Шұбаты – шәрбат, қауыны – бал!

Аман Жайымбетов,
«Оңтүстік Қазақстан».

Әр ауылдың өзіне тән ерекшелігі болады. Бір ауыл бір ауылға ұқсамайды. Мысалы, Маяқұм ауылы туралы айтыла қалса, көз алдыңызға дүкен сөрелерінде самсап тұрған қымыран елестейді. Отырар ауданының оңтүстік-батыс жағынан орын тепкен бұл ауыл тек шәрбатты шұбатымен ғана емес, сонымен бірге дәмі бал татитын қауынымен де мақтана алады.

Жасыратыны жоқ, елімізде отандық өнім шығаруға басымдық берілген күннен бастап әр ауыл өз брендін қалыптастыруға әрекет жасап бақты. Бірі балығымен, бірі балымен, тағы бірі алма-жүзімімен нарыққа шықса, енді бірі қымызымен қызықтырып, саумалын үкілеп саудаға шығарып жатты. Осылайша әр өңірдің өзіндік бренді қалыптаса бастады. Рас, бәсеке заман мұның бәрінің бағын жандырды деп айтуға болмайды, арасында әрекеті мардымсыз болып, жарты жолда нарықтан шығып қалып жатқандары да аз емес. Ашылғанына он жыл болған «Маяқұм шұбат», міне, осындай әділ бәсекеде айдарынан жел есіп, алдыңғы шептен көрініп келеді. Бұл жетістіктің астарында, әрине, қымыранды бабымен шайқап отырған бейнеткеш елдің ерен еңбегі жатыр. Дегенмен, ащы жантақтан тәтті сусын өндіріп, сортаң даладан дәмі бал татитын қауын өсіріп отырған елдің біз білмейтін бір құпиясы бар сияқты. Сол құпияның сырын білмек болып таяуда Сырдария жағасын ен жайлап жатқан ауылдарға сапарлап қайттық. Сонымен, ауылға бардық, не көрдік? 

ЖАБАЙЫ ОРМАН  – ЖАН РАХАТЫ!

Әдетте адам ағзасы табиғатпен үндес келеді. Қаладағы қыз-қыз қайнаған тіршіліктен қажыған кезде өз керегін іздеген жаныңа рахат табу үшін табиғат аясына тартып кеткің-ақ келіп тұрады. Жасыратыны жоқ, ондай кезде көбіміз жанымыздың қалауын орындау үшін жасанды парктерді аралап, көзге су тамызғандай кішкентай көлшіктерді жағалаймыз. Осылайша көңіл қалауын қанағаттандырған боламыз. Бірақ, біздің жанымыз шын мәнінде ондай жасандылықтан гөрі табиғилыққа, дәлірек айтсақ, жақсы мағынадағы жабайылыққа құмартып тұрады екен. Отырар ауданының орталығынан өтіп, Маяқұм ауылын бетке алып бара жатқан біз Сырдария өзеніне жақындай бере ит тұмсығы батпайтын ну орманға кездестік. Орман деп ауыз толтырып айтуға келмейтін шығар, десек те, қаладағы қарбаластан кейін тылсым тыныштық пен бұйығы кейіпке түскен жабайы жыңғылдар, ондағы дала құстарының әр-әр жерден шықылықтап, тіршілік нышанын себезгілеп қоятыны ерекше әсер қалдырды. Осында аз-кем кідіріп, ағзамызды таза ауаға «тойдырып» алған соң әрмен қарай жүріп кеттік. Жол жиегіндегі жайқалған жүгері мен дала қосынының сәнін келтіріп, жасыл-желекке оранып жатқан қауын алқабы анадайдан көз тартады. Бейне бір жер-жаһанға жұпар шашқандай кең даладан бабымен піскен қауынның исі аңқиды. Жаңа ғана таза ауамен тыныстап, тыныс жолдарын тазартып алған ағзамыз енді табиғат-ананың сыйымен әтірленіп жатқандай әсерге бөледі.  

