Елшілер Түркістанда бас қосты

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Еуропаның 20-ға жуық мемлекетінің Қазақ-стандағы елшілерімен кездесті. «Достық үйі» ғимаратында өткен кездесу барысында Түркістан өңірінің инвестициялық, туристік әлеуеті таныстырылып, байланыстарды нығайту, әріптестік орнату жолдары талқыланды. Өңір басшысы мәртебелі меймандарға Түркістанның тарихи және экономикалық рөлі туралы баяндады. 

– Сіздерді түркі дүниесінің рухани ордасы – қасиетті Түркістан қаласында қарсы алғаныма қуаныштымын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының қолдауымен аймақты дамыту жұмыстары қарқынды жүруде. Біздің облыс бизнеске бағытталған, сауда-экономикалық байланыстар мен өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтудің үлкен әлеуетіне ие. Аймақта 210 мыңнан астам шағын және орта бизнес өкілдері, оның ішінде 160 шетелдік инвестор қатысатын компаниялар жұмыс істейді. Құрылғаннан бастап облысқа 9 млрд. АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылды. Инвестициялар өнеркәсіп, жылжымайтын мүлік, ауыл шаруашылығы, туризм салаларына және жаңартылатын энергия көздеріне бағытталуда. Қазіргі уақытта өңірдің қоржынында 110-ға жуық инвестициялық жоба бар. 2025-2028 жылдары 19 мың жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Облыста «TURAN» арнайы экономикалық аймағы және индустриалды аймақтар, өндірістік парк жұмыс істейді. Еуропа кәсіпкерлерімен әріптестік орнатып, жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз, – деді Нұралхан Көшеров. 
Кездесуде еліміздің Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко мен Еуропалық Одақ елшісі Алешка Симкич елшілер тобының өңірге сапарының мақсатына тоқталып, әріптестікті нығайтуға қолдау көрсетілетінін жеткізді. 
Жүздесу барысында Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Кэти Лич және өзге де елшілер қонақжай Түркістан жұртшылығына, мазмұнды кездесу өткізген облыс басшылығына ризашылықтарын білдірді. Түркістан облысының бірнеше туристік нысанын аралаған олар аймақтың туристік әлеуеті, бай тарихы мен шежіресіне қызығушылық танытып, бұл саланы дамыту мүмкіндігі жоғары екенін атап өтті. Сонымен бірге инвестициялық алаңдар, инвесторларға жасалатын мүмкіндіктер туралы сұрақтарын қойып, тиісті мағлұматтар алды. 
Еуропаның Ұлыбритания, Польша, Хорватия, Австрия, Болгария, Кипр, Эстония, Германия, Грекия, Венгрия, Швейцария, Латвия, Словакия және өзге де елдерінен келген елшілер мен дипломатия саласының өкілдеріне Түркістан облысы туралы мағлұмат беріліп, әріптестік орнату жолдары пысықталды. 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Пікір қалдырыңыз