Түркістан – суретшілер көзімен

Түркістан қаласының ерекше мәртебеге ие болуына орай таяуда облыс орталығында «TURKISTAN STYLE» халықаралық суретшілер симпозиумы өтті. Алты күнге созылған іс-шараға әлемнің 8 мемлекетінен суретшілер келіп қатысты. Олардың қатарында Үндістан, Түркия, Әзербайжан, Белоруссия, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей және Қазақстанның әр өңірінен келген танымал суретшілер мен профессорлар бар. Симпоизумға 120-дан астам шығарма ұсынылды. Бұл – қылқалам шеберлерінің ерекше мәртебеге ие болған Түркістанды ұлықтауға қосқан үлестері.

Симпозиумның қорытындысы ретінде «Конгресс холл» кешенінің фойесінде қатысушылардың шығармаларынан көрме ұйымдастырылды. Осылай қылқалам шеберлерінің Түркістанның қазіргі келбеті бейнеленген суреттері жұртшылық назарына ұсынылды. 
Көрменің ашылу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысты. Ол «TURKISTAN STYLE» халықаралық симпозиумына қатысушы суретшілерді құттықтап, дипломдармен марапаттап, сертификаттар тапсырды. 
– Түркістан қаласы заманауи тұрғыда қайта жаңғырып, ерекше мәртебеге ие болғанын білесіздер. Осындай сәтте суретшілердің рухани астананың көне тарихы мен жаңаруын бейнелеген туындылары, оның ежелгі тарихына тағы бір үңіліп, киелі Түркістанның бүгінгі күнін өнер тілімен ұлықтауы – құптарлық іс. Сіздер салған өнер туындылары ұрпаққа ең қымбат мұра, маңызы зор деректі мирас болып қалатыны сөзсіз, – деді Ертай Кенжебекұлы. 
Қырғызстан Республикасының халық суретшісі, Тоқтоғұл атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері, академик Юристанбек Шығаев пен ҚР Көркем академиясының академигі және вице-президенті Ерлан Айтуаров бейнелеу өнерін дамыту мақсатындағы осындай ауқымды іс-шаралардың маңыздылығына тоқталып, суретшілер атынан облыс басшылығына алғыстарын білдірді. 

Назерке ТАСБОЛАТОВА,

М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың 4-курс студенті.


Пікір қалдырыңыз