Сырласу кеші өтті

Түркістан жоғары көпсалалы аграрлық колледжінде «Туған жердің тұлғалары» атты рухани-танымдық кездесу кеші өтті. Кездесуге Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Созақ, Мақтаарал және Бәйдібек аудандарының құрметті азаматы Сабырбек Олжабайды шақырып, студенттермен ашық-жарқын әңгіме өткіздік. 

Жастарды туған елдің көрнекті қайраткерлерімен, руханият пен әдебиет саласында тер төгіп жүрген қаламгерлермен таныстырып, олардан өнеге алуға жол ашу мақсатында өткізілген сырласу кешінде жазушы ағамыз жастар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. 
Иә, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Сабырбек Олжабай қазақ әдебиетіне елеулі еңбек сіңіріп жүрген қаламгер. Ол жарты ғасырға жуық уақыттан бері қолынан қаламын тастамай, «Ашутас», «Мүсәтір», «Емеурін», «Ұрланған тауық туралы хикая», «Жалдамалы құда», «Ақырзаманның ауруы», «Ғасыр машақаты» сияқты сатиралық, «Жылыбұлақ», «Ақсақ Темірдің алмас қылышы», «Ақілгек» атты прозалық, «Қыз жылаған түн», «Айбалталы айкезбе» атты детективтік, «Ай астындағы ару» атты поэзиялық кітаптар жазды. Кеш барысында жүргізушілер  жазушының өмір жолын, шығармашылық белестерін кеңінен таныстырғаннан кейін әсерлі бейнебаян көрсетіліп, жазушыға арналған өлең оқылды. Студенттер жазушыға арнап «Қаламгердің таңдауы» атты сахналық көрініс қойып, рухани кештің мазмұнын байыта түсті.
Жазушы ағамыз өз сөзінде шығармашылық жолының бастауында ұстаздарының, кітап пен туған жердің ерекше рөл атқарғанын айта келе «Шынайы қаламгер ең алдымен халыққа адал болу керек. Жас буынның бойында елге, жерге деген сүйіспеншілік, жауапкершілік, рухани тазалық болсын десек, оларға жақсы әдебиетті оқытуымыз керек» деді.
Кеш барысында жастар ақынның қазіргі әдеби үрдістерге көзқарасы, жастар шығармашылығы туралы пікірлерін қызыға тыңдады. 
Кездесу соңында колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сандуғаш Дүйсенбайқызы жазушыға ұжым атынан алғысын айтып, естелік сыйлық табыстады.  

Айдана ТӘҢІРБЕРГЕН, 
Гүлжан САБЫРХАНОВА, 
Түркістан жоғары көпсалалы  аграрлық колледжінің оқытушылары.
Пікір қалдырыңыз