«Қазақстанды сырттан келіп ешкім тазалап бермейді»

Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» экологиялық фестивалінде сөз сөйледі. Президент өз сөзінде бүгінгі жиынның маңызына тоқталып, «Тазалық» фестивалі өте тағлымды іс-шара екенін айтты.
– Осыдан бір жыл бұрын бәріміз бір ел болып «Таза Қазақстан» жобасын бастадық. Мен, ең алдымен, осы жалпыұлттық бастамаға алғашқы күннен бастап белсене қатысып жатқан әр азаматқа шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Әсіресе, солардың қатарында өздеріңіз сияқты жалынды әрі дарынды жастарымыз өте көп. Сіздер еліміздің әр аймағында еңбек етіп, қоғамдық жұмысқа атсалысып жүрсіздер. Бұл – үлгі боларлық іс. Мен Мемлекет басшысы ретінде сіздерді әрдайым қолдаймын! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев еріктілердің еңбегін де ерекше атап өтті. Оның айтуынша, волонтер болу, ең алдымен, нағыз отаншыл азамат болу, яғни, патриот болу деген сөз. Сондай-ақ Мемлекет басшысы экологияны жақсартуға кәсіпорындар мен кәсіпкерлер зор үлес қосып жатқанына тоқталды. Президент «Таза Қазақстан» аясында өте ауқымды жұмыс атқарылғанын, миллиондаған тонна қоқыс жиналып, көшет егілгенін тілге тиек етті. Бұл ретте «Бүкіл қазақстандық ағаш егу күні» акциясының жақсы дәстүрге айналғанын жеткізді.
– Осы шара шеңберінде бүкіл еліміз бойынша соңғы үш күнде 4,5 миллион түпке жуық көшет егіліп, орман алқабымызды толтырды. Айналамызды жинау, ағаш отырғызу арқылы біз жайлы да таза қоршаған орта қалыптастырамыз. Барлық аула мен көшені, саябақ пен алаңқайды ұқыпты ұстау – өз қолымызда. Тазалық пен тәртіп – дұрыс өмір салтын ұстанудың басты көрінісі, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев табиғатты аялау, тазалық мәдениетін әрбір азаматтың, әсіресе, жас ұрпақтың санасына сіңіру өзекті деп санайды.
– Мысалы, қоқысты сұрыптау, су мен жарықты үнемдеу, қоғамдық орынды бүлдірмеу – аса маңызды. Бұл біздің қоғамның қалыпты қағидатына айналуы қажет. Экологиялық ағарту ісіне айрықша мән берген жөн. Мұны «Таза Қазақстан» кампаниясының негізгі бағыттарының бірі деуге болады. Уақыт өткен сайын көптеген адамдардың қоршаған ортаны аялауға, қорғауға ұмтылып жатқанын көріп отырмыз. Азаматтарымыз экологиялық талаптарды сақтап, оны саналы түрде өмір салтына айналдырып келеді. Мен жаңа ғана көрмені араладым. Онда экологияға мән берген кәсіпорындарымыздың жұмыстары қойылған. Оларға ризашылығымды білдіремін. Қоғамда жаңа экологиялық мәдениет қалыптасып жатыр. Тұтас елдің сана-сезімі өзгере бастады. Жастарымыз мұны терең түсінеді, – деді Президент.
Мұнан соң Мемлекет басшысы жастар ұсынған жобалармен танысқанын жеткізіп, әр бастамадан туған елге, табиғатқа деген қамқорлық байқалатынына назар аударды. Мысалы, Дана Есенғали мен Кәмила Қышқашбаеваның жобаларына тоқталып, бұдан қазақ жастарының жасампаз болмысы көрінетінін, ел мен жерге шынайы жанашырлығы білінетінін мәлім етті. Сонымен қатар Қазақстанның болашағы осындай санасы сергек, ойы ұшқыр жастардың қолында екенін баса айтты.
– Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Туған жерімізді ешкім сырттан келіп тазалап, көркейтіп бермейді. Отанымызды таза ұстау – әр азаматтың қастерлі парызы. Соңғы жылдары елімізде көптеген маңызды өзгеріс болды. Әділетті мемлекет болу үшін біз заң мен тәртіпке бағынатын қоғам құрып жатырмыз. Сондай-ақ ауқымды реформалар жүргізіліп жатыр. Мұның бәрі, ең алдымен, өскелең ұрпақ үшін, яғни, сіздер үшін жасалуда. Қазақ жастарының болашағы – жарқын, жолы – ашық. Мен сіздерге сенемін, зор үміт артамын! Отаншыл, білімпаз, еңбекқор болыңыздар деп тілеймін. Сонда Қазақстанымыз да Әділетті, Таза, Қауіпсіз және Өркендеген озық ел болмақ. Бәріңізге сәттілік тілеймін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Фестиваль соңында «Таза Қазақстан» акциясына белсенді қатысқан, қоғамда тазалық мәдениетін дәріптеуге ерекше атсалысқан бір топ жас марапатталды.
Пікір қалдырыңыз