ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ДӘУІРІНДЕ ҚАНДАЙ МАМАНДАР СҰРАНЫСҚА ИЕ БОЛАДЫ?
Жасанды интеллект дәуірінде Data Analyst, Data Scientist, AI Engineer және киберқауіпсіздік маманы сияқты технологиялық бағыттарға сұраныс арта береді.
Бүгінде жасанды
интеллект адам өмірінің көптеген саласына еніп, еңбек нарығына да айтарлықтай
өзгеріс әкелуде. Бұрын адамның бірнеше сағатын алатын жұмысты заманауи
технологиялар санаулы минутта орындай алады. Мәтін жазу, ақпаратты талдау,
сурет жасау, бағдарламалық код құрастыру, үлкен көлемдегі деректерді өңдеу
сияқты міндеттердің бір бөлігі жасанды интеллект көмегімен автоматтандырылып
жатыр. Осындай өзгерістер қоғамда «Болашақта қандай мамандар сұранысқа ие
болады?» деген маңызды сұрақ туындатады.
Жасанды
интеллектінің дамуы ең алдымен ақпараттық технологиялар саласындағы жаңа
мамандықтарға сұранысты арттырады. Солардың бірі – деректер талдаушысы (Data Analyst).
Қазіргі ұйымдар күн сайын үлкен көлемде ақпарат жинақтайды. Алайда деректердің
өзі шешім қабылдау үшін жеткіліксіз. Оларды өңдеп, салыстырып, маңызды
заңдылықтарды анықтау қажет. Деректер талдаушысы осы ақпаратты зерттеп, ұйымға
тиімді шешім қабылдауға көмектеседі.
Болашағы зор бағыттардың
тағы бірі – деректер ғылымының маманы (Data Scientist). Бұл мамандар статистика, бағдарламалау және машиналық
оқыту әдістерін пайдаланып, деректер негізінде болжам жасайтын модельдер
әзірлейді. Мысалы, банктер клиенттің несие тәуекелін бағалауда, сауда
компаниялары тауарға деген сұранысты болжауда, ал медицина саласы ауруларды
ерте анықтауда осындай технологияларды пайдалана алады.
Сонымен қатар
жасанды интеллект инженері (AI Engineer) мамандығының маңызы арта түсуде. Ол машиналық оқыту мен
нейрондық желілерге негізделген интеллектуалды жүйелерді әзірлейді және оларды
нақты міндеттерді шешуге бейімдейді. Бүгінде чат-боттар, виртуалды көмекшілер,
бейнені тану жүйелері, автоматты аударма және ұсыныс жүйелері – осы бағыттағы
технологиялардың күнделікті өмірдегі көрінісі.
Цифрлық
технологиялар дамыған сайын киберқауіпсіздік мамандарына да қажеттілік артады.
Ақпараттың электрондық форматқа көшуі кибершабуыл, деректердің ұрлануы және
алаяқтық сияқты қауіптерді күшейтеді. Сондықтан ақпараттық жүйелер мен пайдаланушылардың
деректерін қорғау кез келген ұйым үшін маңызды міндетке айналып отыр.
Дегенмен жасанды
интеллект дәуірінде тек ІТ мамандары ғана сұранысқа ие болады деу дұрыс емес.
Керісінше, көптеген дәстүрлі мамандықтардың мазмұны өзгереді. Мұғалім жасанды
интеллектіні білім алушыға жеке тапсырма дайындауға және оқу нәтижелерін
талдауға қолдана алады. Дәрігер интеллектуалды жүйелерді диагностикалық
шешімдерді қолдайтын қосымша құрал ретінде пайдаланады. Экономист пен қаржыгер
үлкен көлемдегі көрсеткіштерді жылдам талдай алады. Журналист ақпарат іздеу мен
материалды өңдеуде жаңа технологиялардың мүмкіндігін қолданады. Демек,
болашақта мамандықтың атауынан гөрі адамның жаңа технологияны өз кәсібінде
қаншалықты тиімді пайдалана алатыны маңызды болмақ.
Сонымен бірге
жасанды интеллект адамға тән барлық қабілетті алмастыра алмайды. Сыни ойлау,
шығармашылық, жауапкершілік, адамдармен қарым-қатынас жасау, мәселені жан-жақты
бағалау және этикалық шешім қабылдау секілді қасиеттердің құндылығы сақталады.
Сондықтан болашақ маманы тек технологияны пайдаланушы емес, оның нәтижесін
тексеріп, дұрыс бағытта қолдана алатын сауатты тұлға болуы қажет.
Жасанды
интеллектінің дамуын жұмыс орындарына төнген қауіп ретінде ғана қабылдамаған
жөн. Технологиялық өзгерістер кейбір міндеттерді автоматтандырғанымен, жаңа
кәсіптер мен жаңа мүмкіндіктердің пайда болуына жол ашады. Еңбек нарығында бір
рет алған біліммен ұзақ жыл жұмыс істеу жеткіліксіз болуы мүмкін. Үнемі білімін
жетілдіру, цифрлық сауаттылықты дамыту және жаңа құралдарды меңгеру кәсіби
бәсекеге қабілеттіліктің негізгі шарттарының біріне айналады.
Қорыта айтқанда,
жасанды интеллект дәуірінде Data Analyst, Data Scientist, AI Engineer және киберқауіпсіздік маманы сияқты технологиялық
бағыттарға сұраныс арта береді. Бірақ болашақ тек ІТ мамандарына тиесілі емес.
Кез келген салада жасанды интеллект мүмкіндіктерін кәсіби білімімен ұштастыра
алатын мамандардың құндылығы жоғары болмақ. Сондықтан бүгінгі басты міндет –
жасанды интеллектімен бәсекелесу емес, оны адамның білімі мен қабілетін
арттыратын тиімді құралға айналдыру.
Ж.ИЗТАЕВ,
М.Әуезов атындағы ОҚЗУ-нің «Ақпараттық жүйелер
және моделдеу» кафедрасының меңгерушісі, қауымдастырылған профессор.