Межелі жоспар, серпінді нәтиже және жаңа мүмкіндіктер
Спорт – тек жеңістер мен медальдар жиынтығы емес. Бұл – ұлт саулығын нығайтатын, бұқаралық қозғалысты өрістететін және халықаралық ареналарда ел абыройын асқақтататын рухани мәртебесі өте жоғары сала. Бүгінде Түркістан облысында бұқаралық спортты өркендету, кәсіби спортшылардың әлеуетін арттыру, жас дарындарды тәрбиелеу және оларға қолайлы инфрақұрылым қалыптастыру бағытында кешенді жұмыстар атқарылып келеді.
Жеңістің іргетасы ауылда қаланады
Бұқаралық спорт – кәсіби жеңістердің іргетасы. Осы жылдың алғашқы бес айының қорытындысы бойынша өңірде дене шынықтыру және спортпен тұрақты айналысатын тұрғындар саны 866,3 мың адамға жетіп, жалпы халықтың 43,4 пайызын құрады.
Бүгінде облыста 101 мемлекеттік және 392 жекеменшік спорт ұйымы тіркелген. Мемлекеттік спорттық тапсырыс бағдарламасы аясында 384 өнім беруші жұмыс істеп, олар 24 мың баланы тегін секциялармен қамтамасыз етуде. Жалпы алғанда, аталған секциялар мен мектептерде 89 492 спортшы спорттың 62 түрімен тұрақты айналысады. Оның 64,5 мыңы мемлекеттік мекемелерде, ал, 24,9 мыңы жекеменшік секторда шеберлігін шыңдауда.
Инклюзивті спортты дамыту да басты назарда. Спортпен айналысуға медициналық қарсы көрсетілімі жоқ 46 мың мүмкіндігі шектеулі азаматтың 7032-сі (15,1%) тұрақты түрде жаттығу процесіне тартылған.
Спорттық инфрақұрылымға келсек, өңірде 3595 спорт нысаны жұмыс істейді. Олардың 86 пайызы, яғни 3086-сы ауылдық жерлерде орналасқан. Биыл облыс бойынша 12 спорт нысанының құрылысы жүргізілуде, оның 8-і жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.
Сауран ауданының Шорнақ ауылындағы спорт кешенінің құрылысы аяқталып, қабылдау ресімдерінен өтуде (мұнда еркін күрес, бокс, волейбол, футбол және қазақ күресі бойынша 250 спортшы қамтылады). Жыл соңына дейін Ынталы, Шұбар, Момынай, Байырқұм және Сүткент ауылдарындағы нысандар да келушілерге есігін айқара ашады. Кентау қаласында, сондай-ақ Темірлан, Тұрар Рысқұлов, Зертас ауылдарында басталған нысандар келер жылы пайдалануға берілмек.
Сонымен қатар, «Қазақстан халқына» қоры есебінен Теректі және Ошақты ауылдарында заманауи спорт залдары бой көтерді. Аталған жобалар толық аяқталғанда облыста 1000 адамға шаққандағы спорт инфрақұрылымымен қамту деңгейі 52 пайызға жетеді.
Ең маңыздысы, жаңадан салынып жатқан спорт нысандарының сапасына ерекше мән берілуде. Спортшылардың жарақат алу қаупін азайту, буындар мен омыртқаға түсетін күшті бәсеңдету мақсатында дәстүрлі спорттық линолеумның орнына арнайы ағаш негізіндегі еден жабындары мен паркеттер төсеу қолға алынуда.
Жаңа KPI және сапалық менеджмент
Балалар мен жасөспірімдер спортында бәсекеге қабілеттілікті арттыру мақсатында биыл ауқымды оңтайландыру жұмыстары жүргізілді. Өңірдегі 51 спорт мектебінде 2763 штаттық бірлік қарастырылған (1520 жаттықтырушы, 1243 әкімшілік-көмекші персонал). Оларда 40 спорт түрі бойынша 39 969 бала жаттығады.
Аудит барысында кейбір мектептерде тек бір спорт түрі дамытылып, ішкі бәсекелестіктің төмендегені анықталды. Осыған байланысты жүктемелер мен спорт түрлері мектептер арасында қайта бөлінді. Бұл ретте жаттықтырушылардың штаты оңтайландырылғанымен, балалардың жаттығу орны мен кестесі сол күйі сақталды.
Жұмыс тиімділігін арттыру мақсатында спорт мектептері үшін арнайы KPI (негізгі тиімділік көрсеткіштері) жүйесі енгізілді. Бағалау кезінде спорттық нәтижелермен қатар, бюджет қаражатының игерілу тиімділігі де ескеріледі. Алдымен олимпиадалық спорт түрлері, одан кейін ұлттық спорт түрлері, содан соң Азия ойындары бағдарламасына енген спорт түрлері қаржыландырылады.
