Кездесуде келелі мәселелер көтерілді

Түркістанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың IV Ұлттық құрылтайдағы бағдарламалық баяндамасын талқылауға арналған «Тұғырлы ел, тұрақты даму: Ұлттық құрылтай идеялары» атты тақырыпта кездесу өтті.  Ғылым саласының қызметкерлері мен жастар бас қосқан жиынға ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев қатысты. Жиналғандар алдымен «Жаһандық жас ғалымдар» фотокөрмесін және Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ оқытушы-профессорларының еңбектері енгізілген «Өркен жайған оқу орда» атты кітап көрмесін тамашалады. 

Кездесуді облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев жүргізіп отырды. 
Алғашқы сөз Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті ректорының өкілі, профессор, доктор Наджи Генчке берілді. Ол түркі елдерінің ынтымақтастығы және симпозиумның маңыздылығы туралы айтты. Бұдан соң Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев, Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-дың доценті Гүлсара Тоққұлова,  профессор Сейдулла Садықов баяндама жасады. 
Жиынды қорытындылаған ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев жиналғандарды Мемлекет басшысының бастамасымен Түркістанға ерекше мәртебе берілуімен құттықтады. Ғылым мен білім ұштасқан оқу ордасындағы жүздесудің мақсатына тоқталып өтті. Сондай-ақ, Ұлттық құрылтайда көтерілген түйткілді мәселелерге назар аударып, заң мен тәртіп қағидаты туралы ой қозғады. 
ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев дін өкілдерімен де кездесті. Кездесу барысында Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-дың профессоры Досай Кенжетай, облыстың бас имамы Ержан Төлепов, дін мәселелерін зерттеу орталығының директоры Медет Халықов сөз сөйлеп, ұлттық тұтастықты нығайту, салт-дәстүр және ұлттық құндылықтарды дәріптеу мәселесі басты назарда екенін айтып өтті. Кездесуге қатысушылар еркін пікір алмасып, дін саласына қатысты мазмұнды ойларын ортаға салды.
Өз кезегінде Мәлік Отарбаев Ұлттық құрылтайда көтерілген түйткілді мәселелерге тоқталып, дін арқылы қоғамның ішіне іріткі салатындарға жол бермеу керектігін жеткізді. Сондай-ақ, бірлік пен ынтымақты нығайту, заң мен тәртіпке бағыну, қоғамдағы рухани тұтастықты, салт-дәстүрді сақтау, сапалы ұрпақ тәрбиелеу, қоғамдық сананы дамыту бағытындағы ойларын ортаға салды.
Бұдан кейін М.Отарбаев өңірдегі мәдениет және денсаулық сақтау салаларының өкілдерімен кездесті. Онда өңірдегі руханият, мәдениет саласына қатысты мәселелер сараланып, руханият төңірегіндегі ұсыныс-пікірлер тыңдалды. 
Жиын барысында Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы, облыстық ономастика комиссиясының мүшесі Тұрсұн Хазіретәлі ономастика саласының өзекті мәселелері мен Түркістан облыстық ономастикалық комиссиясының жұмысы туралы баяндаса, Түркістан музыкалық-драма театрының директоры Әлімхан Мырзахан театр саласындағы жаңалықтарға тоқталып, жаңа қойылымдар мен кино саласы туралы ойларын ортаға салды. 
М.Отарбаев облыстағы білім саласы қызметкерлерімен де кездесіп, онда Ұлттық құрылтай аясында елімізде іске асырылатын жоспарлар жайы сөз болды, сондай-ақ, білім саласындағы тәрбие, жұмысшы мамандар даярлауға қатысты бірқатар мәселелер айтылды.

Аружан Рахаева,

М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың 4-курс студенті.

Пікір қалдырыңыз