Еркін жүлделі оралды
Эквадордың Гуаякиль қаласында жасөспірімдер арасында дзюдодан әлем біріншілігі өтті. Жаһандық додаға әлемнің 62 елінен 457 жас дзюдошы қатысып, кім мықтыны анықтады.
Қазақстан ұлттық құрамасының сапында 66 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен түркістандық Еркін Үсенов дүбірлі додада сәтті өнер көрсетіп, әлем біріншілігінің қола жүлдегері атанды.
Жас спортшының бұл жетістігі – Түркістан өңірі дзюдосының халықаралық аренадағы абыройын асқақтатқан кезекті жеңіс. Жүлдегер спортшыны Түркістан халықаралық әуежайынан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Айдос Қалтаев бастаған сала мамандары, жаттықтырушылар, жүлдегердің туған-туыстары мен спорт жанашырлары зор құрметпен қарсы алды. Олар жас балуанға ыстық лебіздерін білдіріп, алдағы жарыстарда толағай табыстар тіледі.
Өз кезегінде Еркін Үсенов қарсы алуға келген барша қауымға алғысын білдіріп, алдағы уақытта әлемдік додаларда ел намысын абыроймен қорғап, жеңіс тұғырының ең биік сатысынан көрінуге бар күш-жігерін салатынын жеткізді.
Айта кетейік, Еркін Үсенов – бүгінде Түркістан облыстық олимпиада резервін даярлау орталығының шәкірті.