ГАЗ ТАРТЫЛЫП ЖАТЫР 

Маяқұм ауылдық округіне жете бергенде оң қапталымыздан Қостерек ауылы көзге шалынды. Іркес-тіркес жатқан екі елді мекеннің арасын егістік алқап жалғап жатыр. Ауыл әкімі Руслан Ілесбектің айтуынша, жалпы округ бойынша төрт мың тұрғын болса, оның мыңға жуығы Қостеректе, жүзден астамы Бестам елді мекенінде тұрады. Бұрын мал шаруашылығымен айналысқан ауыл соңғы жылдары егістік көлемін де ұлғайта түскен. Жалпы жер көлемі 283 мың гектарды құраса, оның 100 мың гектардан астамы ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылуда. Биыл егістік алқаптардың 1130 гектарына жүгері, 880 гектарына жоңышқа, 640 гектарынан астам жерге бақша дақылдары егілген. Қауынның әр гектарынан орта есеппен 200 центнер өнім алған диқандар осылайша табысын еселеп жатыр. «Биыл диқандар ағынсудан таршылық көрген жоқ, есесіне егістік алқаптың да түп саны түгел болды. Төрт түлік малдың да қоңдылығы көз қуантады. Жалпы, елдің жағдайы жаман емес» дейді ауыл әкімі Руслан Құлмаханұлы.  
Иә, айтса айтқандай, көшелері асфальттанып, көркі кіріп қалған ауылға табиғи газ құбырлары тартылып жатыр. Атап айтсақ, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Маяқұм ауылындағы О.Шораев, Е.Әнетбеков атындағы көшелер асфальтталса, Қостерек елді мекеніндегі Қ.Шалабаев көшесі мен Әліпбек ата көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген екен. Сондай-ақ, Маяқұм–Балтакөл тас жолы бойы мен Е.Әнетбеков, Т.Сыздықов, Р. Мырзабеков және Ә.Байымбетов атындағы көшелерге жарықшамдар орнатылған. 

ҚЫРМАНДА қызу еңбек

Қостерек елді мекеніне барғанымызда ауылға кіре берістегі қырмандағы қыз-қыз қайнаған жұмысқа көзіміз түсті. Мұндағы еңбек адамдары жасына, күш-қуатына қарай жұмысты өзара бөлісіп алған көрінеді. Айталық, әлі буыны беки қоймаған жасөспірімдер жағы трактор тіркемесіндегі пәлегінен жаңа үзілген қауындарды сұрыптап, картон жәшіктерге салып жатса, тепсе темір үзетіндей қарулы жігіттер төрт жағынан буылып-түйілген қораптарды жүк көлігіне еппен тиеп, жайғастырып жатыр. Сырттай қарап отырып, әлгілердің әбжіл әрекеті мен бір-бірін үнсіз ұғысатын ептіліктеріне тәнті боласың. «Күніне екі «фура» қауын жүктейміз, – деді өзін Талғат деп таныстырған жігіт ағасы. – Әр жүк көлігіне жиырма тоннадан астам қауын кететін болса, тек біздің қырманның өзінен тәулігіне елу тоннаға жуық өнім экспортқа жөнелтіледі. Бұл жерден тек диқандар ғана емес, сонымен бірге ауыл тұрғындары да тұрақты табыс тауып отыр. Бір сөзбен айтқанда, жұмыс істеуге ниетті адам болса екі қолға бір күрек табылады. Әр адам орта есеппен күніне он мың теңге алса, айына 250-300 мың теңге табады емес пе?! Одан бөлек мал шаруашылығы саласында да жыл он екі ай жұмыс болады. Қысқасы, ауылда жүріп-ақ бар жағдайыңды жасап ала аласың».

ҚҰМШАУЫТ ЖЕРДІҢ ҚАУЫНЫ...

Тырсиып тұрған торлама қауынның бірін алып келіп, көз алдымызда тіліп берген диқан дәм ауыз тиген соң қандай екен дегендей бізге сұраулы жүзбен қарады. Шынында да, пәлектен жаңа үзілгеннен кейін бе екен, дәмі тіл үйіреді. Оның үстіне сөлі де сойқан, жеп үлгермей жатып төмен сорғалайды. Мұншалықты сулы өнімді бір қауызға сыйғызып, алыс жолдарға шыдап беретін қауынның қабығында да бір құпия бар-ау. Осы ретте менің таңданысымды түсінген диқан оның сырын былай түсіндірді. «Аптап ыстықтан жері өртене жаздап тұратын мына алқап қауынның нағыз отаны саналады. Мұнда бір кездері дәмі тіл үйіретін қауын, қарбыздың түр-түрі өсірілген. Кешегі Кеңестер Одағы кезінде мал шаруашылығына басымдық берілді де, біздің ата-бабаларымыз бақшадан ажырап қалды. Енді, міне, егемендік алғаннан кейін әркім өздеріне тиесілі пай үлестерін алып, жерге еңкейе бастады. Алғашқы жылдары бұл саланың тілін білмей, аз-кем қиналғанымыз бар. Бірақ, бертін келе бәрі ойдағыдай болды. Рас, егіннің жақсы болмағы тек диқанның еңбегімен ғана өлшенбейді, оған қажетті ағын суды дер кезінде жеткізіп беруде де үлкен мән бар. Осы ретте тіршілік көзінен тарықтырмай, ағын суды дер кезінде жеткізіп беріп отырған жауапты сала мамандары мен ауыл, аудан әкімдеріне рахмет айтамыз. Ауылдық жерлерді абаттандыру үшін ағын су болса, қалғанын ел өзі-ақ реттеп алады. Біздің жердің тағы бір артықшылығы – үнемі жел соғып тұратындықтан еккен егініміз түрлі өсімдік зиянкестерінен зардап шеге бермейді. Ал, құмшауыт жердің қауыны анша-мұнша ауру-сырқауға да бой бермей, жақсы өседі» дейді Жасұлан Арынов. 
Жас диқан Жасұлан Темірғалиұлы негізі Шымкент қаласында тұрады. Бірақ, ала жаздай ауылда болып, қауын егетін ол өз ауылындағы жер жағдайын жақсы білетіндіктен көп қиналмайтын көрінеді. «Биыл ағайынды үш әулетке тиесілі алпыс гектар жерге қауынның «Гүлістан» сортын ектік. Гектарынан орта есеппен 200 центнерден өнім алдық. Бағаның біршама арзандағаны болмаса, жалпы өнім жақсы болды. Қазір әр қорабын бір жарым мың теңгеден сатып жатырмыз. Былай қарасаң тым арзан сияқты, бірақ қауынның нарқы төмен болғанымен өнімі жақсы болып, пайдасын көріп отырмыз» дейді ол. 

ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ  – қанағатшылға тән қасиет

Ауыл тұрғындарының ауызбіршілігі мен бір-біріне қол ұшын созып, қарайласа жүретін қайырымдылығы туралы бұған дейін де естігеніміз бар еді. Сөз реті келгенде ауыл әкімімен елдің әлеуметтік жағдайын да сұрап, сыр суыртпақтап көрдік. «Жалпы, бір-біріне қарайласа жүру, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар болса жәрдем беру, жаңадан отау тіккен жас отбасыларға жол көрсетіп, жөн-жобасын айту – біздің қазақ халқында бұрынннан бар қасиет қой. Елдің жақсылығын көріп, қамқорлығын сезінген жастар да ертеңгі күні өз ауылына қызмет еткенше асығып тұратын болады. Мен де осы ауылдың түлегімін. Жоғары оқу орнын бітірген соң бірер жыл Шымкент қаласында, Түркістан облысында статистика саласында жұмыс істедім. Осыдан екі жыл бұрын ауыл әкімі сайланатын болды да, бағымды сынап көрдім. Бұл менің ауылға қызмет етсем деген ниетіммен үндесіп, ауыл тұрғындары бірауыздан қолдады. Ауыл адамдарының ұйымшылдығына, қамқорлығына тәнтімін. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді ғой, сөз реті келгенде бір-екі кәсіпкердің азаматтығы туралы айтсам деймін. Жеке кәсіпкер Қалқабай Байымбетов ағамыз жыл басынан бері бір түйесі мен жылқысын сойып, етін жиырма төрт отбасыға үлестіріп берді. Ал, «Заречное» серіктестігінің ұжымы ұйымшылдық танытып, ауылдағы отыз отбасының әрқайсысына бір тоннадан көмір түсіріп берді. Одан бөлек мектеп жасындағы он оқушының әрқайсысына 45 мың теңгеден ақша бөліп, бастан-аяқ киіндірді. Сонымен бірге, бұл ұжым жаңадан ашылған «Тойлыкүл ана» балабақшасына  жарты миллион теңгеге кілем төсеніштерін алып бергенін де айта кетейік.
Аудандық мәслихаттың төрағасы Уәлихан Ұзақов бес отбасыға қаржылай, жеке кәсіпкер Өскенбай Үсенов 160 отбасыға екі қаптан ұн, ауыл жастары он отбасыға, тағы бір кәсіпкер азаматымыз Алмас Тайманов жеті отбасыға азық-түлік таратып бергенінің өзі бұл азаматтардың қолдарының ашықтығын, жандарының жомарттығын білдіреді емес пе?! Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін жоғары деңгейде өткізу мақсатында ауыл жастары бірігіп, демеушілік жасап, күллі ауыл тұрғындарына дастарқан жайып, ұлттық спорт ойындарынан жарыстар өткізді.
Иә, қиналғанға қол ұшын созу – нағыз ынтымағы жарасқан елде ғана болатын қасиет. Тіршілік болған соң түрлі жағдайлар болмай тұрмайды. Өткенде ауылда төтенше жағдай орын алып, бір отбасының үйі өртке оранды. Оны қалпына келтіру де үлкен қаражатты қажет ететінін түсініп, ауыл тұрғындары ауызбіршілік танытып, он миллион теңге көлемінде ақша жинап берді. Міне, мұның өзі ауыл-елдің ынтымағы жарасқанын білдіреді емес пе?!»
Әрине, шартарапқа шәрбат татитын шұбатымен танылып, дәмі тіл үйіретін қауынымен қалың елді тәнті еткен, сөйтіп өз брендін қалыптастырған Маяқұм ауылында, міне, осындай көңіл сүйсінетін тірліктер бар. Егер тіршіліктің таусылмайтын проблемасынан бір сәт қажысаңыз, Шәуілдірге тартыңыз, одан әрі дарияны кесіп өтіп Маяқұмды бетке алыңыз. Сөйтіп осындағы тыпырлап жатқан адамдарға назар жығыңыз. Болды, сіздің бойыңызда өмірге деген алапат құштарлық оянады.           
Пікір қалдырыңыз