Бағланбек тек бірінші болғысы келеді

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Өмірде тағдырдың жазуына мойынсұнбай, қандай тауқыметті де табандылықпен жеңіп, өзін айналасына мойындата білетін азаматтар болады. Жігері жасымаған, намысы найзағайдай жарқылдаған сондай бірегей саңлақтардың бірі – ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Бағланбек Оңалбек.

Бағланбектің кіндік қаны тамған жері – Арыс топырағы. Кейіннен Түркістан қаласындағы Молда Мұса атындағы №30 мектепте оқыды. Әкесі төңірекке аты мәлім шабандоз әрі атбегі болған екен. Жасынан тұлпардың дүбірін естіп өскен Бағланбек те бозкілемге ерте түсіп, күрестің қыр-сырын меңгерді.

Алайда, жоғары оқу орнына түскен соң күресті уақытша тоқтатуға тура келді. Ол Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің гуманитарлық факультетін тәмамдады. Бірақ, жүректің түкпіріндегі спортқа деген махаббат ешқашан сөнген емес.

Ол өз күшін алғашында пауэрлифтингте сынап көрді. Тынымсыз жаттығу, қара күш пен шойын темірдің айқасы... «Сауран» спорт клубында тер төгіп, Қазақстан чемпионатында үш мәрте топ жарды. Шойынды бағындырғанымен, жан-дүниесі бала күннен өзіне жақсы таныс бозкілемді аңсады да тұрды.

Бағланбек бақ сынап жүрген парадзюдоның J1 санаты – көру қабілеті мүлдем нашар немесе аса ауыр дәрежедегі зағип спортшылардың белдесетін алаңы. Мұндай саңлақтар дене сезімталдығымен, кимонодан ұстаған сәттегі бұлшық ет импульсімен және тыныс алғандағы дауыстың өзін қағып алатын есту түйсігі арқылы күреседі. Екі қарсылас татами ортасында төрешінің көмегімен алдын-ала ұстасып тұрып белдесетін бұл сайыста нағыз темірдей жүйке мен тас-түйін қайсарлық сынға түседі.

«Күреске бала кезден қатысқанмын. Бірақ, парадзюдоның бар екенін білмей жүре беріппін. Білген бойда бірден осы спортқа ауыстым» дейді ол сол бір бетбұрысты сәтті есіне алып. Бұл шешім оның өміріндегі ең маңызды қадам болды.

Парадзюдо Бағланбектің өмірін түбегейлі өзгертті. Төгілген тер, әрбір жаттығудағы жанқиярлық еңбек пен жеңіске деген ұмтылыс оны қысқа мерзімде әлемдік элитаның қатарына қосты.

Бүгінде Бағланбек Оңалбек әлем чемпионатының қола, әлем кубогының күміс пен қола жүлдегері, Азия чемпионатының күміс жүлдесін, сондай-ақ халықаралық Гран-при турнирлерінің күміс және қола жүлделерін иеленген.

Бұл жетістіктердің артында әрине, оның жеке бапкері Шавкат Ешматов пен ұлттық құраманың аға жаттықтырушысы Жандос Қияновтың шелектеп төгілген тері жатыр. Қазіргі таңда Бағланбек Оңалбек – әлемдік парадзюдоның жарық жұлдызы, олимпиадалық рейтингте үздік үштіктің қатарында. Оның ең басты бәсекелесі – Пара Олимпиада ойындарының үш дүркін чемпионы, бразилиялық балуан. Осыған дейінгі үш кездесуде қарсылас басым түсіп, жеңіс уыстан шығып кеткенімен, бұл жеңілістер Бағланбекті жасытқан жоқ, керісінше, намысын қайрай түсті. Бағланбек бразилиялық балуаннан есе қайтаратын күнді асыға күтіп жүр. Латын­америкалық спортшыдан бөлек рейтингте Бағланбектің алдында тағы бір қазақстандық балуан Ерлан Өтепов тұр. 

Алдымызда – қыркүйекте өтетін әлем чемпионаты мен қазан айында өтетін Пара Азия ойындары. Бағланбек қазір осы жауапты сындарға дайындалу үшін Алматыдағы оқу-жаттығу жиынына аттанбақ.

«Мақсат – елге алтынмен оралу, көк байрағымызды биікте желбірету!» дейді Бағланбек.

Пікір қалдырыңыз