Еңбек адамы – ең қадірлі адам

«Alageum Electric» холдингтік компаниясының құрамына кіретін «Кентау трансформатор зауыты» АҚ еліміздің Қазақстанның электр машина жасау саласының ірі жоғары технологиялық өндірістік кәсіпорындарының бірі де бірегейі. Зауыт бүгінде Кентау қаласының ғана емес, еліміздің экономикасына да үлес қосып келе жатқан кәсіпорындардың қатарында жергілікті халықты жұмыс қамтып отыр.
1997 жылы кәсіпорынның тек 10 түрлі ғана өнім номенклатурасы болған болса, ал бүгінде
өнімдер тізімі Қазақстанда бұрын өндірілмеген және экспорттық сұранысқа ие
400-ден астам өнімнің түрлерін шығаратын болды. Бүгінде зауыт қуаттылығы 80 000
кВА дейінгі 10, 20, 35, 110 кВ күштік, майлы және құрғақ трансформаторларды,
әртүрлі орындалатын қосалқы станцияларды (ОРУ, КРУ, ЗРУ, ОПУ 35, 110 кВ), төмен
және жоғары вольтты ұяшықтарды және тағы басқа сұранысқа ие электр жабдықтарын
шығарады. КТЗ өнімдерін елімізден басқа – Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан,
Ресей, Әзірбайжан сияқты елдер нарығына,
жиыны дайын өнімдерді 14 елге экспорттайды.
Жақында біз зауыт
һәм жұмысшылардың
тыныс-тіршілігімен танысып
қайтқан едік. Зауытқа сапарымызды №1 цех жұмысымен танысудан бастадық. Бұл цех
дайындаушы цех деп аталады. Яғни трансформатордың ішіндегі болатын болат материалдар формаға лайықталып кесіледі,
станоктарда бөлшектеліп магниттері
дайындалады. Катушкаларға оралатын
материалдар, сымдар кесіледі, сым орау, теру, дәнекерлеу, бояу жұмыстары
жасалып майы құйылып кезекті операциялар орындалатын келесі цехқа жөнелтіліп жатады. Мқнда: электр
қозғалтқыштар, генераторлар, трансформаторлар шығарудың қаншама технолгиясын
танып-білуге болады. Қай құрылғының, орағыштар мен токарьлық станоктардың,
дәнекерлеуші, біріктіруші, түрлі сымдар мен қораптарды жасайтын
технологиялардың жанына барсаңыз, мамандардың кірпік қақпай өз істерін мұқият
қадағалап жасап жатқанын көресіз. Цехтағы жұмыс процесі өз ретімен жүріп, өндіріс ошағында қайнаған қазанның
куәсі болдық.
Біз цехтың белді жұмысшысы, оператор Жасұлан Жаңабаевпен таныстық.
Жасұлан 2006 жылдың тамыз айында оператордың көмекшісі болып жұмысқа кірген
екен. Ол бір жылдан кейін операторлықты, станокта жұмыс істеуді толық меңгеріп, содан бері (19 жыл) бері жемісті жұмыс істеп
келеді. Жасұлан автоматтандандырылған кесуші станоктарды басқарады. Станоктар
Италиядан, Түркия (Laye), Бельгия (Soenel) келген озық аппараттар. Сол
станоктарда жұмыс істеп трансформатордың
жүрегі іспетті саналатын магнитті
бөлшектеп (электротехникалық сталь) кесумен айналысады. Жасұлан тәжірибелі жұмысшы ретінде 3 жылдан
бері Орал, Петропавл қалаларында ашылған
зауыттың еншілес бөлімдеріне барып, жаңа келген станоктарды қабылдап алып,
жас операторларды үйретіп, машықтандырып жүр. Соңғы үш жылда жиі іссапарға
шығып өндіріс орнының жаңа бөлімдерінде
жас мамандарды даярлауға атсалысуда. «Жұмысым өзіме ұнайды. Жауапкершілігі зор: әрбір
минут-сағатымыз есептеулі, берілген схемамен жұмыс істейміз. Жұмысты бір минут
тоқтатуға болмайды, өйткені бір станокта жұмыс тоқтаса, не ақау пайда болса ол
келесі станокты тоқтатып қояды. Ол процесс бүкіл зауттың жұмысына әсер етуі
мүмкін. Өндіріс деген түрлі операциялардан тұратын тізбекті жұмыс. Мұнда
барлығы бір-біріне байланысты. Менің жұмысым цехтағы жауапкершілігі зор жұмы.
