Педагог мәртебесі: кәсіби сын-қатерлер және құқықтық кепілдіктер
Ауанасова Камилла Мүсірқызы
Түркістан облысы білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысы.
Білім – елдің бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын басты стратегиялық ресурс. Ал сапалы білімнің негізі – кәсіби білікті, құқықтары қорғалған әрі қоғам құрметіне ие педагог. Сондықтан мұғалім мәртебесін көтеру, оның құқықтарын қорғау және кәсіби қызметіне қолайлы жағдай жасау – мемлекет саясатының маңызды бағыттарының бірі.
Қазақстан Республикасының Конституциясында адам және оның құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең қымбат қазынасы ретінде айқындалған. Бұл қағидат педагогтердің құқықтарын қорғауға да тікелей қатысты. Конституцияның 30-бабында әрбір азаматтың сапалы білім алуға құқығы бекітілген. Аталған құқықтың толық жүзеге асырылуы ең алдымен өз ісіне адал, кәсіби құзыретті және әлеуметтік тұрғыдан қорғалған педагогтердің еңбегіне байланысты.
Сонымен қатар Конституцияның 17-бабында адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайтыны көрсетілген. Бұл талап педагогтің де ар-намысы мен кәсіби беделін қорғаудың берік құқықтық негізі болып табылады.
Конституциялық қағидаттарды іске асыру мақсатында қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы ұстаздардың құқықтық және әлеуметтік қорғалуын жаңа деңгейге көтерді. Заңда педагогтің кәсіби қызметіне заңсыз араласуға, оны өзіне тән емес жұмыстарға тартуға, артық есептілік жүктеуге, заңсыз тексерулер жүргізуге жол берілмейтіні нақты белгіленді. Сонымен қатар педагогтің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау, әлеуметтік кепілдіктерін кеңейту және кәсіби қызметіне қолайлы жағдай жасау бойынша маңызды құқықтық нормалар бекітілді.
Педагог мәртебесін арттыру бағытындағы жұмыстар мұнымен шектелген жоқ. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 11 мамырдағы №190 бұйрығымен педагогикалық әдеп мәселелері реттеліп, білім беру ұйымдарында педагогтердің кәсіби этикасын сақтау тетіктері айқындалды. Педагогикалық әдеп қағидалары – ұстаздың кәсіби мәдениетін ғана емес, білім беру ұйымындағы басқарушылық мәдениеттің де деңгейін көрсететін маңызды өлшем.
Соңғы жылдары мемлекет тарапынан педагогтерді әлеуметтік қолдау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды.
Мұғалімдердің жалақысы кезең-кезеңімен арттырылды, біліктілікті арттыру жүйесі жетілдірілді, артық есептілік қысқартылды, педагогтердің негізгі міндетіне жатпайтын жұмыстарға тартылуына заң жүзінде шектеу қойылды. Мұның барлығы ұстаздың негізгі міндеті – сапалы білім беру ісіне толыққанды көңіл бөлуіне мүмкіндік жасауға бағытталған.
Соған қарамастан, тәжірибе көрсеткендей, заң талаптарының орындалуына қатысты өзекті мәселелер әлі де кездеседі. Кейбір білім беру ұйымдарында педагогикалық әдеп нормаларының бұзылуы, қызметтік өкілеттіктерді асыра пайдалану, педагогтердің құқықтарын шектеу, психологиялық қысым көрсету және мұғалімдерді мектеп қажеттілігі үшін жеке қаражатын жұмсауға мәжбүрлеу фактілері орын алуда. Мұндай әрекеттер «Педагог мәртебесі туралы» Заң талаптарына ғана емес, Конституцияда бекітілген адам құқықтары мен қадір-қасиетін құрметтеу қағидаттарына да қайшы келеді.
Білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын қамтамасыз ету – тиісті мемлекеттік органдар мен құрылтайшылардың міндеті. Сондықтан педагогтердің өз қаражаты есебінен кеңсе тауарларын, техникалық құралдарды немесе оқу кабинеттеріне қажетті жабдықтарды сатып алуға мәжбүр болуы заң талаптарына сәйкес келмейді. Мұндай жағдайлар мұғалімдердің кәсіби беделіне кері әсер етіп қана қоймай, олардың негізгі қызметіне де кедергі келтіреді.
Осы тұрғыда педагогтердің құқықтарын қорғауда және педагогикалық әдеп қағидаларының сақталуын қамтамасыз етуде Педагогикалық әдеп жөніндегі кеңестердің атқаратын қызметі ерекше. Кеңестердің негізгі мақсаты – білім беру ұйымдарында қолайлы моральдық-психологиялық ахуал қалыптастыру, заң талаптарының сақталуына ықпал ету және педагогтердің құқықтарының бұзылуына жол бермеу.
Түркістан облысының Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті жанындағы Педагогикалық әдеп жөніндегі кеңес бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Кеңестің жұмыс жоспарына сәйкес білім беру ұйымдарында педагогикалық әдеп қағидаларының орындалуына мониторинг жүргізіліп, білім беру ұйымдары басшыларының «Педагог мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарын сақтауына тұрақты бақылау жүзеге асырылуда. Сонымен қатар құқықтық мәдениетті қалыптастыру және педагогтердің құқықтарын түсіндіру мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылып келеді.
Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында Педагогикалық әдеп жөніндегі кеңестің 3 отырысы өткізілді. Кеңес отырыстарында Түркістан қаласы, Жетісай, Түлкібас, Қазығұрт, Мақтаарал аудандары мен Кентау қаласындағы білім беру ұйымдарына қатысты педагогикалық әдеп талаптарының сақталуы, педагогтердің құқықтарының бұзылуы және білім беру ұйымдары басшыларының басқарушылық қызметіне байланысты мәселелер қаралды.
Әрбір қаралған мәселе бойынша заң талаптарына сәйкес ұсынымдар қабылданып, тиісті білім бөлімдері мен уәкілетті органдарға нақты шаралар қабылдау жөнінде хаттар жолданды.
Сонымен қатар педагогикалық әдеп жөніндегі кеңес мүшелері мен білім беру ұйымдарындағы педагогикалық әдеп жөніндегі кеңестердің төрағаларының қатысуымен құқықтық мәдениетті қалыптастыруға арналған облыстық семинар өткізілді. Жиында педагогтердің құқықтарын қорғау, педагог мәртебесін нығайту, құқық бұзушылықтардың алдын алу және басқарушылық мәдениетті жетілдіру мәселелері жан-жақты талқыланды. Мұндай іс-шаралар білім беру ұйымдарында заң талаптарын бірізді қолдануға және құқықтық сауаттылықты арттыруға мүмкіндік береді.
Педагог мәртебесін көтеру – тек құқықтық нормаларды қабылдаумен шектелмейтін үздіксіз үдеріс. Ол заң талаптарының мүлтіксіз орындалуын, білім беру ұйымдары басшыларының жауапкершілігін арттыруды, педагогикалық әдеп қағидаларын сақтауды және әрбір педагогтің құқықтарын құрметтеуді талап етеді. Мұғалімнің кәсіби қызметіне құрметпен қарау – сапалы білім берудің, ал сапалы білім – мемлекеттің орнықты дамуының басты кепілі.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Мектептің жаны – мұғалім» деген болатын. Сондықтан педагогтің кәсіби абыройын қорғау, оның заңмен кепілдендірілген құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету және қоғамдағы мәртебесін нығайту – баршаға ортақ міндет. Өйткені мұғалімге құрмет көрсетілген жерде білімнің сапасы артып, елдің ертеңі де жарқын болмақ.