Назарда – өңірдің энергетикалық әлеуеті

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров «KEGOC» АҚ басқарма төрағасы Нәби Айтжановпен кездесті. Кездесу аясында өңірдің энергетикалық әлеуетін арттыруға серпін беретін маңызды жобалар мен облысты қажетті электр қуатымен қамтамасыз етуге қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Н.Айтжанов компанияның Түркістан облысында электр энергетикасын дамыту және генерациялау қуаттарын енгізу бойынша перспективалық жоспарларымен таныстырды. Компания бүгінде еліміздің оңтүстігінің энергожүйесін нығайтуға бағытталған ауқымды инвестициялық жобасын іске асыруда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен электр тапшылығын жою бағытында облыста «Жалпы қуаты 1000 МВтқа дейін генерациялаудың маневрлік режимі бар бу-газ қондырғысы (БГҚ) базасында электр стансасын салу» жобасы іске асырылуда. Қыркүйекте қуаты 185 МВт болатын алғашқы қуат беріледі. Ал, 2026 жылдың соңына қарай БГҚ толық қуатында жұмыс істейді деп күтілуде.
Облыста бұдан басқа да бірқатар маңызды ірі жобалар іске асырылуда. Атап айтқанда, 2026-2027 жылдар аралығында Кентау қаласында металлургия өндірістеріне 28 МВт және «Аңсай» барит кендеріне 12 МВт энергия қосылу үшін 220 кВ-тық «Мырғалымсай» қосалқы стансасына қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Созақ ауданында «Созақ фосфат» ЖШС-нің фосфор тыңайтқыштарын өндіру зауытына электр энергиясын қосу үшін 89 МВт, сондай-ақ, Сайрам ауданында кремний өндіру бойынша инновациялық кластер салу жобасына электр энергиясын қосу үшін 500 МВт қажет.
Бүгінде облыстың электр энергиясын тұтыну көлемі 445 МВт-ты құрайды. Оның 80%-дан астамы солтүстік көздерден «KEGOС» АҚ-ның 220 кВ желісі арқылы жеткізіледі.
Аружан РАХАЕВА,
М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың 4-курс студенті.