Жауапкершілігінің қатаңдығы соншалық бір
жағдаймен 2-3 күнге сұранып кету мүмкін емес. Жұмыс кестесі: аптасына 6 күн, ауысыммен 8 сағаттық жұмыс,
табысымыз издельный, яғни норманы орындауыңа, қанша болат кескеніңе қарай
болады. Шүкір, жалақымыз жақсы, іссапарға барсақ ол да төленеді. Біздің зауыттың колледжін бітірген жастар Орал, Шымкент,
Петропавл қалаларындағы
кәсіпорындарымызға барып жұмысқа тұрып жатыр. Сол жаққа барған жас
мамандарға жеңілдікпен пәтер беріліп жатыр. Жастарға жұмысқа келіңдер деп батыл
айта аламын. Еңбек түбі береке деген ғой, еңбектің жаманы жоқ. Жастарымыз
өндірістің қыр-сырын үйренуі керек» дейді бізбен әңгімесінде Жасұлан.
Ардақ Есенбаев цехта
сым ораушы болып жұмыс істейді. Ардақ
та сызбамен жұмыс істейді. Транформатор құрылымында сымдардың әрбір талшығының өз қызметі бар.
Сызбаға қарай әрқайсысын сыйымды етіп, өз орнына орналастырып орап береді. 36 жастағы бұл
жігіттің зауыттағы жұмыс өтіліне 8 жыл. Жұмысым – таза жұмыс, ыждахаттылықты,
есептілікті талап ететін жұмыс. Еңбекақы істегеніңе қарай: көп істесең көбірек,
аз істесең аз аласың. Жылдамдық та
керек, есепке жүйрік ширақтықты да талап етеді. Жалқау болуға болмайды. Ең
бастысы тұрақты жұмыс, сенімді кәсіпорын, үйден кіріп-шығасың. Құрылысқа
барып,жалақысын уақтылы ала алмай,
алыстан арбалап азып-тозып жүргендер де бар. Отбасымда Алланың берген 3 баламыз бар, шүкір
біреуден ілгері, біреуден кейін өмір сүріп жатырмыз. Әрине, күні бойы аяқта
тұратындықтан жұмыс ауырлау. Бірақ, бір
үйреніп, машықтанып алсаң жаман емес. Осындағы колледжді бітіріп жұмысқа келіп
жатқан жастар да аз емес дейді. Жастар
жағдай жақсы болғандықтан келеді» дейді кейіпкеріміз.
«Alageum Electric» компаниясы қажетті
инженерлік кадрларды даярлау мақсатында Кентауда Қазақ-неміс политехникалық
колледжін ашқанына да бір мүшелдей уақыт
болыпты. Бұл колледжде студенттер
дуалды жүйе бойынша оқиды, оның аясында практикалық сабақтар зауытта өтеді. 13
жыл ішінде колледж зауыттың қазіргі қызметкерлерінің көп бөлігін дайындады,
бірнеше мың адамды оқытты. 2022 жылы зауытта студенттер практикалық дағдыларды
игеретін жаңа оқу орталығы ашылды. Сол жылы студенттерді орналастыру үшін нысан
(жатақхана) пайдалануға берілді. Зауытта Жапонияның Кайдзен жүйесі кеңімен
қолданылады және де кәсіпорында «Жас лидерлер клубы» жұмыс істейді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы
мамандықтары жылы» деп жариялады. «Біз жұмысшы мамандықтарын
дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз!
Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы
керек. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты
қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт
сапасын арттырады. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі!», - деген
болатын Мемлекет басшысы өз сөзінде. Иә,
жастар білім мен өнер үйреніп, еңбекте жарқырай көрінсе сүйінерлік жайт. Еңбек
бәрін жеңбек. Қоғамдағы ең қадырлі жан – еңбек адамы.
Әтіргүл
Тәшім.
Жаңабай Ләйла
Бауырым аркашада енбегын шындала берсын.Аллам саған куш куат берсын алтынным.Абыройын аркашан арта берсын.Саган Аллам бакыт береке берсын деп тылеймын.
Жанабаева Балжан
Әтіргул ханым қаламыңыз ұштала берсін????
Жанабаева Балжан
Бауырым жұмыста беделді абыройлы бол! Аллаһым күш қуат берсін! Ғұмырлы бол????