Түркістандық таэквондошылар жаңа президенттерін сайлады
Түркістан облысында таэквондо (WT) федерациясының кезектен тыс конференциясы өтті. Жиынға Қазақстан таэквондо (WT) федерациясының бас хатшысы Арал Садықов, федерацияның спорт жөніндегі вице-президенті Сұлтан Қасымов, сондай-ақ Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының жоғары спорт жетістіктерін дамыту және мемлекеттік қызметтер көрсету бөлімінің басшысы Жандос Керімбеков қатысты.
Конференция жұмысына өңірдің таэквондо (WT) бойынша жаттықтырушылары, төрешілері мен спорт ардагерлері де қатысып, федерацияның алдағы міндеттері мен спорт түрін дамыту бағыттарын талқылады. Күн тәртібіндегі негізгі мәселе – Түркістан облыстық таэквондо (WT) федерациясының жаңа президентін сайлау.
Конференция шешімімен Елдос Ахметов Түркістан облыстық таэквондо (WT) федерациясының президенті болып тағайындалды. Жаңа басшылыққа өңірдегі таэквондо спортын одан әрі дамыту, жас спортшылардың шеберлігін арттыру, ұлттық құрама сапындағы спортшылардың нәтижесін жақсарту және халықаралық додаларда жоғары көрсеткіштерге қол жеткізу бағытында бірқатар маңызды міндеттер жүктелді.
Кездесу барысында федерация өкілдері Түркістан облысында таэквондоны жүйелі дамытуға, жаттықтырушылар мен спортшыларға қолайлы жағдай жасауға және спорт резервін қалыптастыруға басымдық берілетінін атап өтті.