ҰСТЫНЫ БИІК ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ

Өскелең ұрпақты тәрбиелеуде олардың бойына адами құндылықтар мен асыл қасиеттерді қалыптастырудың маңызы зор.
Біздің алдымызда бабаларының игі дәстүрін
сақтайтын, күллі әлемге әйгілі әрі сыйлы өз елінің патриоттары болатын ұрпақ
тәрбиелеу міндеті тұр. Отаншылдық сезім – ұлт рухы деңгейінің айнасы, өлшемі.
«Балаңды өз тәрбиеңмен емес, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген екен дана
халқымыз. Сондықтан да сан ғасырлар бойы сұрыпталған ұлттық құндылықтарымызды
оқу-тәрбие процесіне енгізу арқылы ұлттың тұнып тұрған рухани байлығымен
өскелең ұрпақты сусындату – басты парызымыз.
Жасөспірімдерді ұлттық
құндылықтар негізінде тәрбиелеу мақсатында Түркістан жоғары көпсалалы, аграрлық
колледжінде, «Аналар мектебі» жобасы аясында іс-шаралар өткізу үрдіске
айналған. Осы мақсатта аталған жоба аясында «Қыз баланың тәрбиесі – халықтың ең қымбат
байлығы» атты тәрбие сағаты өтті.
Біртұтас тәрбие
бағдарламасын іске асыруды, ата-ананың өсиетін тыңдауды, қыз бала тәрбиесі мен отбасылық
құндылықтарды арттыруды, салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды, мәдениетімізді
дәріптеуді, насихаттауды мақсат тұтқан іс-шара өте жоғары деңгейде өтті. Қыздардың бойындағы әдеп-ибасы мен қоғамдағы орнын, беделін ұғындыру жағы да
өз деңгейінде айтылды. Ұлттық меннталитеттен ауытқымай, соның аясында жұмыс
істеу керектігіне де басымдық берілді.
Бұл іс-шараға
Қазақстан Республикасы «Білім беру ісінің үздігі», Қазақстан
Республикасы «Аналар кеңесінің» төрайымы, билер бірлестігінің мүшесі, Шымкент
қаласы «Аналар кеңесінің» төрайымы, Қаратау ауданы ардагерлер кеңесінің
төрайымы Зульфия Бекмырзақызы, Шымкент қаласы, Достық шағын ауданының «Аналар
кеңесінің» төрайымы Алтынкүл Жанқұлова, Түркістан жоғары көпсалалы, аграрлық
колледжі «Аналар мектебінің» мүшесі, Тассай тұрғын алабы, С.Рахымов көшесінің
төрайымы, көп балалы ана Ұлпатша Пірмағанбетовалар құрметті қонақ ретінде
қатысып, өздерінің өмірлік тәжірибелерімен, өнегелі істерімен бөлісті.
Тәрбие сағаты барысында жастар тәрбиесі, әсірісе, қыз тәрбиесіндегі жаңаша көзқарастар, зайырлы қоғамдағы
қыз баланың ролі, қыздар тәрбиесінің дәстүрлі құндылықтары мен сабақтастығы
туралы мәселелер талқыланды.
Қазақтың арғы-бергі тарихында ел мен
жерге өлшеусіз үлес қосқан алдыңғы буын өкілдері аз емес. Аты аңызға айналған
аналарымыз да, әр салада даңқты қызмет атқарып жатқан нәзік жандылар да
баршылық. Олардың өнегелі істерін кеңінен насихаттау мақсатында түрлі
іс-шаралар, ашық сабақтар, еркін форматтағы сырласу кештерін жиі ұйымдастырып
тұрамыз. Соның бірі ретінде бүгінгі басқосуды айтар болсақ, одан басқа да сырласу
кештері, тәрбие сағаттары жиі өтіп тұрады.
Өскелең ұрпақты тәрбиелеуде олардың бойына адами
құндылықтар мен асыл қасиеттерді қалыптастырудың маңызы зор. Ал қыздардың
тәрбиесі әрқашан маңыздылығын жоғалтқан емес, өйткені қыз тәрбиесі – ел
тәрбиесі. Халқымыз «қыз жат жұрттық, қыз қонақ» деп қызын үкілеп өсіріп,
айырықша құрыметтеп, ерекше тәрбиелегенін де естен шығармауымыз керек.
Қыздың тағдыры ұлттың тағдыры екенін ескерсек, қыздың
білімді, сымбатты, арлы, абыройлы болуы тек ата-ананың ғана емес, бір әулеттің
атқарар тірлігі іспетті. Қазіргідей өркениеттердің алмасқан кезеңінде салиқалы
қыздарымыз ұлттық болмысымызды сақтап қалары сөзсіз.
Нағима БЕЙПЕНОВА,
Түркістан жоғары
көпсалалы аграрлық колледжінің педагог-психологы.