«Шәмші әлемі» зияткерлік сайысы өтті

Отырар ауданында Шәмші Қалдаяқов музей-үйінің ұйымдастыруымен «Шәмші әлемі» атты зияткерлік сайыс өтті. Іс-шара Отырар ауданының құрылғанына 90 жыл және қазақ музыка өнерінің дара тұлғасы, композитор Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 95 жыл толуына орай ұйымдастырылды.
Сайысқа Қарақоңыр ауылдық округі әкімдігіне қарасты мемлекеттік мекемелердің қызметкерлерінен құралған командалар қатысып, өз білімдері мен тапқырлықтарын үш кезең бойынша сынады. Қатысушылар «Тарихыңды білесің бе?» атты алғашқы кезеңде Отырар ауданының өткені мен тарихи деректерге негізделген сұрақтарға жауап берсе, «Ұлттық құндылықтар» атты кезең салт-дәстүр, әдет-ғұрып, рухани-мәдени мұраларды тануға арналды. Соңғы кезең Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен шығармашылығына арналды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен өнер жолын дәріптеп, ұлы композитордың музыкалық мұрасын ұрпақ санасына сіңіру, сонымен қатар туған өлкеміз – Отырар ауданының бай тарихын насихаттау болды.
Әділқазылар алқасының шешімімен үш кезең нәтижесі бойынша ең жоғары – 54 ұпай жинаған «Бес жұлдыз» тобы («Бөбек» балалар бақшасы) жеңімпаз атанып, I орынды иеленді. Абай атындағы жалпы орта мектебінің «Ақмаңдайлым» командасы 50 ұпаймен II орынды, ал, осы мектептің тағы бір тобы – «Толқын жастар» 49 ұпай жинап, III орынды қанжығаларына байлады.
Сондай-ақ, Ә.Қасымбеков атындағы шағын жинақты бастауыш мектебінің «Бірлік» тобы арнайы Алғыс хатпен марапатталды. Сайысқа қатысқан барлық командаларға ұйымдастырушылар мен демеушілер тарапынан арнайы дипломдар мен қаржылай сыйлықтар табысталды.
Серік ОЛЖАТАЕВ,
Шәмші Қалдаяқов музей-үйінің меңгерушісі.
Отырар ауданы.