Мақтааралдықтар топ жарды

Түркістан облысында футболдан әуесқой командалар арасындағы облыс чемпионаты екінші рет ұйымдастырылып, мәреге жетті. Бұқаралық спортты дамытуға бағытталған жарысқа өңірдің түкпір-түкпірінен командалар қатысып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды.

Чемпионаттың алғашқы, ай­мақтық кезеңінде ауылдық округтердің командалары өзара бақ сынады. Жарысқа 170 команда, 3 200-ге жуық ойыншы қатысты.
Екінші, облыстық кезеңде 3 қала мен 14 ауданның құрама командалары төрт топқа бөлініп, сынға түсті. Топтық кезеңнің қорытындысы бойынша Мақтаарал, Шардара, Арыс, Қазығұрт, Ордабасы, Түлкібас, Түркістан және Сауран ауданының командалары келесі кезеңге жолдама алды.
Үшінші орын үшін өткен кездесуде Түлкібас ауданының командасы Ордабасы ауданы құрамасын 2:0 есебімен жеңіп, чемпионаттың қола жүлдегері атанды.
Ал, чемпионаттың басты бәсекесі облыс орталығындағы «Түркістан Арена» стадионында өтті. Ақтық сында Мақтаарал ауданы мен Түркістан қаласының командалары чемпиондық атақты сарапқа салды.
Шешуші кездесуді облыстық футбол федерациясының президенті Нұралы Әбішов, облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы, облыстық соттың төрағасы Айдос Сұлтанов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров және спорт саласының бірқатар жанашырлары тамашалап, командаларға қолдау көрсетті.
Тартысты өткен финалдық кездесуде Мақтаарал ауданы құрамасы түркістандықтарды 3:1 есебімен жеңіп, чемпион атанды. Осылайша, мақтааралдықтар чемпиондық атақпен бірге Қазақстан Республикасы чемпионатына қатысуға жолдама алды. Чемпионат қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер ауыспалы кубокпен және медальдармен марапатталды.
Айта кетейік, биылғы чемпионатқа 170 команданың қатысуы өңірде әуесқой футболдың ауқымы кеңейіп келе жатқанын көрсетті. Мұндай жарыстар ауылдық округтер мен аудан-қала командалары арасындағы бәсекелестікті қыздырып, футболдың бұқаралық сипатта дамуына тың серпін береді.

«ОҢТҮСТІК»-ақпарат.
Пікір қалдырыңыз