Туристерді ынтық қылған мекендер

Жер шарында адамды өзіне тартып тұратын мекендер баршылық. Олардың арасында ерекше табиғатымен, қайталанбас тарихымен немесе тамаша архитектурасымен ынтықтыратын жерлер аз емес. Біз бүгін туристердің назарын аударатын осындай ерекше орындарға тоқталып өткенді жөн көріп отырмыз.

Салар-де-Уюни (Боливия)
Әлемдегі ең үлкен тұзды көл. Жаңбырлы маусымда ол көз алдыңызға дәу шарайнаны елестетеді – аспан мен жердің шекарасы жоғалып, бәрі бір кеңістікке айналып кететіндей әсер қалдырады. Туристер үшін бұл – фотосессия жасауға да таптырмас мекен.

Рейнбоу Маунтин (Перу) 
Бұл түрлі-түсті тау табиғи жолмен пайда болған. Минералдар мен геологиялық өзгерістер тауды кемпірқосақ түстеріне бояған. Тау өте биік болғандықтан ол жерге жету – шытырманға толы саяхат.

Памуккале (Түркия) 
«Мақта қамалы» деген мағына беретін Памуккале – әктас террасаларымен танымал ерекше табиғи курорт. Бұл жердің суына шомылу – біріншіден ем болса, екіншіден, саяхатшылар үшін ерекше әсер қалдырады.

Хотел-де-Глас (Швеция)  
Бұл – мұздан салынған қонақүй. Жыл сайын қайта жасалатын бұл қонақүйде қабырғалар, төсек-орындар, мүсіндер – бәрі-бәрі мұздан жасалған. Хотел-де-Глас қыстың кереметін сезінгісі келетіндер үшін ерекше орын.

Әлемде осындай тылсым әрі таңғажайып бағыттар өте көп. Олар тек көз тартатын сұлулығымен ғана емес, сонымен қатар адамның дүниетанымын кеңейтіп, ерекше әсер сыйлайтынымен де құнды.

Ғазиза ЖҰМАН,
М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың 4-курс студенті.
Пікір қалдырыңыз