Ұлттық кітап күні – рухани жаңғырудың негізі

Қазақстанда 23 сәуір – Ұлттық кітап күні ретінде атап өтіледі. Бұл күннің
ЮНЕСКО тарапынан Халықаралық кітап және авторлық құқық күні ретінде белгіленуі
– кітаптың адамзат өркениетіндегі, ұлт санасындағы маңызын паш ететін ерекше
шешім. Қоғамда оқу мәдениетін
қалыптастыру үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен
Қазақстанда Ұлттық кітап күні бекітілді. Биыл 23 сәуір күні бұл мереке алғаш
рет атап өтілуде. Мақсат – кітап оқу мәдениетін насихаттап, өскелең
ұрпақты рухани байыту, оқу мен ойлауға тәрбиелеу.
Кітап – білім мен парасаттың қайнар көзі. Әр ұлттың рухани дамуы, тарихы
мен болмысы кітап арқылы ұрпақтан ұрпаққа жалғасады. Бүгінде цифрлы дәуір
кітапқа деген сұранысты өзгертсе де, оның құндылығы мен рөлі кеміген жоқ.
Қайта, адамзат ақпарат тасқынына тұншыққан заманда шынайы білім мен тәрбиені
кітаптан іздей бастады.
Ұлттық кітап күні – тек оқырмандар үшін ғана емес, сонымен қатар
кітапханашылар, жазушылар, баспагерлер үшін де үлкен мереке. Бұл күн түрлі
кітап көрмелері, оқырмандармен кездесулер, кітапханалардағы ашық есік
күндерімен ерекшеленеді.
Мектептер мен оқу орындарында да осы күні кітап оқуға арналған челлендждер,
әдеби байқаулар, оқырман конференциялары өткізіледі. Мұның бәрі жастарды кітап
оқуға ынталандыруға бағытталған.
Қазақ халқы «Кітап – алтын қазына» деп бекер айтпаған. Ұлттық болмыс пен
құндылықтарды, ата-баба аманатын сақтап қалу жолында кітаптың алатын орны
орасан. Ұлттық кітап күнінде әрбір адам өзіне бір жақсы кітап таңдап оқыса, бұл
– өз рухына жасаған үлкен жақсылық болар еді.
Кітап – ұлттық құндылықтың айнасы. Ұлттық кітап күні – рухани серпіліс пен
білімге бетбұрыстың бастауы. Бұл мереке әрбір азаматтың санасында кітапқа деген
құрмет пен махаббатты оятуы тиіс.
Мадина ХОДЖАЕВА,
Қ.А.Ясcауи атындағы №22 ЖББМ,
информатика пәнінің мұғалімі.
Жетісай ауданы.