Ғасыр жасаған Жәудір ана кім болған?

Ерлан Қуандық,
«Оңтүстік Қазақстан».
Тамыры тереңнен бастау алатын Түркістан – кереметке толы қала. Мұндағы бір ғана Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің өзі қайталанбас тарихи жәдігер, құнды мұра саналады. Осы кесенеде бұрын жамағатхана, қабірхана, мешіт, кітапхана, үлкен ақсарай, кіші ақсарай, асхана, құдықхана және бірнеше құжыра бөлмелері болғаны, ал, 1975 жылға дейін шығыс моншасы жұмыс істегені көпке белгілі. Археолог-ғалымдар ежелден рухани орталық саналатын Түркістанда тарихи деректерге сай, 1920 жылы 62 мешіт-медресе болғанын, оның ең ірісі – «Жәудір ана» медресе-мешіті екенін айтады.
Ортағасырлық Түркістан қаласының саяси ахуалының өзгеріп, мәдениетінің көтерілуіне мешіт-медреселердің ықпалы зор болған. ХІV ғасырда Әмір Темір бұйрығымен салынған Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің өзі қаладағы және өңірдегі діни-мәдени, рухани ахуалды жақсартып, мешіт-медреселердің көптеп салынуына түрткі болды. А.И.Добромысловтың «Города Сыр-Дарьинской области» атты еңбегіндегі деректерге сүйенсек, 1864 жылы Түркістан қаласында 20 мешіт болса, 1908 жылы мешіт саны 41-ге, ал, мектеп-медресе саны 22-ге дейін өскен. 1934-1939 жылдар аралығында Түркістандағы барлық діни орындар – орыс шіркеулері де, мешіт, медреселер де түгел жабылып, бұзылды.
2008 жылы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің археология бөлімі «Жәудір ана» мешіт-медресесінде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. Мешіт-медресенің төрт жағына да көше түскен. Ортасында трапеция пішіндес мешіт ауласы қалың да биік дуалмен қоршалған. Ол жерден табылған керамика сынықтары нысанның 14 ғасырдың соңына тиесілі екенін көрсеткен. Әрі мешіт, әрі медресе орнында ғалым-ұстаздар Құранды жатқа білетін қарилар дайындаған. Ондағы зерттеу жұмыстары 2013-2014 жылдары нәтиже берген. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің оңтүстік-батыс жақ бетінен шырақшы бөлмесін қосқанда 3 бөлмелі мешіт, 7 бөлмелі медресе орны анықталған. Алдымен сырты қоршалып, кейін онда арнайы тақтайша қойылды. Тарихи орын мемлекет қарауына алынған.
– «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне қарасты 97 киелі-рухани орын болса, олардың ішінде «Құмшық ата» жер асты мешіті мен «Жәудір ана» мешіт-медресесінің де маңызы зор. Аталған тарихи қос мешіттің арасы бір-біріне жақын орналасқан, – дейді ондағы археологтар. Аталған қорық музейдің археология бөлімі тарихи деректерге сүйене отырып, «Жәудір ана» мешіт-медресесінің XX ғасырдың 40-шы жылдарына дейін жұмыс істегенін анықтапты.
Кәдірбай Сармолдаевтың естелігіне сүйеніп жазылған зерттеуші Самарқан Байдәулетовтің еңбектерінде Жәудір ана туралы мынадай деректер бар:
«Әзберген ақынның бабаларының айтуынша, елдегі мешіт ұстайтын Әжі Ахмет әулетінен аяқ-қолы кеміс қыз туады. Сол қыз кеселінен айығып, бой жетіп, «Әжі Ахмет» мешітін ұстайды» деген өсиет сөз қалған. Тақуа көріпкелдің айтқаны айдай келіп, 1810 жылы Әжі Ахмет әулетінен аяқ-қолы кеміс қыз туған. Қыздың бабалары осы Әжі Ахмет әулетінен тарайтын Қарақағай батыр – жоңғар шапқыншылығына қарсы соғысқан Әбілхайыр ханның замандасы, кіші жүз Тайлақ батырдың туысы әрі ізбасары еді. Осы Қарақағай батырдан 9 ұл туған. Үлкен ұлы Көкен, Көкеннен Ораз, Дүзей, Қойбасар, Төлежан дүниеге келген. Ораздан соң Шоң, Жәудір өмірге келеді. Жәудірдің аяқ-қолы кеміс болып, кейін 10 жасқа толғанда түзеліп, 15 жасында атақты сұлу атанады. 18 жасында тұрмысқа шығып, қызды болады. Бірақ, аласапыран заманда жолдасынан, кейін қызынан айырылған. Осындай қайғы-қасіреттен соң Түркістанға қоныс аударған. Екі рет Меккеге барып келіп, осындағы Әжі Ахмет медресесінде сауатын ашып, емші атанып, шамамен 1840 жылы бабасының мешіт-медресесін қолға алған. Бұл кезде Жәудір апамыз 30 жаста екен. 1850 жылы Әжі Ахмет мешіт-медресесіне Жәудір ана қайта жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Осы жылдардан бастап «Әжі Ахмет» мешіт-медресесі «Жәудір ана» мешіт-медресесі, ал, мешіт маңындағы көше ел аузында «Жәудір көшесі» атала бастаған».
Түркістанға келген Жәудір ананың ғұмырының көп бөлігі осы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің маңында өткен екен. Жергілікті тұрғындар арасында «Сахибай», «Ажиакбар» деп құрметпен аталған деседі. Түркістан төңірегінде тұратын елдің жадында әлі күнге дейін «Жәудір мешіті», «Жәудір бағы», «Жәудір жолы» атаулары сақталып қалған. Әсіресе, көпшілікті көлемі елу-алпыс гектар келетін Жәудір ананың жүзімдік бауы тамсандырған.
1914 жылы Жәудір ана туған жері Қостанай өңіріне көшеді. Сонда өз қаржысымен мешіт ашады. Арада төрт жыл өткенде 108 жасқа келген апамыз дүние салады. Елдегі күрделі саяси ахуалға және сол жылдары халықтың басынан өткерген ауыртпалықтарға байланысты қайтыс болған адамның денесін (мәйітін) Түркістанға жеткізу мүмкін болмаған. Ол туған жерінде, мешіт жанында, өзі қастерлейтін қария «Әзім әулие қорымында жерленген.
1932 жылы кеңес өкіметінің пәрменімен мешіттер қиратыла бастаған тұста Түркістандағы зәулім ғимарат – «Жәудір ана» мешіт-медресесі де бұзылып кете барады. Кірпіштері май зауытының құрылысына жұмсалады. Ел аузында Түркістанның байырғы тұрғындарынан қаланың сәулетіне көрік қосқан мешіт жайлы, Құран жаттаған жүздеген қари-шәкірт тәрбиелегендігі, емшілік қасиеті туралы, жүзім бауы болғаны жайындағы естеліктер қалды. Оның ішінде білімпаздығы, көріпкелдігі, ұстаздығы, емшілігі, қажылыққа екі мәрте жаяу барып келгендігі аңыз болып айтылады. Сондай-ақ, Жәудір ана серік болған бірде-бір сапарда жолаушыларды жау алмаған, ит-құс шабуылдамаған деген таңқаларлық әңгімелер де жеткен.
Кейін мешіт-медресе жанындағы көшеге Жәудір есімі берілген. Жәудір ана туралы бұған дейінгі зерттеулерде ол кісінің қосалқы есімдері де болғаны айтылады. Оның бірі – Гауһар ана, екіншісі – Қаракөз. Гауһар ана бұлағының емдік қасиеті бар мөлдір суымен Жәудір анамыз науқастарға шипа дарытса, өзі баптап-күткен жүзім бауын Қаракөз бауы деп атаған екен. Осы баудан түскен қаржыға өзінің шәкірттеріне қарасып отырған. 1918 жылы қайтыс болып, мәйіті өзінің аманаты бойынша Орқаш елді мекеніндегі Әзім әулиенің аяқ жағына қойылған. Жәудір ана ұрпақтары басына қара мәрмәрдан құлпытас қойған. Ал, Түркістандағы бұрынғы мешіт ауласына кірер басты қақпа алдында тақтайша орнатылған.