Рейтинг қорытындысы тоқсан сайын шығарылып, көрсеткіші төмен мекеме басшыларына қатысты кадрлық шешімдер қабылданады.
Көрсеткіш көңіл қуантады
Жүйелі оқу-жаттығу жиындары мен материалдық қолдаудың арқасында облыс спортшылары халықаралық және республикалық жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Биыл 220 спортшы мен 14 жаттықтырушыға ай сайынғы арнайы стипендия белгіленді (39 мыңнан 589 мың теңгеге дейін). Салыстырмалы түрде айтар болсақ, былтыр бұл тізімде 141 спортшы болған.
Нәтижесінде, Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командалары сапына Түркістан облысынан 798 спортшы енді. Өткен жылы бұл көрсеткіш – 766 болған.
Биылғы 5 айда Түркістан облысының спортшылары қоржынға 786 медаль салды. Қазақстан чемпионаттарында 240 алтын, 220 күміс, 250 қола (барлығы 710 медаль) жүлде иеленсе, Азия чемпионаттарынан 17 алтын, 28 күміс, 15 қола (барлығы 60) медаль қоржынға түсті. Ал, әлем чемпионаттарында 6 алтын, 4 күміс, 6 қола (барлығы 16) жүлде – біздің спортшылардың еншісінде.
Дайындық тыңғылықты өтуде
Үздік спортшыларымыз қазіргі таңда жауапты халықаралық жарыстарға дайындалуда. Жапонияның Айти–Нагоя қаласында өтетін Азия ойындарына облысымыздан байдарка мен каноэде есу, жүзу, кураш, әйелдер күресі, таэквондо, гандбол, садақ ату, дзюдо және каратэ бағыттары бойынша лицензиялар иеленіп үлгердік.
Үміт артар спортшыларымыздың қатарында Бекарыс Раматулла, Артем Терещенко, Ольга Шмелева, Алишер Хаетов, Ақбота Қыдырәлі, Шұғыла Өмірбек, Нилюфар Райымова, София Сподаренко, Назым Махмудова, Әсел Қанай бар. Тағы 30 спортшы негізгі құрамаға үміткер ретінде қарқынды оқу-жаттығу жиындарын өткізуде. Азиадада Түркістан облысы спортшыларының алдына 1 алтын, 2 күміс, 3 қола медаль еншілеу межесі қойылған.
Сондай-ақ, Пара Азия ойындарына спорттың 3 түрінен5 спортшы жолдама алып, олардан 1 алтын, 1 күміс, 1 қола медаль күтілуде. Азия ойындарында өңірімізден Каратэ WKF бойынша халықаралық дәрежедегі төреші Дәуіт Жандос төрелік етеді.
Қырғыз Республикасында өтетін VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына облыстан 17 спортшы ұлттық құрама сапында ордо, овари, көкпар, аударыспақ, жамбы ату, теңге ілу және құсбегілік түрлері бойынша сынға түседі.
Түркістан ірі спорттық орталыққа айналып келеді
2026 жылдың алғашқы айларында облыста 780 бұқаралық спорттық іс-шара өтіп, оған 103 мыңнан астам тұрғын тартылды. «Таза Қазақстан» акциясы аясында «Экопарк» кешенінде 500 адамдық марафон мен 200 велосипедшінің қатысуымен велошеру өтті.
Айтулы оқиғалардың бірі – Түркістан қаласында алғаш рет ауыр атлетикадан 20 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Қазақстан чемпионатының өтуі. Үш жүзден астам ауыр атлет қатысқан сында Түркістан облысының құрамасы өз тарихында алғаш рет командалық есепте жүлделі 3-орынға көтерілді.
Бүгінде Түркістан қаласы шахмат, таэквондо, ұлттық спорт, триатлон, параспорт және бұқаралық жүгіру бойынша республикалық және халықаралық жарыстар тұрақты өтетін ірі спорттық орталыққа айналды.
Басқару жүйесін оңтайландыру, спорттық инфрақұрылымды дамыту және бұқаралық спортты өңірлік деңгейде қамту Түркістан спортының даму серпінін жаңа сатыға көтерді. Алдағы басты міндет – қарқынды бәсеңдетпей, ауыл мен қаладағы спорт қолжетімділігін арттыру және халықаралық аренада ел намысын қорғайтын жаңа чемпиондар буынын дайындау.
Ғалымжан ХУДЯРОВ,
облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы.