысты «Ынтымақ Бес Арыс» ЖШС  жүргізіп жатыр.  
– Қазір өміріміздің барлық саласын электр қуатынсыз елестете алмайсыз. 
ХХ ғасыр емес, бүгінде барлық елді мекенде электр шамы жарқырап жанып тұрған шығар?
– Рас, бүгінгі цифрландыру заманында электр қуаты ауадай қажет. Бірақ, бағаналардың, желілердің, трансформаторлардың, басқа да құрал-жабдықтардың уақыты келгенде тозатыны белгілі. Оларға күтім керек. Жоғарыда ауданда 61 елді мекен бар дедік. Соның 60-ы электр жүйесімен қамтылған.  Ал, Өгем елді мекені дербес электр қондырғыларымен жабдықталған. Айта кетейік, 60 елді мекенге «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС  бақылау жүргізеді. Ауданның барлық мекемелері мен тұрғын үйлері үшін электр қуаты Шымкент қаласынан және «Шардара су электр» стансасынан тасымалданады.
 Сарапхана ауылдық округіндегі Жіңішке, Маханбет елді мекендеріндегі, Алтынтөбе ауылдық округіндегі Қосағаш елді мекеніндегі,  Қарабау ауылдық округіндегі Үшбұлақ, Қарабау  елді мекендеріндегі электр желілері мен бағаналарды ауыстыру керек.   Бұл үшін  193 миллион теңге қажет. Бұл жөнінде  облыстық салалық басқармаға ұсыныс жолданды.
– Бүгінде облыс халқы «көгілдір отынның» игілігін көріп отыр. Қазығұрт ауданында бұл мәселе толық шешімін тапқан ба?
– Бүгінге дейін 61 елді мекеннің 55-і табиғи газбен қамтамасыз етіліп, жоспар 90,1 пайызды құрап отыр. Әйтсе де, Атажұрт, Амангелді, Қызылдала, Еңбекші ауылдары табиғи газға қосылмаған.  Өгем мен Қарабау елді мекендеріне газ тарту  экономикалық жағынан  тиімсіз екенін көрсетіп отыр. 2027 жылға дейін 59 елді мекен табиғи газға қосылады. 
– Тіршіліктің күретамыры жол деп жатамыз. Ауданда жол салу, оны пайдалану мәселесі қалай жүзеге асуда?
– Біздегі жалпыға ортақ пайдаланымдағы автомобиль жолдары және елді мекен көшелеріндегі жолдардың жалпы ұзындығы 1412  шақырымды құрайды. Аудандағы республикалық маңызы бар жолдың ұзындығы – 49 шақырым. Облыстық маңызы бар 11 жол  (253,1 шақырым), аудандық маңызы бар 39 жол (297,5 шақырым) біздің аудан аумағын кесіп өтеді. Сондай-ақ,  542 ішкі көшедегі жолдың ұзындығы 812,5 шақырымды құрайды.
Биыл 2 аудандық маңызы бар автожол  755,1 млн. теңгеге (19,5 шақырым) жөндеуден өтті. 43 елді мекеннің ішкі көшелерін орташа жөндеуден өткізуге  (37,1 шақырым)  2035 млрд. теңге жұмсалды, 7 ішкі көшенің 18,7 шақырымына тас төселді. Сонымен қатар  бір көпір күрделі  жөндеуден өтті. Аудандық маңызы бар «Шарбұлақ–Қарабау–Амангелді–Ақбастау», «Алматы–Термез–Қызылдала» автомобиль жодарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. 
– Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бағдарламасы қалай жүзеге асып жатыр?  
– Биыл  «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын 1 наурыздан бастадық.  Іс-шаралар жоспары әзірленіп, жол картасы бекітілді.  Акция аясында 50 мыңнан астам тұрғын тазалық жұмыстарына тартылады деп жоспарлаған едік. Акция барысында 60 мың тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару және 55 мың түп көшет отырғызу жоспарланған.
Бүгінде кесенелерде, туристік нысандарда, мемлекеттік мекемелерде, мектептер мен ауруханаларда, кәсіпкерлік нысандарда, саябақтарда және өзге де қоғамдық орындарда тазалық және абаттандыру жұмыстары  кешенді түрде жүргізілуде. Әр ауылдық округті сектор-секторға бөліп, тазалық жұмыстарын ұйымдастырдық. Сонымен қатар Атбұлақ елді мекеніндегі Ақбура әулие бұлағында және Тұрбат елді мекеніндегі мөлдір бұлақта экологиялық тазалық күндері ұйымдастырылды. Аталған іс-шаралар барысында су көздері тазартылып, бұлақ көздері ашылды. Ауданда «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы жалғасын таба береді.  Сондай- ақ, облыс әкімдігінің тапсырмасына сәйкес, елді мекендерде сенбілік жұмыстарын жүргізу кестесі бекітілген. Бұл жұмыстар тұрақты түрде жалғасады.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Ажар БЕРМҰХАНОВА,
«Оңтүстік Қазақстан». 
Қазығұрт ауданы.
Пікір қалдырыңыз