Теріскейде экономикалық өсім жоғары

Өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің облыс тұрғындарымен кездесулері және жеке қабылдаулары одан  әрі жалғасуда. Облыс әкімінің тұрғындармен кезекті кездесуі Созақ ауданында өтті. Кездесу барысында жергілікті тұрғындардың ұсыныстары мен пікірлері тыңдалып, түйткілді мәселелерді шешу жолдары қарастырылды. 

– Шежірелі Созақ өлкесінің өнеркәсіптік әлеуеті жоғары екенін айтқым келеді. Ауданның дамуы үшін бірлесіп жұмыс атқаруымыз керек. Тұрғындарды көкейтесті мәселелерді ашық айтып, белсенді болуға шақырамын. Өткен жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында ауданға қарасты 5 елді мекенде 12 жоба іске асқан. Атап айтқанда, 25 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Шолаққорған ауылында спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде, ол биыл пайдалануға беріледі. Ал, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында осы жылы 25 маманға 9,8 млн. теңгеге бір реттік көтерме жәрдемақы берілсе, 9 маманға тұрғын үй сатып алу үшін 76,6 млн. теңге беру жоспарлануда. Созақ ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуында өсім байқалады. Ауданның жалпы өңірлік өнім көлемі 15,3 пайызға өскен. Өнеркәсіп саласы бойынша өнім 15,8 пайызға артқан. Созақ ауданында өңдеу өнеркәсібі, құрылыс салаларында оң нәтиже бар. Ауданға тартылған инвестиция көлемі өткен жылы 240,4 млрд. теңгені құрады. Шолаққорған ауылында 900 орынды «Жайлы мектеп» салынуда. Білім ошағын осы мамыр айында пайдалануға беру көзделуде. Жоба құны 6,7 млрд. теңгені құрады. Сонымен қатар, заманауи үлгідегі спорт кешенінің құрылысы биыл маусым айында аяқталып, ел игілігіне беріледі, – деген Нұралхан Көшеров мамандарға ауданның әлеуетін көтеру бойынша жұмыс жүргізуді тапсырды. 
Мәжілісте аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Созақ ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша өткен жылы атқарылған жұмыстарды баяндап, биылғы жоспарларымен бөлісті.
Кездесуден соң Нұралхан Көшеров тұрғындарды жеке қабылдап, проблемаларын тыңдады. Айтылған өтініштер бойынша тиісті жұмыстар қолға алынды.

Аяулым Медетбекова,

М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың 4-курс студенті.

Пікір қалдырыңыз